Танымал журналист, жазушы, қоғам қайраткері, Әбілфайыз Ыдырысов 89 жасында дүниеден өтті. Әбілфайыз Ыдырысов 1930 жылы 23 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Егіндісай ауылында туған. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты. Өзінің еңбек жолын «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетінің редакциясында әдеби қызметкер ретінде бастап, бас редактор қызметіне дейін көтерілген.
Сондай-ақ радиода, республикалық басылымдарда тынымсыз еңбек етті. Өзінің шығармашылық еңбек жолында 800-ден астам публицистикалық мақала, очерктер, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу», тағы басқа да пәндер бойынша әдістемелік құралдар дайындады.
Әбілфайыз Ыдырысов деректі «Таңшолпан» романының авторы ретінде де танымал тұлға. Әбілфайыз Ыдырысов — Қазақстанның Ұлыбританиядағы, Исландиядағы және Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың әкесі.