Батырдың сырттаны — Шақшақ Жәнібек

Картинки по запросу шақшақ жәнібек

Шақшақ Жәнібек — ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тарихында көрнекті қызмет атқарған тұлға. Оның жаужүрек батырлығын, рубасы би ретіндегі басшылығын, ел тағдыры мен мемлекет мүддесін қорғаған дипломатиялық қызметін қазақ жұртының тыныс-тіршілігіне ерекше екпін қосқан елшілдік қызмет болды деп айтуға толық негіз бар. Даланың ауызша тарихы Шақшақ Жәнібектің ерлік істері Әз-Тәуке ханның билігі тұсынан басталған деп аңыздайды. Бұл тұста Жоңғар империясының әскери-феодалдық мемлекет ретінде кемеліне келіп, толысып, шарықтаған, қазақ даласына шығыстан жиі шабуыл жасап тұрған кезеңі еді. Бұған қоса, Ресей патшасының қамқорына ие болған Еділ қалмақтары, Орал тауларындағы башқұрттар күшейіп, қазақтарға екінші бір бүйірден-батыстан қысым жасай бастайды. Сол бір қысылтяң уақытта 1710 жылы Қарақұмда (Қаракесек руының жайлаған жері болғандықтан, «Қаракесек құрылтайы» деп те аталады) Табын Бөгенбай бастаған қазақ батырларының белсенділігімен өткізілген қазақтардың құрылтайында хан-сұлтандар, би-батырлар, жоңғарға қарсы қасық қаны қалғанша тізе қосып шайқасу туралы ант ішеді: жиылған жұрт сұлтан Әбілқайырды хан етіп, Табын Бөкенбайды бас сардар сайлайды [Гавердовский Я.П. Обозрение Киргиз-касацкой степи.//РО ИРИ РАН. Кол.115. №495, дл.52-52 об ]. Осылайша, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» қазақ қосындары жауға қарсы ірі шайқастар жүргізеді.

«Қарақұм (Қаракесек) құрылтайы» тарихи оқиғасының басты тұлғалары Әбілқайыр мен Табын Бөкенбай батырдың, Қаракесек руының биі Қаздауысты Қазыбектің кейінгі оқиғалар тұсында да Шақшақ Жәнібекпен аса сыйлас, бір-бірін қолдаған саяси серік болғанын қаперге ала отырып, батырдың алғаш көзге түсуі де сол бір кезеңдерде орын алған деп санауға болады.

Әуелгі шыққан соғысы,

Он жеті жаста шеп бұзып,

«Ақжолдап» салды ұранды,- деген жыр жолдары осы бір тарихи оқиғаны меңзесе керек.

1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты тіркесіп ел жадында сақталған қасіретті тарихи оқиғағадан кейін есеңгіреп қалған қазақ қолына тағы да Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланып, 1727 жылы Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзенінің маңында, одан кейін 1729 жылы Балқаш көлінің маңындағы атақты Аңырақай соғысындағы даңқты жеңістерге қол жеткізеді. Сол жорықтарға, ел тағдыры шешілген қанды майданға Жәнібек батырдың қатысқаны, ерлік пен қаһармандық танытқаны анық.

Аңырақай жеңісінен кейін шығыстағы жоңғарларды қазақ жерінен ығыстыруға көп күш салған, қазақ батырларын маңайына жинап, дарынды қолбасшылық мінез бен барырлық танытқан Әбілқайыр өзіне үлкен хандықтың билігі бұйырады деп үміттенеді. Бірақ оның үміті ақталмайды. Бұған Әбілқайыр хан өкпелеп, өз билігіне қарасты руларды және өзін қолдайтын батырларымен бірге қазақ даласының батыс өңіріне қарай жылжиды. Мұнда ол Еділ қалмақтары мен казактарды, башқұрттарды Еділ-Жайық, Жем-Ырғыз бойынан алыстата ығыстыра бастайды. Ол Ресей империясынан қазақ даласының шығысындағы жоңғарларға және батыстағы Еділ бойындағы торғауыт қалмақтарына қарсы күреске саяси пана іздеп, протектораттық қарым-қатынастағы бағыныштылықты сұрайды.

