Қостанай облысы Арқалық қаласының Олимпийский ауылында бір кісі ауырып, жедел жәрдем шақыртқан. Алайда қалың қардың тазаланбауынан дәрігерлер үйге жете алмай, осылайша, көлік шанағына салып апарған, деп хабарлады paryz.kz.
Әлеуметтік желі белсендісі Дәулет Серікбайдың жазуынша, бұл елді мекен Арқалықтан шалғай емес, қалаға қосылып жатқан ауыл. Бірақ соған қарамастан қыс бойы қарды дұрыс тазартпаған.
«Водстрой, Ақбидай, Олимпиский сияқты ауылдардың көшелерін қардан тазартпайтынын, көшелерінде бір түйір асфальт жоқтығын жақсы білемін. Көктемде езілген батпақтан көлік жүре алмайды. Ойқы-шойқы көшелерден жазда да жүру мүмкін емес. Осыларға щебен төсеуге болмай ма? тым құрыса Трактормен тегістеп қырғызуға болады ғой.
Көшелерді қардан тазарта алмаса қаптаған шенділер не бітіріп отыр?! Қала әкімі қайда, Төтенше жағдай қайда, қатты боран болмаған, бұл төтенше жағдай емес, пәлен күннен бері осылай тазармай жатқан. Қала әкімінің орынбасары», — деп жазған ол, Facebook-те тіркелген қала мен ауыл әкімдерін белгілеп, сұрақ қойған.
Бір қызығы, қызу талқыланып, желіде бірнеше жүздеген лайк пен пікір жинаған жазбаға қатысты қала атқамінерлері әзірге мәу деген жоқ.
«Қайда әлгі сайлауда көпіріп уәдені үйіп-төккен депутаттар, сайлау кезінде ауылдың мәселесін біліп жатырмыз деп үй аралап едіңдер ғой. Енді неге барып білмейсіңдер.
Депутаттар жылы кабинетте отырып алып Арқалықтың сағаттық белдеуін талқылапты дейді. Сағатты талқылағанша неге көшелерді қардан тазартуды талқыламайсыздар, бір қалаға жеке сағат белдеу енгізгенді қайдан көрдіңдер, сағатты облысқа түгел енгізеді, облыстық мәслихат талқылайды, үкімет шешеді оны. Қаланың мәслихаты емес.
Ерігіп талқылайтын нәрсе таппай отырсаңыздар айтайын, АЖЭК-тің жұмысшыларына айналдырған 60 мың жалақысын жырымдап 2 бөліп, әрі кешіктіріп береді екен, 30 жылдан бері солай екен, осыны неге талқыламайсыңдар?» — деп жазды ашынған желі белсендісі.
Сондай-ақ ол қала шенеуніктеріне ұяттарың болса әкімнен бастап түгел орындарыңнан кеткендерің дұрыс деген талап қойды.
«Бұдан қай беттеріңмен отырасыңдар. Әкім ауысқан сайын қымбат Джип алады, көшенің қарын арши алмасаңдар, жылы кабинетте тығылып отырмай, науқастарды өздерің тасыңдар шанамен. Джип алғанша трактор алмайсыңдар ма, Құдай біледі барып осы науқастың халін сұрауға да жарамаған шығарсыңдар.
Айтпақшы, мынадай капоттарды лақтырмаңыздар осымен адам тасуға керек екен!» — деді ол.