
1-сурет. Көпжасар Қапанұлы Алдабергенов
Көпжасар Қапанұлы Алдабергеновты Тобыл-Торғай өңірінде білмейтін адам жоқ. Дегенмен, оның өмір жолы, жеткен жетістігі, шыққан биігі кімге болса да үлгі боларлық. Сондықтан, Көпжасар Қапанұлы туралы баяндауды өзіме парыз санадым. Және оған себеп болған мына жайттар еді. Жақында Рудный қаласына жол түскен еді, жергілікті музейді аралап жүріп, Көпжасар Қапанұлы Алдабергенов деген кісінің аты-жөнін көріп таң қалдым. Өйткені, біріншіден Социалистік Еңбек ері екен. Екіншіден, Кеңес заманындағы 4 проценті құраған аз ғана өз жұртымыздан шыққан елеулі азаматтардың бірі болды. Үшінші, тегі бұрынғы әріптесімнің тегімен ұқсас екен. Қызық көрінді, хабарласып біліп еді. Зейнегүл Мұқашқызының атасы болып шықты.
2-сурет. Қостанай облысының Рудный қаласындағы Көпжасар Қапанұлы Алдабергеновтың құрметіне жасалған мурал
Сонымен, Көпжасар Қапанұлы Алдабергенов туралы баяндасам. Көпжасар аға 1937 жылы Қостанай облысының Введен ауданындағы (оның аумағының көп бөлігі кейін Меңдіқара ауданына берілді) Шөптікөл ауылында дүниеге келеді. Меңдіғара жерінде Ақжар, Балықты, Қарақоға, Қызылту, Қосарал, Теңіз, Тобыл, Аяқ-Молдыбай, Қарамай, Шөптікөл, Өтей, Алакөл, Шиелі, Көктерек, Ақсирақ, Алқау, Басағаш, Төлеген, Құмтөбе, Ақсуат, Жосалы, Ұзынағаш, Байғожа, Жапалақ, Жарқайың, Қаражар, Құлшықай, Төлеңгіт, Қасқаат, Ораз, Раскөл, Талапкер, Қамысты деген ауылдар іркес-тіркес, жапатармағай отырар еді. Бұл дәл шекара түбінде отырған қалың қазақ ауылдары еді, әуелі қарашекпенділер қаптады, кейін «тың және тыңайған жерлерді игеру» деген желеумен өлкемізге түрен түсті де, іргеміз ажырап, қазақ жеріне алты аласы, бес бересі жоқ Буденновка, Красная Пресня, Харьковское, Ивановка, Степановка, Архиповкалардың қаптаған заманы болды…
Бұл кезең қазақ халқының басынан өтіп жатқан ауыр да азапты кезеңдердің бірі еді. Зиялыларымыз «халық жауы» деп атылып, жер аударылып жатқан заман болатын. Көпжасар Қапанұлының өмір кезеңі осындай сәттерге сай келді, балалық шағы қиыншылықпен өтті. Тоя тамақ ішпеді, бірақ, жалаңаяқ балалар үшін ауылдың өмірінен артық ештеңе жоқ еді. Енді ғана есейіп жиып келе жатқан баланың есінде қалғаны елдің: «Соғыс, соғыс басталды» деп дүрліккені. Бала жүрегі бір пәлені сезеді, сол соғыс балаларды ерте есейтті.
Көпжасар Қапанұлының ата-анасы қарапайым ауыл адамдары болатұғын, бірақ, бір ірілік, тектілік сезіліп тұратын. Ол олардың өскен ортасы, алған білімі, көрген тәрбесі еді. Әдетте, Меңдіқара туралы айтқанда біздің есімізге әуелі Тобыл-Торғай өңірінің талай зиялылары білім алған Меңдіқара педагогикалық училищесі еске түседі, бұл оқу ордасы білімінің мықтылығы сондай институтқа парапар еді. Және Ыбырай Алтынсариннің көзін көрген, алғашқы қазақ романының бірі – «Қалың малдың» авторы Спандияр Көбеев сияқты ағартушылар білім нәрін берген еді. Айтқандай, әкем – Қорған Әмірхамзаұлы мен оның досы Сейітбек Нұрханов та осы Меңдіқара педагогикалық училищесінде оқығантұғын.

3-сурет. Көпжасар Қапанұлы Алдабергеновтің Әскери-теңіз флотындағы әскери қызметі кезі
Сөйтіп, Меңдіқара педагогикалық училищесіне түскен Көпжасар Қапанұлыны аталған оқу орнын 1955 жылы тәмамдайды. Оқуын біздің Қостанай облысымен шектесетін, РФ өнеркәсіпті ірі қаласы – Магнитогорскіде одан әрі жалғастырып, 1956-1960 жылдары КСРО Әскери-теңіз флотында әскери қызметін атқарады. Әскерден босаған соң атағы дүркіреп шығып келе жатқан Сарыбай жеріндегі Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатында электрослесарь болып жұмысын бастайды, жұмыс істей жүріп, электрослесарь бригадасы мен экскаватор машинистер көмекшілері курсын тәмамдайды, сөйтіп еңбек пен білімді ұштайды. 1963 жылы электрослесарьлар бригадирі, 1965 жылы экскаватордың көмекшісі, одан кейін экскаватор машинисті болып жұмыс істейді.
Еліне елеулі, халқына қалаулы, ұжымда сыйлы болды. 1975 жылдан бастап Көпжасар Қапанұлы экскаватор машинистерінің бригадасын басқарады, оның басшылығымен ұжымы Х және ХI бесжылдықтар бойы жоғары өндірістік жетікстіктерге жетеді. 1981 жылы оның бригадасы бес жылдықта 4-4,5 жылда аяқтайық деп ұран тастап, жоспарды мерзімінен бұрын орындайды. № 159 ЭКГ-ВИ экскаваторын басқарған сарыбайлық бригада тұтастай алғанда кен басқармасындағы ең үздігі болды.

4-сурет. Еңбегінің жемісін көрген Көпжасар Қапанұлы Алдабергенов
Көпжасар Қапанұлынының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды, Қостанай облыстық партия комитетінің мүшесі, Халық депуттары Рудный қалалық кеңесінің депутаты, Еңбек Құрметі орденінің үш мәрте иесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген кеншісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері. Әрине, Көпжасар Қапанұлыны өмір жолында кездескен ұстаздарын ұмытпақ емес. Бригадирі Николай Дерепа мен машинист Виктор Исаковтың еңегі зор. Ведышев – Нұржанов – Житеневтан тұратын өз экипажын да ұмытпайды. Ал, отбасындағы сыйластық, құрмет бірінші орында тұрар еді. Әйелі Ақсұлу Жартекеқызымен 1962 жылы шаңырақ көтеріп, Ақсұлу мен Көпжасап үш баланы дүниеге әкелді.
Отбасында балаларын тәрбиелеп, он шақты немере, олардан туған шөберелердің қызығын көріп, зейнеткерлікке шыққан соң Қостанай қаласына көшіп келеді. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстарға араласты, 2017 жылы 80 жасында қайтыс болды.

5-сурет. Қостанай іргесі Қонайдағы Көпжасар Қапанұлы Алдабергеновтің бейіті
Көпжасар Қапанұлынының тағдыры қиын да қызықты уақытқа сай келді, дегенмен, ол өз заманының нағыз еңбек ері еді.
Фотолар отбасы мұрағатынан алынды.
Материал авторы – Амандық Әмірхамзин
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz