Қостанайдағы қазақ драма театрының әртісі Нәзира Иман ағылшын тілінің бренд елшісі мәртебесін иеленді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Былтыр Қазақстандағы АҚШ елшілігі ағылшын тілін тереңдете үйренгісі келетіндер арасында байқау жариялады. Конкурсқа қатысушылар ағылшын тілін жақсы білуге деген ынталарын айқындайтын бейнежазбаны жүктеп, әлеуметтік желіге салуы керек болған.
«Мен конкурсқа Instagram арқылы қатыстым. Бейнежазбамды «Ютуб» желісіне жүктеп, онда неліктен ағылшын тілін жақсартқым келетінін айттым. 15 қаңтарда 500 қатысушының арасынан финалға өткенімді білдім» дейді Нәзира.
Финалға шыққан 8 жеңімпаздың əрқайсысы ағылшын тілін оқуға 3000 АҚШ долларын алып, Қазақстандағы ағылшын тілінің бренд елшісі атағына ие болды.
«Мен ағылшын тілін екінші сыныптан бастап оқыдым. 8 сыныптан бері тереңдете үйрендім. Қазір қазақ драма театрында жұмыс істеймін. Тіл білуімнің арқасында бірнеше жауапты рөлді сомдадым. Бұған қоса «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүргізуші болдым» деп қуанышымен бөлісті әртіс.
inform.kz