Әбілқайырдың Қазақ даласының батыс өлкесіндегі саяси-әскери қимыл-әрекетінің қасында оның сенімді серігі Шақшақ Жәнібек батыр жүрді. Оның батырлық, би-шешендік, мәмілегерлік қадыр-қасиеттері туралы мәліметтер Ресей елшісі А. И.Тевкелевтің күнделігінде, И.К.Кириллов басқарған Орынбор экспедициясының жазбаларында, Орынбор шекаралық комиссиясы басшыларының, Орынбор губернаторларының империяның орталығына жазған қызметтік жазбаларында көрініс тапқан. Онда Шақшақ Жәнібек батырдың қазақтар арасындағы беделі «ханнан кем емес» екендігі, Әбілқайыр ханның сенімді серігі ретінде Ресей үкіметімен арадағы қарым-қатынасқа белсене араласқандығы, жоңғар қалмақтарына бітіспес қарсылас болғандығы тайға таңба басқандай бедерленген.

Шақшақ Жәнібек – Қазақ хандығының тағдырында тарихи миссиялық сипаттағы орны бар Әбілқайыр ханның сенімді саяси серіктерінің бірі болды. Қазақ ордасын Ресей империясының құрамына қабылдау үшін Ұлы Далаға дипломатиялық миссиямен келген елші А.Тевкелевке ант беру шараларында Шақшақ Жәнібек ханға айрықша қолдау көрсетеді: ол алғашқылардың бірі болып Ресейге адал болуға ант береді және осы рәсімге қарсылық көрсеткен билердің аптығын басуда өзінің атақ-абыройы арқылы ерекше қызмет атқарады. Ханның Қазақ ордасының билігін бір билеушінің қолына шоғыландыру саясатын қолдайды. Ал Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқан оқиғасы тұсында батыр Барақ сұлтанды айыптап, хандық билікке Әбілқайыр баласы Нұралының ие болуына ықпал етеді. Барақ сұлтаннан жазықсыз қаза тапқан Әбілқайырдың кегін алу үшін жүргізілген қимыл-әрекеттерде хан ұрпақтарының жанында тілеулес болады.

Жәнібек батыр Ресей патшалығының саяси қамқорына, қолдауына ие бола отырып, қазақтың беделді би батырларын жоңғарларға қарсы күреске ұйымдастыруды көздейді. XVІІІ ғасырдың 40-жылдары жоңғар билеушісі Қалдан Серен қазаққа қарсы майданында елеулі жеңістерге жетіп, әскери басымдылыққа ие болады. Қазақтың беделді сұлтаны Абылайды қолға түсіреді. Үстемділікті, басымдылықты бекіте түсу үшін ол қазақтың беделді хан-сұлтан, би-батырларына балаларын аманатқа беріп, жоңғармен келісім-шарт жасауды талап етеді. 1743 жылы жоңғар нояны Септеннен Шақшақ Жәнібекке де осындай талап келеді. Батыр жоңғардың аманат беру талабына үзілді-кесілді қарсы шығып, ол әрекетке тойтарыс беруге қазақ би-батырларын жұмылдыруға ұмтылады [Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVІІ-XVІІІ вв.).–Алма-Ата: Гылым, 1991. (121-134с)].

Жәнібек батыр Ресей патшалығымен терең сауда-саттық жүргізу, дипломатиялық жолмен қазақ ру-тайпаларының жайылымдық кеңістігін кеңейту саясатына ынталы болған. Ол 1739 жылы пашаға Орта жүздің Жайықтан өтуін сұраған өтініш жазады, 1743 жылы Урусовпен Ресейдің шекаралық қалаларымен тікелей сауда жүргізу келісімін жасайды және өзі бас болып Ресейдің қазақ даласы мен Орта Азия өлкелеріне жүргізген сауда-саттық мүддесіне қолдау көрсетеді.

