Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ: Ақын деген құрбаның бар, атағыңды ұрғаным бар!

Серик
Өлгендер қайтып келмейді.
Б.Соқпақбаев
– Өлгендер қайтып келеді, –
Десем сен,
Әсте сенбейсің.
Себебі, досым,
Себебі –
Сен, сірә, мәңгі өлмейсің.
Болғанмен
Баста бір өлім.
Өлмейтін жанға саналған.
Себебі, сенің жүрегің –
Қара тас болып жаралған.
Еңіреп, жылап
Есіл жыр –
Боздайды күнде інгендер.
Өлексе күйін кешіп жүр,
Өлгісі келмей жүргендер.
Жамылып атын тірінің
Жүрегі ғана дүрсілдер…
Солардың мен де бірімін,
Қыбырлап жүрген –
Құр сүлдер.
Бірі бар есте,
Бірі ұмыт,
Бірінің қалмай дерегі.
…Өлгендер қайта тіріліп,
Тірілер күнде өледі.
***
Болыпты кімнің дегені,
Терең жоқ әсте тартылмас.
Жемқордың ішіп-жегені,
Өзінен ғана артылмас.
Біреудің былғап тұнығын,
Биіктеу тұрды ол сенен.
Өйткені –
Олар ғұмырын,
Байлықпен ғана өлшеген.
Күнбе-күн ойнап күлгенмен,
Құбылтып жүзін, тән бояп.
Құлқыны өмір сүргенмен,
Құр тірі жүрген жандай-ақ…
***
Балалық –
Ерте өліп кетті.
Жігіттік –
Тер төгіп кетті.
Алаулап
Маздап жанған
Махаббатым.
Күлге айналып –
Өртеніп кетті.
Бар сезім –
Ақылға айналды,
Әр сөзім –
Нақылға айналды.
Боз дала –
Тақырға айналды.
Бозбала –
Пақырға айналды.
***
Арыны күшті
Ақын ем,
Жалғаған
Жақын-жырақты.
Құйғытып келе жатыр ем,
Қапысын тауып құлатты.
Құлатты өңшең жырынды.
Қадірін білмей қаламның.
Аралар қайда бұрынғы,
Масаға неғып таландым?!
Кедергілерге,
Кеденге,
Тапа-тал түсте мен түстім.
«Сүйреп бір шығам!» дегенге,
Соншама неге сенгішпін!
Шамасы келген –
Шарпыған,
Қолымен жауып ай төсін.
Алданып қалып,
Артынан –
«Аһ» ұрғанымды қайтесің?!
Таусылды ақын амалы,
Құла түз – шапқан құр аттай.
Жағымпаздардың заманы,
Қоймайды жарға құлатпай.
***
Сиқыршының
Жылтырақ таяғындай,
Жастық шағым
Жарқ етті –
Жай оғындай.
Кәрілікке
Килігіп иек артқан –
Мендей байғұс пендеңді ая, Құдай!
Медет тұтам қай іні,
Қай ағайды,
Ана болып енді кім
Аялайды?!
Өзің ая,
Жаратқан бұл пендеңді –
Ал, адамдар,
Бір-бірін аямайды.
Үзілсе де кеудемде күдер мейлі,
Құр жатпа деп, бір үміт дігерлейді.
Бар атаққа малданған бейшаралар,
Марапатқа (Мемсыйлық)
 жібермейді.
Жібермейді әйтеуір,
Жолың қағып,
Бар билігін шоқпар ғып қолындағы…
Марапат та
Мұз болып еріп кетер,
Тұрып қалмас тас болып оның бәрі.
Дана болып тусаң да,
Дара болып.
Ақ дегенің шығады қара болып…
Менің енді қалмады амал-айлам,
Мемсыйлықты алмасам пара беріп!
***
Ел қайда?
Атамекен –
Отан қайда?
Сорлы ақын
Қайғы-шерін қотармай ма?
Ноқтасын танауыма тақап қойып,
Тағы да орыс бізді отарлай ма?!
Сөздерім –
Сандырақ боп бос көкіген,
Айырылды күн тізбесі – кестесінен.
Тағы да арағыма қайта оралып,
Қуырдақ жейтін болдық шошқа
 етінен.
Осылай жан түбінде жатты мұңым,
Жат иіс,
Жақын тұтып –
Жат қылығын.
Аңсайды –
Аузының суы құрып,
Кеңестің кезіндегі тәтті күнін.
Жатқан соң орындалып өз дегені,
Жатқан соң жібек болып бөз дегені.
Шындыққа қайта айналып келе жатыр
Кеңестің кезіндегі көздегені.
Көңілдің күпті болып,
Күй дүрмегі –
Пейілін
Иліктіріп,
Идірмеді.
Баяғы таз кепешті басымызға
Қайтадан отыр бізге кидіргелі!
Орыстың ойы терең,
Күші де ерен.
Қып-қызыл –
Қызықтырып түсіменен.
Қолынан оқ ұшпай-ақ,
Соғыспай-ақ,
Отырмақ басып алып сұсыменен.
Қамытқа енді қайтып мойын сұқпа,
Қолыңды ұсынғанмен,
Бойың – сыртта.
Жыласаң кәмпит беріп
Жұбатады –
Баладай айналдырған ойыншыққа.
Алаңдап тимеймін деп
Ашуыңа,
Жол ашып,
Алпауыттың қашуына…
Итеріп
Еркіңнен тыс шығарған соң,
Бауырына қиын емес басуы да.
Күн бар ма
Буырқанып,
Бұлқынатын.
Қолына домбыра алса жыр туатын.
Әр елде «баран» да көп,
 «харам» да көп,
Қазаққа бәрінен де жылқы жақын.
Осыған отырамын басым қатып,
Арғымақ – жүйрік болу асыл бақыт.
Жүйткіп бір кең далаға кетсем бе екен,
Дүниені тұяғыммен тасырлатып…
***
Жағыну мен табыну қолдан келмей,
Арнасында шалқып бір толған көлдей.
Патша болсын,
Хан болсын,
Қара болсын,
Білген жанға –
Пенде ғой
Ол да мендей!
Ақын шіркін,
Әулие,
Ақын бақсы.
Пырағына мініп ап, тақым басты…
Бірің – кедей,
Бірің – бай болғанменен,
Пендеміз ғой бәріміз бақыр басты.
Сая таппай кей кезде кең өлкеден,
Қараңғыдан қорқамын –
Көлеңкеден.
Хан тағында тұрғанда –
Табынғанмен,
Түсіп қалса, –
Болады ол
Сенен төмен.
Сондықтан да бағынбан мен ешкімге,
Көз алдымда
Ертегі –
Елес күнде…
Жарты әлемді жарылқап,
Тітіренткен
«Көтін» көріп қалғанбыз
Кеңестің де.
***
Ағаш едік,
Көмір болдық.
Алтын едік,
Темір болдық.
Дауыл едік,
Өкпек болдық,
Бауыр едік,
Өкпе болдық.
***
 «Октябрьден» әрі аспаған,
Хақ-Тәңірмен жараспаған,
Кеңес үкіметі –
Келмеске кетті… деп жүргенде,
Төрелерім тақылдап,
Төңірегі мақұлдап,
Баяғы «кеңес заманы»
Келе жатыр жақындап…
Келе жатқан бәле бұл,
Бәленбайыншы ғасырдан.
Сірә да оңған ел бар ма,
Бір адамға бас ұрған.
Сый-сияпат берсе де,
Сипаған емес басыңнан.
«Тар жол, тайғақ кешуде»
Табылған жоқ қасыңнан.
Дастарханыңды теуіп кетеді,
Дәм татқанмен асыңнан.
Келе жатыр…
***
Өз-өзіңмен ақталып,
Күпінесің мақтанып.
Күміспенен күптеліп,
Алтынменен апталып.
Жарығың мен нұрыңды
Жария ғып жатасың,
Жарылуға шақ қалып…
Осы мені қинайды,
Елдің ар-иманы,
Құлы болып дақпырттың,
Табанында жат жұрттың
Жатқан шақта –
Тапталып!
***
Махамбеттен үлгі алдым,
Қасымдардан.
Қалған бір көз мен шығар
асылдардан.
Ашық күнде
Аспаннан жай түскендей,
Ащы даусым шығады –
Ашынғаннан.
***
Ілесіп ылауына қиын көштің,
Бейкүнә –
Бейшараның күйін кештім.
Мемлекет
Мәселесін шешкенімен,
Шеше алмас
Жүректегі түйінді ешкім.
***
Атымды шақырмаймын
Атақпенен,
Ісімді танытпаймын
Шатақпенен –
Мен үшін қалам – қанжар,
Сол қанжарды
Бұлтартпай әділдікті айту үшін,
Биліктің тамағына тақап келем.
***
Қайран менің қазағым
Қиыр кешкен,
Құрық тимей,
Құлындай үйірде өскен.
Енді бүгін –
Ел болам деген кезде,
Өз жерінде
Өгейдің күйін кешкен.
***
Қаратаудың басында күлкім қалды,
Қара жердің астында мүлкім қалды.
Күн көзінде –
Қол жетпей,
Ай астында –
Алаш деген
Аяулы жұртым қалды.
…Асылдардың ұрпағы құлға
айналып
Құр аяқ босататын құлқын қалды.
***
Компьютер
Керек емес,
Кілемің де,
Еңбекпен алады оны біле білген.
Сақтайды нағыз адам
Мақтанбай-ақ
Алтынды төсінде емес,
Жүрегінде!
Біреудің жемқорлықпен аты қалар,
Байлыққа отыр бүгін батып олар.
Тырбанып алған сенің атағыңды
Әп-сәтте
Алпауыттар сатып алар.
Әуелден жаным менің жырға құмар,
Тектілер қызықпайды –
Тұлғалылар.
Көрінген алаяқтар алып жатқан
Мен сенің орденіңді ұрғаным бар!
***
Мүлде бөлек
Мұрат – мақсат,
Ардың жайын ойламай.
Өңшең итке
Сүйек тастап,
Ырылдатып қойғаны-ай.
Бұл билікке
Сөзім өтпес
Мыңқ етпейді тойған соң.
…Көкжиекке көзім жетпес
Көлегейлеп қойған соң.
***
Өліп кете жаздадың сен –
Атақ,
Атақ,
Атақ! – деп,
Торға түскен жолбарыстай бұлқынып,
Жыр оқыдың
Жұлқынып.
Өлеңің де белгілі,
Көлемің де белгілі,
Өз атыңды
Өзің ғана шақырып,
Барлығып та,
Бақырып,
Жаттағаның –
Жауыр болған тақырып.
Сол баяғы ескі сүрлеу,
Сол баяғы ескі әуен.
Өзіңе өзің ғашықсың,
Жұмысың жоқ басқамен.
Пайдаң болса бір керек,
Ірілерді іргеліп,
Бәрі жалған –
Атағың мен мансабың,
Айна алдында
Дайындалып,
Жыр оқыдың қанша күн.
Ақиқатын айтар болсам,
Ағасы,
Ақындарға,
Қалт кетпейді –
Халық берген бағасы.
Енді бүгін қарашы,
Жалғандағы жалғыз ақын сен ғана –
Тақырыбың – кең дала,
Ханның мақтап тұқымын,
Үкіметтің орындадың үкімін,
Болдың солай – қолбала.
Жолдас болдың
Жортқанға да,
Желгенге,
Жан-жүрегің шерменде,
Жалған дүние,
Жұлдыз боп тумаппыз,
Мекеніміз аспанда емес,
Жерде екен…
Енді бүгін өткен күнге өкініп,
Жыр оқисың долдана.
Айтып-айтпай не керек,
Бәрі түптеп келгенде,
Жанталасқан сен де аласың атақты,
Жанталаспай мен де аламын атақты,
Айырмасы – сол ғана!
***
Жанталасып
Һәм таласып,
Алған «сыйлық» не болар?!..
Қорқа басып,
Желке қасып –
Жұмысыңды доғарар.
Кез де болар,
Сөзге қалар –
Содан кейін жайың жоқ.
Мансап-бақ та,
Атақ-даңқ та,
Жегідей жеп –
Уайым боп.
 ***
Жалпы біз –
Бір қаланың халқымыз –
17 млн,
Әрі кетсе жиырма…
Малым қаптап жүруші еді қиырда,
Өткеніме көз жіберсем –
Референдум,
Сайлау,
Инаугурация…
Содан басқа ештеңе жоқ миымда.
Иә, иә, есімде
Мүше болғаным,
Ассамблея деген ұйымға.
Біреулерге бұдан асқан қызмет жоқ,
Бұдан асқан бақыт жоқ,
…Басқаларын айтуға –
Қазір менде
Уақыт жоқ.
***
Шындық түбі –
Шыңырауда,
Іздесем де таба алмаспын.
Ақиқатты
Айтар кезде
Алдаспанмын –
Ақ алмаспын.
Жалған сөйлеп керегі не,
Жат болса да,
Дос болса да –
Жалпақ елге
Жаға алмаспын.
Жүйрігіңе – қарайласпын,
Билігіңе бара алмаспын.
Ақындардың арасында –
Тағдырласпын,
Таландаспын.
Пақырлардың арасында
Жалаң аяқ,
Жалаң баспын.
Еткен ісім,
Айтқан сөзім –
Бар азапқа айналғанда,
Атағың мен абыройың
Қаражатқа байланғанда.
Қия-шыңға жетем бе деп,
Қалам ұстап сайланғанда.
Зиялысын зарықтырған,
Таланттарын тарықтырған,
Күйі қиын –
Қаламдастың.
Алаулаған от болған соң,
Сірә, маған
Сөну қиын.
Сөнсем қайта жана алмаспын.
Ақын деген құрбаның бар,
Атағыңды ұрғаным бар!
Үйімде
Үрей –
Ұйқы жоқ.
Көңілдің титтей
Күйті жоқ.
Мына –
Зымиян
Заманның
Түзелетін сиқы жоқ.
Қасқыр болып
Ұлымай,
Арп-арп етіп
Үремін –
Көрінгеннің иті боп!
***
Мен ұлтшылмын!
Сүйе алмасам ұлтымды,
Ойлағаным –
Қарақан бас-құлқынды.
Сақта, Құдай,
Сатқын болып кеткеннен,
Сақтай алмай –
Салт пен дәстүр ғұрпымды.
Мен ұлтшылмын –
Ұлтыма бас иемін.
Ұлтым үшін отқа түсіп, күйемін.
…Сөйлемейді домбыраның қос ішегі
Нықтап тұрып орнатпаса тиегін.
Мен ұлтшылмын –
Мен сияқты кім-кім де
Ұлтын сүймей өмір сүру мүмкін бе?!
Елдің сыйқы,
Жердің шырқы бұзылса,
Түнде – ұйқым келмес,
Күндіз – күлкім де.
Мен ұлтшылмын –
Арғысы мен бергісі.
Танылғандар еңбегімен елге ісі.
Ұлтшыл болу –
Ұлтын сүйген ұрпақтың
Тарихына тастап кеткен –
Белгісі.
Мен ұлтшылмын –
Жолын қудым әкемнің,
Босағасын паналамай жат елдің.
Алған беттен,
Айтқан серттен таймайтын,
Ахметпін,
Міржақыппын,
Сәкенмін!
Мен ұлтшылмын –
Кінәласаң, кінәла.
Сыннан,
Міннен болған дейсің кім ада?!
Тым биікте,
Құзар шыңның басында –
Тасқа барып бітеді ғой қына да.
Мен ұлтшылмын –
Ұлтын сүйген пірәдар,
Болса егер
Мен боламын – бір адам.
Шыбын жаным ұңғысында
мылтықтың,
Және қашып құтылады кім одан?!
Мен – ұлтшылмын –
Көкірегімде – сөз кені,
Тамшы жаспын ағып түскен көздегі.
Өз ұлтымды сүйгендігім үшін де
Кеудесінен итермеймін өзгені.
Мен ұлтшылмын!
«Әттеген-ай, әттеңі» –
Таусылмайтын өмір неткен
тәтті еді?!
Ұлтшылдықты айыпты деп санасаң,
Жар басына апар-дағы –
Ат мені!
Білдің бе, досым,
Бір менше –
Шашыңды әбден ағартып…
Ұлық боп өмір сүргенше
Ұлтшыл боп өлген көп артық!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ
www.zhasalash.kz

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *