Арқалық қаласындағы қыз зорлау оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда, оқиға куәгерлерінің ата-аналары жәбір көрген қызға қарсы шағым түсірмек деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс материалдарына сүйенсек, Арқалық қаласы Екідің ауылының 22 жастағы тұрғыны өзін 14 адамның зорлағанын айтып, белгілі адвокат Айман Омароваға хат жазған. Жәбірленуші өзіне зәбір көрсеткендердің барлығы да бостандықта жүргенін айтып, заңгерден көмек сұраған. Бұл факт бойынша қостанайлық полицейлер сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізді. Бүгін осы іске қатысты күдікке ілінген 13 адамның ата-аналары облыстық Полиция департаменті ғимаратына келген. Мақсаты – қылмыстық істі тоқтатып, арызданушы тарапқа қарсы шағым беру.
Ата-аналардың бірі Несіп Жүсіпованың айтуынша, тергеу барысында бірқатар іс-шара жүргізілген, соның ішінде барлық күдіктілерге қатысты сот-генетикалық сараптама жасалды. Дегенмен, сараптама күдіктілерге қатысты теріс нәтиже көрсеткен.
«Ұлым Н. биыл Арқалық педагогикалық колледжін бітірді. Әскерге аттануы керек еді. Бірақ мына жағдайдың кесірінен қалып қойып отыр. Осы істің соңында жүргенімізге бір жыл, сегіз ай болды. Арқалықтың ар жағынан 200 шақырым жерден өз қаражатымызбен келеміз. Баламызға қара күйе жағылды деп есептеймін. Сараптама жүргізіп, полиция сауалдарына жауап беру үшін Қостанайда бірнеше күн пәтер жалдап тұруға мәжбүр боламыз. Арқалықтан да, Қостанайдан да ДНҚ сараптама алынды, ол теріске шықты. Қызбен де беттестірді. Қорғаушы Айман Омарова да келіп, қыздың жанында болды. Қыздың не деп жауап бергенін көрді. Қайтадан ДНҚ сараптама жасатып, жауап алып жатыр. Балаларымыз не жұмысын істей алмайды, не әскеріне бара алмайды. ДНҚ сараптамасын қайта-қайта тапсырта беруге біз де қарсымыз. Бүгін осы 13 баланың ата-анасы келіп отырмыз. Түн ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдық», — деп мұңын шақты Несіп Жүсіпова. Бастапқыда күдікке ілінген 13 адамның қорғаушысы Бектас Әміров сараптамалар теріске шықса, істі тоқтату қажет деп санайды.
«2018 жылдың 15 сәуірінде Екідің ауылының фельдшері қызды қарау кезінде аяғы ауыр екенін байқаған. Сол уақытта жүктілік 28 апта болған. Қыздың анасы Арқалық ІІБ-не барып, күдікті адамдар бар деп арыз жазады. Мен бастапқыдағы 14 күдіктінің 13-нің қорғаушысымын. ДНҚ сараптамасы теріске шыққан соң олар оқиға куәгері ретінде танылып отыр. Осы айдың аяғы немесе келесі айдың басында тағы бір сараптама қорытындысы келеді. Заң бойынша сараптама қорытындысы теріске шықса, іс тоқтатылады. Өзім қорғап жүрген азаматтарға Бас Прокуратураға, ІІМ-не жәбірленуші тарапқа қарсы жала жапқаны үшін ҚР ҚК 129-бабына сүйеніп, шағым жазыңдар деп отырмын. Расымен де, жігіттерді жазықсыз, текке қудалады», — дейді қорғаушы.
Бұл дерек бойынша Қостанай облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Арыстанов мәлімдеме жасады.
«Осы факті бойынша әуелі төрт қылмыстық іс қозғалды. Үшеуі – кісі зорлығы, қалғаны – адам ұрлау дерегі. Кейін бұлар бір іске біріктірілді. Барлық күдіктіден жауап алынды. 22 жастағы жәбірленушімен кездесу өткізілді. Барлық тарап қылмыс жасалған кездегі дәлелдерін растады. Қазіргі уақытта бұл қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің заңдылығын тексеру үшін облыстық прокуратура жұмыс істеп жатыр. Күдіктілерді ұстауға заңды негіз жоқ» — дейді Нұрлан Арыстанов.
Бұған дейін Арқалық қаласында болған қыз зорлау оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары қайта қолға алынғанын хабарлаған болатынбыз.
«6 қыркүйек күні Қостанай облыстық прокуратурасында 22 жасар қызды 14 адам зорлады деген факті бойынша тергеу-тексеру ісі қайта қолға алынды. Полиция департаментіне тиісті тергеу жұмыстарын жүргізу жүктелді. Қылмыстық іс облыстық прокуратураның жіті назарында» делінген Бас Прокуратура таратқан хабарламада.