Қостанайлық диқандар көктемгі егіс жұмыстарына кірісті деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.
Биыл өңірде тұқым бағасы бір жарым есе қымбаттаған. Бұған қоса, пандемия салдарынан шекара жабылғасын қосалқы бөлшек сатып алу да қиынға түскен. Осындай қиын жағдайда шаруаларды қолдау үшін Қазақстан Үкіметі тек осы өңірге көктемгі егіске деп 21 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде, осы жылы аймақта 5,2 млн гектар алқапқа дән себіледі. Қазірдің өзінде шаруалар 200 мыңнан астам жерге астық еккен. Олардың дені – дәнді дақылдар, картоп, көкөніс және майлы дақылдар.
«Синоптиктердің мәліметтері бойынша, ылғалдың мөлшері мамыр айында орташа есеппен 10 мм-ге жетуі мүмкін. Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, биылғы жаздың ауа райы 2004 жылғы ұқсас кезеңмен сәйкес келеді. Көктемгі егіс науқанына облыстың барлық аудандарында техника кірісіп кетті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс науқанын 15 мамырдан кейін бастауды ұйғарып отыр. Көктемгі дала жұмыстары маусым айының басына дейін жалғасады. Ауа райы, жоғары температураны, жауын-шашынның жетіспеуін ескере отырып, ылғалды сақтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Топырақты егу алдында өңдеу, химиялық әдіспен арамшөптермен күрес – тауар өндірушілердің ең маңызды жұмысы», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Есімжан Баймақанов.
Облыста көктемгі егіс жұмыстарына 71 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жеңілдетілген отын литріне 165 теңгеден сатып алынады. Егіс алқабында санитарлық нормалар толығымен сақталған. Шаруа қожалықтары мен қызмет көрсету компаниялары жұмысшыларын жеке қорғаныш және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етеді.