Торғайдағы берекелі күн

Кеше Торғай халқы берекеге шомылған мерекелі күн болды. Торғай кентіндегі Оспан қожа əулие мешіті қайта жаңғыртылып, Жаркөлде елді имандылыққа ұйытар намазхана ашылды. Осынау игілікті шараның басы-қасында жүру бақыты бұйырып, туған жерге барып қайттым.

Ең алдымен Торғай мешіті туралы айта кетсек. Бұл имандылық ордасының ел тарихында орны зор. Қазақстан азаттығын жариялағаннан кейін салынған алғашқы рухани орын. Оның құрылысына сол кездегі өңір басшысы Жақан Қосабайұлы мен Ғазез Əмірханұлы сынды қайраткер тұлғалар өлшеусіз үлес қосты. Оны барша халық біледі. Мешіттің ашылуы Елбасы мен дін басшылары қатысқанының өзі оның тұтас республика үшін маңызы зор болғанын көрсетеді емес пе?!

Арада аттай 25 жыл өткенде Торғайдың төл перзенті Кəдір Жүнісұлының балалары Қасым, Алтай, Абай ағаларымыз өз қалталарынан 45 млн теңге қаражат бөліп, мешітке қайтадан күрделі жөндеу жасапты. ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бақытбек Тəжімбет, Ризабек Батталұлы, Жасұлан ұстаз, Шокан Амирханов бастаған дін өкілдері халыққа өнегелі насихат айтып, ел бір рухани серпілді.

Қалиев Айбек, Мұхтар Ниязов, Тоба Утепбаев, Рүстем Қайыртайұлы сынды от ауызды, орақ тілді ақындар керемет айтыс жасаса, Біржан Жүзбай, Айбек Сыздыков, Серик Алпысов, Қаныбек, Дархан, Гүлбахыт сынды өнерпаздары бар «Мұрагер» ұлт-аспаптары ансамблі əсерлі концерт көрсетті. Осынау шараға жүргізуші етіп мені таңдапты. Қысыла бастап, шама-шарқымша атқарып шықтым. Мұндай істе тəжірибем аз еді, салмағын жан-жүрегіммен сезіндім. Мерекеден кейін ас беріліп, соңы күрес пен ат бəйгесіне ұласты. Ат бəйгесінің бас жүлдесін Нүридден қажы тіксе, күреске Жұмақан Қасымхан ағамыз бастаған ұжым демеушілік етті. Ел азаматтары Елдос Жаншурин, Қайрат Наурызұлы сынды азаматтар меймандарға бір-бір ат мінгізді. Осы бір ұлағатты іске мұрындық болған Оспан қожа əулие мешітінің имамы Рүстем бауырымызды айтпай кетуге болмас. Азаматтарды жұмылдыра білген аудан басшысы Шота Сəбитбекұлының да еңбегі зор.


Торғайдағы той Тəуіште жалғасты. Жаркөлдегі аумағы жүз шаршы метрлік ғимаратты осы елден қарапайым азаматтардың қаражатына тұрғызылғанын айтқан абзал.

Абылай МАУДАНОВ
Фотоға түсірген — Ербол СПАБЕК

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *