Белгілі журналист Дәуренбек Әбдібек мемлекеттік тілді білмейтін әкімдік қызметкерлеріне ашуланды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі пост авторына сілтеме жасап.
Қостанай қаласы әкімдігінің жауапты органдарынан қазақ тілінде ақпарат ала алмай қиналған әріптесіміз Фейсбуктегі парақшасында пост жазды.
«Жұмыс барысында ақпарат алмақ болып Қостанайдың қай жауапты орындарына қоңырау шалсаң да, көбіне орыс тілінде жауап естисің. Қазақ тілінде сөйлесетіндер өте аз. Сұқбат беретін адам мүлде… Дефицит! Кейде бір мекемеден мемлекеттік тілде сұқбат беретін бір адам табылмайды! Міне, бүгін ғана қалалық әкімдікке хабарласып, «мұрным бет болды!». Ар жақтағы қыз қазақшаны мүлде қақпайтынын айтып, ойымды орысша жеткізуімді «өтінді» деп жазды автор.
Дәуренбек Әбдібектің жазуынша, мемлекеттік тілде сөйлемесе де, ең құрығанда дым түсінбейтініне қысылмаған маман қайта жазба авторына «бірдеңе» «түсіндіргісі» келген көрінеді.
«Тері-терсек, темірдің сынығын өткізетін жер емес! Қалалық әкімдік! Облыс орталығы!
Қазақша сайрап кетпесеңдер де, сананы өзгертетін кез жетті ғой. Тым құрығанда бетбақтанбай, білмегендеріңе аздап қысылсаңдар етті…» деп жазды ашынған журналист.
Тобыл-Торғай-ақпарат