Шынар Серкебайқызы туралы

Шынар әжем (яғни, әкем Қорғанның анасы) туралы көп біле бермеймін, көзін де көрген жоқпын, тек әкем Қорғанның бір-екі естілігінен есімде бар. Сондықтан, әкем естеліктерін толықтыра отырып, үзінді бере кетсем.
Бірінші естелігі.
«Мен аштық жылдары бес-алты жасар баламын. Бiздiң әкелерiмiз бес ағайынды болыпты. Олардың үлкенi Қожайт, Смағұл, Әмiрхамза, Әмiрәлi, Сәду. Одан басқа екi қыз болды. Осылардан 31-32 жылдардың аштығынан тiрi қалғаны Смағұлдан Сейдағалиы, ал Әмiрхамзадан мен едiм. Қожайт атамыз ертерек үйленiп қонысы да өрiсi де бөлектеу болыпты. 1932 жылдың аштығында бiздiң ата-қонысымыз Аққұм деген жерде ер жетiп үйленген Әубәкiр-Ахмет деген екi баласымен аштықтың құрбаны болды. 1932 жылдың алапат аштығы біздің әулетке өте қатты тиді. Ал Әмірәлі ағам аштықта тастап кеткен әйелі мен екі баланың аянышты өлімі қосылып, ауырмай-ақ 1933 жылдың жазында қайтыс болды.
Менiң әкем Әмiрхамза өзiнен кiшi Әмiрәлi, Сәду деген iнiлерiмен бiрге қазiргi Көкалат ауылынан 10-15 шақырым жерде, Қарабидайық деген поселкеде әкемнiң қайындары Молдағали, Батырғали дегендермен, олардың екi баласы әйелдерiмен, бiз бiр үйде, менен үлкен апам Зағила мен өзiм және екi шешемiз, тетелес iнiсi Әмiрәлi әйелiмен және екi баласымен, үйленбеген Сәду деген ағам – барлығы 16 адам бiр жерде әкемнiң қарамағында болды. Олардың жағдайын жасаймын деп Әмірхамза тыным таппайтын. Әкем ақыры аштықтан қайтыс болды. Сонда ол кісі (Әмірхамза шоқша сақалды кісі еді) қырық бесте ғана екен. Шешем Шынар әрқашан Әмірхамзаның қасынан табылатын.
Жоғарыда айтқан өзiнiң туыстары мен қайын жұрттарын асырайын деп талай рет абақтыға жабылған кездерi де болды. Ол кезде аштықтан аман қалу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн. Жаңа өзiм айтып өткендей, Қарабидайық поселкесiнен қашықтау бiр шақырым жерге өте биiк етiп саманнан мал қора салынды. Қораның жанына мылтықпен қаруланған күзетшiлер тұрды. Әкем пысықтау, өжет деген 4-5 жiгiттi жанына ертiп, колхоздың күндiз далаға бағып, түнде қораға қамап аузын құлыппенен бекiтетiн биiк қорасының құлпын бұзып, мал алып шығып, оны сол жерде бауыздап, жiлiктеп бөлiп үйге әкелетiн. Бiз – балалар аузын ашқан балапандай, “әкемiз қашан келедi?” деп түнiмен ұйықтамай қарап отыратынбыз. Күн көрiсiмiз қолға тиген ұрлықтың етi ғана болатын. Бидай-тары дегендi бiлмейтiнбiз. Шешелерiмiз әкемiздiң әкелген етiн таң атқанша пiсiрiп, күн шыққанша еттiң сүйегiн Қабырға өзенiне ағызып жiберетiнбiз. Келесi күнi ауылсовет орталығы Көкалат деген жерден ауданның уәкiлi мен ауыл белсендiлерi келiп, әрбiр үйдi тiнтiп, қалған-құтқан сүйектердi тауып алып осы сезiктi-ау деген әкемнiң серiктерiн жаяу айдап 15 шақырым жердегi ауылсоветтiң кеңсесiне алып келiп қамайтын. Бiз балалар, айдап бара жатқан әкемiздiң соңынан жүгiрiп, «әке-әке» деп әкемiзге жүгiретiнбiз. Айдап бара жатқан белсендiлер бiздердi қамшымен бiр-бiр тартып жiбергенде ғана кейiн қашатынбыз.».
Екінші естелігі.
«1932 жылдың қанды-қырғын аштығы ел талғамай тамақтан өткеннің бәрін қылғытып, аман қалудың қамын жасауда. Аш-жалаңаш адамдар әлсіреп, қадам басып жүрудің өзі мұң болып қалған. Кішкентай мен қатарлы балалар өзі аш, өзі әлжуаз, аналарының етегіне жармасып тамақ сұрап жылағандары әлі күнге көз алдымда. Аштықтан бұратылып қалжыраған, бір-екі әйелдің етегіне жармасқан балаларын «осы сен-ақ сор болдың ғой» — деп сирағынан ұстап, шырқыратын жылатып, Қабырға өзеніне лақтырғанын өз көзіммен көргенім бар. Соны көріп, есі жаңа кіріп келе жатқан мен не анамның қасына барарымды, не кейін қашарымды білмей мәңгіріп тұрып қалатынмын. Анам мені құшақтап, бірде кеудесіне қысып, бірде арқасына салып, көлегейлеп, жоғарыдағы көріністерді көрсетпеуге тырысып, кейін қарай кететін. Сөйткен анам осындай алапат аштыққа көнді, шыдады. Өз аузынан жырып, алдымен мені тамақтандыруға тырысатын. Сөйтіп, мен шешемнің аналық мейірім-махаббатының арқасында аштық деген нәубеттен аман қалдым.».
Үшінші естелігі.
«1934 жылдың күз айы болатын. Жеті жасқа келіп, есімді әбден танып қалған кезім. Ел кешегі алапат аштықты ұмытқандай болып, есімізді енді ғана жиып жатқан уақыт болса керек. Мен, Нұрханов Сейітбек, оның менен үш жасар інісі Әбілбек бар, астымызға талдан тай мініп, киіз үйді айнала бір-бірімізді қуалап жүрміз. Қамсыз, уайымсыз, қайран, балалық шақ. Бір мезет бір-біріміздің соңымыздан қуып жүрген Әбілбек екеуміз, қайсымыздың кері бағытқа түскеніміз есімде жоқ, әйтеуір, жүгіріп келіп соқтығысып қалдық. Бойы ұзындау менің күрек тісім Әбілбектің маңдайына дөп тисе керек. Төрт жасар бала шар етіп, жылай жөнелді. Маңдайынан қан бұрқырап, бетін жуып кеткен. Біреулер сумен бетін шайып, енді біреулер құрым киіз күйдіріп басып, әлек болып жатыр. Өзімді кінәлі сезініп, бір бұрышта состиып мен тұрмын. Әбілбектің шешесі Жұмагүл апай ләм-мим деп аузын ашып, мені кінәлап, ұрсып, айқайлаған жоқ. Тек анам «Қорғанжан-ай» деп екі рет қайталады. Сол сөздің ауырлығын ақылым кіріп, жігіт болғанда ғана бағамдап түсінгендеймін. Маған ол ұрып, айғайлағаннан да қатты әсер етті».
Төртінші естелігі:
«Менің туған нағашым Серкебайдың Батырғалиы Екінші дүниежүзілік соғыста қолынан жаралы болып, осыдан бір жыл бұрын елге келген. Нағашымның екі баласы, өзі, мен және шешем – бір үйде бес жанбыз. Анам марқұм соғыс біткен жылы, 1945 жылдың қараша айының бесі күні елді жаппай жайлаған сүзек ауруынан қайтыс болды. Нағашымда әйел жоқ, ертеректе өлген, шешем өлгеннен кейін екі баласымен олар бөлек кетті.
Мен әкемнің (Әмірхамзаның) бірге туған ағасы Смағұл деген деген кісінің үйіне шықтым».
Пы.Сы.
Сонымен, Аянбай ұрпағы ішіндегі Смағұл мен Әмірхамза екеуі де Дәулетбикеден (ру аты) қыз алған, ал енді Әмірхамза қайтыс боларының (ашаршылық зұлматына байланысты құрқұлақ ауруына шалдығады, оның емі жуа екен) алдында өзінің Дәулетбике руындағы Оймауыт Дауылбаев, Төлекенің Әлиі, Айса Нұрманов, Бәйтен, ағайынды Байбатыр және Ербатыр деген достарының ішіндегі жан аямас достары – соңғы аты аталған кісілерге жалғыз ұлы Қорғанды аманаттап кеткен екен.
Бір үйде Ербатыр мен Байбатырдан өзге Бөкен, олардың бала-шағалары, әкем Қорған, оның шешесі (менің әжем) Шынар бар, топты бала-шағамен бір қора адам екен. Елдің арасына аштық дендеп кірген кез болса керек. Ал, қолдарында бары тек бір сиыр. Шынар әжеміз бір сиырды сауып, төрт отбасыға теңдей бөліп, нағашыларымыздың арқасында қаншама адамды асырап шықты десеңізші?!
Тоғыз ай, бір жыл көлемінде бір үйлі жан қара сиырдың сүтіне су қосып, оған аздаған жарма илеп баламықтап шыққан екен.
Сөйтіп, нағашылары бір жыл аштық зұлматынан алып қалыпты. Ағайынның арасындағы бауырмалдық, достық осындай болса керек. Әрі сөзге тоқтайтын заман ғой.
Әжеміз Шынардың рухына бағыштаймын!
Суретте: Торғай жеріндегі Қабырға өзені, фотоға түсірген және материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Өнегелі өмір

  1-сурет. Көпжасар Қапанұлы Алдабергенов   Көпжасар Қапанұлы Алдабергеновты Тобыл-Торғай өңірінде білмейтін адам жоқ. Дегенмен, ...