Жангелдин ауданының Көкалат ауылы екі айдан бері сусыз отыр

Қостанай обылысы Жангелдин ауданы Көкалат ауылына барып келдім. Еліміз — аман, жұртымыз — тыныш. Бірақ елді алаңдатып отырған су мәселесіне тоқталғым келіп отыр. Көкалатта екі айдан бері ауыз су қоймасы істен шыққан. Жақын арада жұмысшы болып орналасқан Баймағанбетов Бақытбекпен сөйлескенімде, бар мәселе су сорғышта (насос) екенін түсіндім. Бұл өзі бір Көкалатқа қана қатысты мәселе деуге келмейді. Себебі, ауыз суы тартылған Торғайдың кейбір ауылдарында мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған көрінеді. Бұл ауыл-аймақ азаматтары ішіндегі мен білетін, танитындардан естіген сөзім. Кей ауылдарда көпке ұзамай су берілгенімен, бұрынғыдай жиілік жоқ. Ал көкалаттықтардың бұл мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Әкімдіктер мен тиісті мекемелерге сұрау салдырып жүруге уақытым жетпеді. Бір жағынан екі айдан бері олар мұны білмей отыр деп ойламаймын. Сондықтан аудан әкімі қайда қарап отыр деген ой келді. Әлде ауыл әкімі ауданға жағдайды аян етпеді ме?! Ол жағы маған беймәлім.
Түсінемін, техникалық апат аяқасты болуы мүмкін. Бірақ оның алдын алу немесе шешімін табу ХХІ ғасырда үлкен мәселе емесі анық. Бұл жазбаны жалаң ұран етіп, жұртқа жағу үшін жазып отырған жоқпын. Ауылдастарымның екі ай бойы шешілмей жатқан шаруасына қозғау салу үшін айтып отырмын. Айтып қана қоймай, жерлестерге деген қолғабысымды тигізіп, 3-4 үйге ішетін суын жеткізіп бердім. Жұрттың батасына бөлендім…
Кез келгеніміз ақ адал еңбек етіп, үкіметке салық төлейміз. Үкімет өзге саламен қатар халықты ауызсумен қамту үшін де бюджеттен қыруар ақша бөліп келеді. Сол ақшалардың нәтижесі кәне?
Тұңғыш президентіміз, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев бастап берген «Ақ бұлақ» бағдарламасы ауылдық жерге ауыз су құбырын тартып, мұнарасын тұрғызумен ғана шектелмеуі керек. Сондықтан көкалаттықтардың мәселесіне тағы бір назар аударылса деймін.
Қасымбек Құлмағамбетов

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *