Қостанайда көктемгі тасқын кезінде 97 елді мекенді су шайып кетуі ықтимал деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов айтқандай, облыста тасқынға қарсы тосқауыл жұмыстарының жоспары жасалып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.
«Былтыр Қостанай облысында 58 елді мекен су басу қаупі бар аймақтар санатына кірсе, биыл бұл көрсеткіш 97-ге жетті. Аталған аумақтарды қатаң бақылауға алдық. Жалпы, 40 елді мекенді қар суы шайып кетуі ықтимал. Ал қалған 57 ауылға өзен-көлдердің тасуы әсер етеді деп болжанды. Қауіпті мекендерде 8000-нан астам тұрғын тіркелген» деді Талғат Кәкімов.
Қазір құтқарушылар қалалық әкімдіктің қызметкерлерімен бірлесе отырып, үйлерді жағалап, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар төтенше оқиғалардың алдын алу шаралары пысықталуда. Бұған облыстық бюджеттен 452 млн теңге бөлінді.
«Төтенше жағдай бола қалған жағдайда, бірінші кезекте құтқарылатын адамдардың тізімін жасап жатырмыз. Бүгінде біздің қызметкерлер 15 ауылға барып, 97 аяғы ауыр әйелді есепке алды. Сондай-ақ арнайы тізімде 30 бала бар. Наурыз айының басына дейін барлық елді мекенді аралап шығамыз» деп түсіндірді департамент басшысы.
Айта кету керек, су тасқыны кезінде үй жануарлары қауіпсіз аймаққа көшіріледі. Департамент дерегіне сүйенсек, өңірде жануарларды эвакуациялайтын 152 орын дайын тұр.
«4-5 наурызда Қостанайда республикалық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Қызметкерлер мен жұрттың дайындығы сол кезде тағы бір пысықталатын болады» дейді Талғат Кәкімов.
inform.kz