Абайды алғаш танығандар

Биыл туғанына 175 жыл толатын данышпан Абай қазақ жазба әдебиетінің көгінде жарқ ете қалғанда, жер-жерде оның туындыларын майшаммен іздеп, жете танығандар, сөйтіп, ұлы ақын шығармалары туралы алғаш пікір айтқандар өз заманында аз болмаса керек. Осы орайда «Абайды алғаш таны­ғандар» деп тақырып қойған біз бұл мақаламызда тек Торғай өңірінен түлеп ұшқан – ұлы ақын­ның талантын мо­йындап, ба­ға­лаған үш тұлғаны алып, қа­рас­­тырып отырмыз. Оның бас­­тауында, әрине, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны анық.

Қазақтың бас ақыны

Иә, Ахаң ұлы ақынның жыр-жау­һарларын сүйсіне оқып, алғаш танығандардың бірі болды. Бұл ойымызды Ахаң­ның 1913 жылы «Қазақ» газе­тінің үш санын­да жарық көр­ген «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді зерттеу мақа­ласы қуат­тап тұр:

«Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абай­дың сөздері кітап болып басылып шық­қанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін есті­ге­нім жоқ дегеніме та­ңы­­р­қап қалушы еді.

Қай жерде ақындар жайы­нан я ақындардың сөздері жайы­нан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақ­та­майтын адам болмады. Абай­дың сөзін көрмей тұрғанда, мақ­та­ғандарына сенбей, қазақ үкі­леген өз құнанын өзгелердің тұл­­парынан артық кө­ретін міне­зі болушы еді, мақ­тап отыр­ған Абайы біз­дің Әбубәкір, Сей­дах­мет, Ақмол­да­ла­рымыз сы­қыл­ды бі­реу ғой деп жүрдім.

1903 жылы қолыма Абай сөз­дері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақын­дар­дың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуел­гі кезде жатырқап, көпке дейін то­саңсып отырасың. Сөзі аз, ма­ғынасы көп, терең…» деп жа­за­ды Ахаң.

 «Абай өлеңнің тәңірісі екен…»

Торғай демекші, қарт өңір­дің ақындық мектебін қалып­тас­­тыр­ғандардың көрнекті өкі­лі, Ахаңның құрдасы, ақын, ше­жі­реші Әбіқай Нұртазаұлы да Абай өлеңдеріне алғаш сүйсіне баға бергендердің бірі болған.

«…Өлең деген жебелі оқ,

Нысанадан бір өтер.

Сөз ұғар жан деме жоқ,

Бұлдана берме құр бекер.

Ақындық деген алыс жол,

Жалынсыз жүрек дір етер.

Жаныңды жайлар, жүдетер,

Қорықсаң қума, құл етер…» деп жырлаған ақын Әбіқай да поэзияны жете түсінген жан еді. Десе де Абай жырларымен алғаш танысқан ол өлең жазуды біржола қойған. Сірә, «Ұлылықты мойындаудың өзі де ұлылық» деген осындайда айтылса керек. Осылайша Әбіқай ақын да Абай дәс­тү­рі­мен «Өлең туралы ойлар» деп аталатын қара сөз жазған.

«Елуге келгенше есіміз кір­меп­ті. Абай өлеңдерін оқы­дым. Егер дүниеде Абайдай алымды да ақылды ақын барын білсем, қалам ұстамаған болар едім. Ендігі тіршілікте өзім жетер, сөзім жетер жерге Абай өлеңдерінің шыны мен сы­рын уағыздай алсам, өзімді арман­сызбын дер едім. Абай өлең­нің тәңірісі екен. Біздікі – пен­дешілік. Енді менен өлең күт­пеңдер…» деп жазады ақын қара ­сөзінде.

Осылай деген Әбіқай Нұрта­за­ұлы «Жақсы өлеңнің жұртқа жаяр жаршысы да, аршысы да әдемі әні ғой. Қазақ үшін әні жоқ өлең сәні жоқ сауда мүлкі тәрізді. Шіркін, өлеңді өнер деп ұғар ұрпақты көрсем! Өлеңнің сараң жолдарындағы сан қилы тәтті де ащы ойларды таразыға тартар азамат бесікте ме екен, әлде есікте ме екен?! Өлеңді мәпелер, өлеңнің өз бағасын әпер­ер өрен туса екен!» деп арман­дайды. Хош.

Хакімнің кешін тұңғыш ұйымдастырған

Абай дегенде қазақ қызда­ры­ның арасынан шыққан тұң­ғыш журналист, әнші, мә­де­ние­т қайраткері, халық ауыз әде­биеті мен музыкасын зерттеп, оны А.В.Затаевич пен А.Э.Бимбоэске нотаға тү­сірт­­кен талант­ты жан Нәзипа Құл­жанова да ойға оралады. Дарынды Нәзипа да ұлы Абай­дың өлеңдерін сүйсіне оқыған. 1914 жылдың 26 қаңтарынан бастап Абайдың қайтыс бол­ға­нына он жыл толуына орай Семейде бірнеше әдеби кеш ұйым­дастырған. Кеш­терде Абай өлеңдері оқыл­ды.

Шебер педагог, ғалым, аудар­машы ретінде де қазақ хал­қының тарихында есімі мәң­гілікке қашалып жазылған Нәзипа Сегізбайқызы екі тілге бірдей жүйрік еді. Оның орыс тіліне жетіктігінің арқа­сында Абайдан бастап Ыбы­рай Алтынсарин, Ғабит Мүсі­ре­повтің шығармалары орыс тіліне аударылды. Ал қазақ оқыр­мандары Лев Толстой, Максим Горький, Александр Куприн, Владимир Короленко сынды қаламгерлердің әдеби туын­дыларымен талантты қыз­дың аудармасы арқылы таныс­ты.

Бір қызығы, «өлең жазу­ды қойып кеткен» Әбіқай Нұрта­заұлы жерлесі – Ахмет Байтұр­сынұлы және Нәзипа Сегізбай­қы­зымен рухани байланыс жасап тұрған, аралас-құралас, пікірлес болған екен.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» газеті

Коллаж Қонысбай Шежімбай 

Мынаны да қараңыз

«Арқалық әуежайына бөлінген қаржы қайда?»: Берік Бейсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдады

Арқалық қаласындағы жекенің қолына сатылып кеткен әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *