Nur Otan партиясының өкілдерін шошытты
Аты-жөнінің орнына нөмір, бірнеше күн бойы өз құсығына ұйықтап жатқан балалар… Мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қамқорынсыз қалған бүлдіршіндер үйін тексерген комиссия жаға ұстап отыр деп хабарлады Астана телеарнасы.
«А вы гулять выводите?» — деген сұраққа «Нет. Эти дети не гуляют», деп жауап берді мекеме қызметкерлері. Ал «Почему?»деген сауалға бұл мекеменің бір де бір маманы мардымды жауап қайтармады.
«Ұзақ қозғалыссыз жатып қалған бір мүгедек баланың терісі ойылып қалған. Біздің көзімізше бүлдіршіндерді олар аты-жөнімен емес, нөмірмен атап жүрді. Бұл сұмдықтың барлығы балаларға деген қарым-қатынастың жауыз түрі. Олар өздерін қорғай алмайды, кей баланың психологиялық ауытқуы бар», — деді Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.
Елде денсаулығында ақауы бар 4 жасқа дейінгі бөбектердің 1,5 мыңнан астамы жыл сайын Жетімдер үйіне жіберіледі. Рудныйдағы мұндай мекемеде мүгедек балаларға арнайы күтім түгілі, оларды оңалтумен айналысатын мамандар жоқ. Мүлде болмаған да.
«Мүгедек баланы оңалтумен айналысатын дәрігер мәселесі шешімін таппай келеді. Арнайы топтарда әртүрлі диагноздармен, жүйке жүйесінің нашарлауымен жатқан балақайлар көп. Оларға арнайы ем-дом керек. Оны жасайтын маман қажет. Балалардың 30%-ына шұғыл түрде әртүрлі деңгейде ем қажет. Мұның барлығын біле тұра мекеменің басшылары еш әрекетсіз отырады», — деп атап өтті Динара Зәкиева.
Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқықтарын қорғау кеңесі былығы ашылған мекемелер жұмысын назарда ұстамақ.
Ал Рудныйда азап көріп келген балалар енді Қостанай қаласына ауыстырылатын болды. Ол үшін облыс әкімдігі арнайы ғимарат бөлуді тапсырды.