Қостанай облысының волонтерларына Елбасының Алғыс хаты тапсырылды

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Biz Birgemiz» республикалық акциясы шеңберінде мұқтаж жандарға көмек көрсеткен белсенді волонтерлерді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарымен марапаттады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Jas Otan Жастар қанатының волонтерлерінің еңбегін атап өтті. Өңір басшысы айтқандай, 9 мыңнан астам отбасыға азық-түлік, маска және әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеткізілген.

Архимед Мұхамбетов Қостанайда игі іспен айналысып, карантин уақытында мұқтаж жандарға көмек қолын созған 15 еріктіні марапаттады. Жалпы облыс бойынша Елбасының атынан 122 ерікті алғыс хатқа ие болды.

«Коронавирус дертіне байланысты бүкіл әлем жұртшылығы күрделі дағдарысқа ұшырады. Мұны жақсы білесіздер. Коронавирус індеті елімізді, оның ішінде облысымызды да айналып өткен жоқ. Жалпы карантин режимі азматтарымызға айтарлықтай қиыншылық туғызып келеді. Дегенмен, облыс тұрғындары осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді. Осы ретте сіздердің қосқан үлестеріңіз өте зор. Мұқтаж жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп, блокпосттардағы күні-түні қызметін атқарып жатқан тәртіп сақшылары мен дәрігерлерге ыстық тамақ апарып, қайырымды істің басы-қасында төзімділік пен қамқорлық танытып жүре білдіңіздер. Сіздерге айтар алғысым шексіз», — деді Архимед Мұхамбетов.

Айта кету керек, облыс меценаттарының қолдауымен 136 млн теңгеден асатын сомаға көмек көрсетілді. Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры мұқтаж азаматтарға 50 мың теңге көлемінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Облыс бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға 21630 азаматқа гуманитарлық жәрдем ұсынылды.

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...