Шақшақ Жәнібек батыр туралы ел арасында мол аңыз-жырлар туған. Жыр-аңыздар тізбегі Жәнібек батырды жас күнінде қазақтың атақты би-шешендерінен бата алған, астына өзіне лайықты тұлпар таңдаған, алғашқы ерлігін жоңғар-қалмақ соғысында көрсетіп, ел шетіне келген жауға қарсы би-батырлар мен мен хан-сұлтандарды ұйыстырған даңқты тұлға ретінде дәріптейді. Аңыздарда Шақшақ Жәнібек ертегі мен батырлық эпостардың қаһармандарындай дәріптеледі. Оның жарық дүниеге келуі де ғайыптық сипатқа ие. Жәнібек батырды шешесі түсінде берілген нышан арқылы табады. Нышан болып келген тотем — иттің сыртаны, яғни қасқыр.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік пен қайсарлық көрсеткен Шақшақ Жәнібекті аңыз құдай бұйрығымен түскен нышан-сыртаннан (қасқырдан) жарата отырып, оның ержүректік қадыр-қасиетін дәріптейді. Қасқырдан жаратылған Жәнібек елді қалмақтан қорғауда ерекше батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетеді.

Батырлық атаққа ие болғанға дейін, жас Жәнібек «ақыл-білім үйрену үшін» Орта жүздегі Қаракерей Соқыр Абыздан, Кіші жүздегі Алшын Тайған биге арнайы сәлем беріп, бата алады [Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. Мақалалар және әдеби зерттеу/ Құраст. Р.Нұрғалиев.- Алматы: Жалын, 1991.(346-347б)]. Ендігі бір тарихи жырда ол нағашысы Ұлы жүз Үйсін Бектас биден бата алады. Осылайша ол қазақтың Үш жүзін түгел аралап шығады.

Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Шақшақ Жәнібектің атқарған ерлік істері халық жыр-аңыздарында ғана емес, ХҮІІІ ғасырдың жыру-жыршыларының толғауларына да арқау болады. Мысалы, Абылайдың жорық жыршысы Тәтіқара жырау Шақшақ Жәнібектің батырлығын «болат найзаға» теңеп, оның қысылтяң уақытта қол бастайтын өжеттілігін, батылдығын, ерлігін толғау мазмұнына арқау еткен:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Ш.Уәлихановтың «ХҮІІІ ғасырлардағы тарихи аңыздар» атты еңбегінде Шақшақ Жәнібектің Абылай қосынынмен бірге Еділден қашқан торғауыт қалмақтарына қатысқан жорығына қатысты аңызды келтіреді. Онда ол  асқан батырлығымен қатар «көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін ақылды, сыншы, тәкаппар кісі болған» деп суреттеледі және сол жорықта қалмақ батырын өлтіріп, алғашқы ерлігімен көзге түскен Тарақты Байғозы батырдың ерлігіне тәнті болып, оған аға батыр ретінде ерекше пейіл білдіреді.

Аға батыр ретінде Шақшақ Жәнібек қазақтың Әбілқайыр, Абылай сынды хан-сұлтандарына қамқоршы болып, олардың хандық билікке көтерілуіне ықпал етеді. Әбілқайыр («Әбілқайыр Мухаммед-Ғази-баҺадүр хан») мен Абылай («Баһадүр Абылай бин сұлтан Уәлі») хандық лауазымға дейін баһадүр, яғни батыр атағын алғанын ескерсек, аңыздар Жәнібекті батырлық қаһармандықтың үлгісі ретінде танығанын байқаймыз.

Тарихи жыр-аңыздарда «елдің тіреуі» деп дәріптелетін Шақшақ Жәнібек бейнесі хандық жүйедегі жыраулар институтының көрнекті өкілдерінің бірі, хан кеңесшісі Бұқар жыраудың Абылай ханға атақты батыр Қанжығалы Бөгенбайдың өлімін естірткен толғауында Шақшақ Жәнібек ханға тұғыр болған Орта жүздің төрт тірегінің бірі.

Тархан Жәнібек 1751 жылы өз ажалынан көз жұмады. Жерленген жері, тарихшылардың жазуынша, Ырғыз өзенінің сол жақ жағалауы [Ерофеева И.В. Между всеми старшинами знатнейший. Первый казахский тархан Жанибек Кошкарулы. Алматы.2013, (с.165-166)]. Атақты тұлғаның негізгі ұрпақтары батырдың өзі қалмақтан босатқан Торғай даласында мекендеп келеді.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы

Мынаны да қараңыз

Дің немесе үйтас туралы

Жалпы, дің туралы айтқанда есімізге «Екідің» еске түседі. Екідің – VIII-IХ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ...