Қостанайда 300-ге жуық дәрігер жетіспейді

Қостанай облысының ауылдарында әмбебап дәрігерлер жетіспейді, ал қалаларда салалық мамандар тапшы. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаев айтты. Былтыр Тобыл-Торғай өңіріне 105 жас маман және 16 тәжірибелі дәрігер келген. Олардың арасында онкологтар, бала дәрігерлері, терапевт және хирургия саласының мамандары бар. Бірақ, бұл облыстағы кадр мәселесін толық шеше алмады.
«Жергілікті билік қалада жұмыс істеуге келген жас мамандарға 500 мың теңгеден, ауылдық жерлерге ат басын бұрғысы келгендерге 2,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы ұсынады. Оның сыртында, олар еңбекақысына қосымша ынталандыру компоненттеріне ие болады. Алайда, осындай мүмкіндіктерге қарамастан, медицина кадрларының жетіспеушілігі әлі сезіледі. Қалалар салалық мамандар қатарын толықтыра алмай отырса, ауылдарға бірінші кезекте терапевтілер және әмбебап дәрігерлер қажет» дейді Е.Дәуітбаев.
Басқармасының басшысының айтуынша, дәрігерлер тапшылығын жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жас мамандарды тарту мақсатында Батыс Қазақстанның медициналық университетімен келісім жасалған. Бұған қоса мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Рудный және Затобол кентінде 250 орынға шақталған емхана салу жоспарланған.
«Біз жергілікті бюджет есебінен 100 дәрігерді салалық мамандықтар бойынша оқыта аламыз. Мұнан соң олар Қостанай аймақтарында бес жыл жұмыс істейді. Біз қазір резиденттерге 80 грант бөлеміз және дәрігер мамандығын таңдаған жастарға тағы 20 грант үлестіріледі. Олардың университеттегі оқуларының ақысын төлейміз» деді басқарма басшысы.
Басқарма ақпаратына сүйенсек, облыста барлығы 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Соның кесірінен туберкулез, ана мен бала өлімі, қан айналу жүйесі, қатерлі ісік аурулар бойынша Қостанай облысы тәуір көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *