Дің немесе үйтас туралы

Жалпы, дің туралы айтқанда есімізге «Екідің» еске түседі.
Екідің – VIII-IХ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіштері, шамамен ерте темір дәуірінде пайда болған. Қостанай облысы Арқалық қаласы Екідің ауылының солтүстік-шығысына қарай, Қараторғай өзенінің екі жақ жағасында орналасқан. Ол ертедегі екі рәсімдік құрылыс тастан киіз үй тәріздес салынған.
Ескерткішті 1959 жылы Ә.Марғұлан жетекшілік еткен ғылыми экспедиция зерттеген. Академик Әлкей Марғұланның деректеріне сүйенсек, бұл ескерткіш қазақ мәдениетіндегі алғашқы үй құрылысы өнерінің дамуын бейнелейді. Екідің І Қараторғай өзенінің сол жағалауында орналасқан, Екідің ІІ – биігіректе, алыстан жақсы байқалады. Екеуінің арақашықтығы 4 шақырым. Біріншісі (Дің-1) Екідің ауылынан шығар жол жиегінде, өзеннің сол жағында, ал екіншісі (Дің-2) өзеннің оң жағындағы төбешіктің басына тұрғызылған.
Жергілікті аңыз бойынша, XVII-XVIII ғғ. Екідің тұрған төбелер арасындағы алқапта қантөгіс соғыс болған. Бір-бірімен жауласқан рулардың әскери басшыларының ордасы осы жерде орналасқан. Тастардан құралған сфералық пішіндегі ежелгі екі құрылыс діңдер исламға дейінгі кезеңге жатады, сондықтан ауыл да Екідің деп аталады.
Ал, менің айтпағым Торғай жерінің екінші бір пұшпағындағы «Теке діңі» туралы болмақ.
Сырыбай Мәуленов 1947 жылы:
«Көрінген бір қиырдан Теке діңі,
Шаншылған бұлтқа бойлап асқар шыңы.
Айналған ұшар басын шаңқай түсте,
Қалықтап дүниенің алтын күні.
Жүзі ыстық ерте кезден таныс жандай,
Далада шөгіп жатқан арыстандай.
Қалмайды қапталыннан қатарласып,
Сенімен бәске түсіп жарысқандай.
Аспанға биік екен бойлаған шың,
Бір жүріп осылай деп ойлаған кім.
Қызығып келбетіне қарай бердім,
Басында бала кезде ойнағансын.» — деп жазыпты.
Текенің діңі ғалымдардың жазуынша сонау ғұн, оғыз тайпаларына тән екен. Кейбір ғалымдар екі кешенді де — Екідіңді және Текенің діңін де зороастризмен байланыстырады.
Ал, енді, осы маңға тақау жерде, яғни, Текенің діңіне жақын орналасқан Қызбел-Бидайық жерінде інім Жәнібек осыдан 20-25 шақты жыл бұрын қола дәуірінің құмырасын тауып алған болатын.
Қызбел жерінің бергі тарихы да таң қаларлық, жер бедеріне қарасаң Торғай жерінің өзге аймақтарына ұқсамайтын таулы-тасты, ойлы-қырлы болып келеді.
Айтқандай, бір қызығы Әулие Текенің діңі деген мұнара Шығыс Қазақстан жерінде орналасқан болса, Торғайдағы Текенің діңі Теке өзені (Қызбел таулары) маңында орналасқан. Арғы-бергі тарихты қазбалай берсе, әрине, Тобыл-Торғай жерінен талай қызықты дүниені кездестіруге болады. Мысалы, атауының өзі айтып тұрғандай «Мықтың үйі» мен «Едіге қала» біраз жайттан хабардар берер. Ал, менің, басты мақсатым, Теке діңі туралы кішкене болса да мағұлматты жеткізу. Айтқандай, Орал қаласы кезінде Теке қаласы деп аталып еді!
Сонымен бірге, тағы мына жайтты айта кетейін, біздің Торғай-Ұлытау өңірі қатар қонған жұрт, Торғай, Ұлы Жыланшық өзендері бастауларын Ұлытаудан алады, былайша айтқанда, бір(неше) өзеннің суын бірге ішіп отырмыз. Әуелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас елміз.
Дегенмен, сол Ұлытау жерінде де діңдер бар. Бір қызығы, әңгіменің басында айтылған Екідің заманында жөнделген кезде сәулет ескерткішінің ерекшеліктерін сақталмай жөнделген сияқты, оған тағы дәлел Ұлытау облысындағы мына діңнің суреті (Үйтас діңі), ал, екінші сурет әрине, Торғай жеріндегі Екідің, жалпы, салыстырмалы түрде алатын болсақ, бұл діңдердің арасы алыс та емес!
Үйтас діңі Бұланты мемориалдық кешені жанында Лақбай қыстауынан 3,1 шақырым, Байқоңыр ауылынан 16,2 шақырым қашықтықта орналаcқан.
Бұл үйтастар түркі дәуірінен қалған болуы мүмкін (яғни, 5-8 ғасырлар), өйткені Ә.Марғұлан Орхон жазбаларында діңдер туралы кездеседі деседі!
Айтқандай Ұлытаудағы Домбауыл мавзолейі де киіз үй пішіндес, діңдерге ұқсап кетеді.
Фото авторлары — Амандық Әмірхамзин, Александр Петров.
Материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Аманкелді батыр хақында: Сексен жыл бұрынғы жазбалар

Биыл 1916 жылғы ұлтазаттық қозғалыстың белді өкілі, Торғай көтерілісінің қолбасшысы Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл ...