Қостанайда шетелдік инвесторларға арналған фронт-кеңсе ашылады

Жыл басынан бері Қостанай облысына 226,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Сапарбековтің сөзінше, биыл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін табысты жыл болды. Барлық салада ілгерушілік байқалады. 2019 жылдың 10 айында өнеркәсіп секторындағы көрсеткіш 3,9 пайызға өскен. Тау-кен өндірісіндегі кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ тартылған инвестициялар мен экспортталған өнімдер көрсеткіші де көңілге қонымды. Тағы бір айта кетерлігі, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «Тобыл» ӘКК АҚ-мен бірлесіп «бір терезе» қағидатымен инвесторларды сүйемелдеу үшін өңірлік фронт-кеңсе құрады. Фронт-кеңсе Қостанай қаласының индустриялық аймағының әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимаратында жұмыс істейді. Фронт-кеңсе базасында инвестиция тартуға қатысатын мемлекеттік мекемелер мен облыстық құрылым өкілдерін орналастыру жоспарлануда.

«Жыл басынан бері аймағымызға 226,4 млрд теңге инвестиция тартылған. 2016 жылы негізгі капиталға келген инвестиция көлемі 178,5 млрд теңге, 2017 жылы 202 млрд-тан астам теңге, 2018 жылы 249 млрд теңге болды. Жалпы индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде облыста 2010 жылдан бері 91 ауқымды жоба жүзеге асты. 6 мыңнан артық жұмыс орны ашылды. Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптің нәтижелері жақсы. Негізгі капиталға тартылған инвестициялық қаржының арқасында Қостанай қаласында Индустриялық аймақ бой көтерді. Онда қазір 400 млрд теңгенің 15 жобасы іске асуда. «Беларус» және «Кировец» тракторлары құрастырыла бастады. Ауыл шаруашылығы саласында шетелдік әріптестермен бірлесіп қолға алған «Bio Grain» зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдейтін болады» деп мәлім етті басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Инвестиция тарту – салық түсімін арттыру және халық тұрмысын түзеуге бағытталған қадамдардың бірі. Алдағы 5 жылда Қостанайда 2,3 трлн теңгені құрайтын 40-тан астам жоба жүзеге аспақ.

Архимед Мұхамбетов әлсіз инвестиция облыстың негізгі көрсеткіштеріне теріс әсер ететінін айтты. Сол себепті аудан-қала әкімдері өңірге инвесторларды тарту бойынша кешенді шаралар атқарады.

«Шетелдік кәсіпкерлер Қостанай облысының экономикалық ахуалын жоғары бағалайды. Әріптестік байланысты нығайтуға қашанда мүдделі. Инвестициялық жобалардың іске асырылуы айрықша бақылауымызда. 2019 жылы көлік құрастыру саласы үшін маңызды жобалар іске асырылды. Автокөлік шығаратын Қытайдың алпауыт компаниялары «Сарыарқа автоөндіріс» серіктестігімен тиімді әріптестік байланыс орнатты. Осы қарқыннан түспеуіміз қажет. Шетелдік инвесторларды тарту жұмысы жалғаса береді» деп түйіндеді облыс басшысы.

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *