Қостанай қаласында алты пәтерлі кірпіш үйден өрт шығып, жеті жасар қыз бала көз жұмды. Ал 80-88% күйікпен ауруханаға жеткізілген анасының халі нашар деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Өрт туралы хабарлама құтқарушыларға 24 қараша күні сағат 17:20-да келіп түскен. Ал сағат 17:34-те өрт сөндірушілер оқиға орнына келді. Алты пәтерлі кірпіш үйде қабырға мен төбе жабыны өртене бастаған. 50 шаршы метр алаң жалынға оранды. Өрт сөндірушілер төрт адамды эвакуациялап, жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
«Қалалық ауруханаға 1977 жылы туған пәтердің иесі III дәрежелі термиялық күйікпен 80-88% дене, бас, жоғарғы мойын және тыныс алу жолдарымен жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түсті», — деп хабарлады облыстың Төтенше жағдайлар департаменті.
Оның 1975 жылы туған жұбайы I дәрежелі термиялық күйік алған. II-III дәрежелі күйік шалған екі қолын тексергеннен кейін үйіне жіберілді. Ал зардап шеккендердің жеті жасар қызы жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Өрт сөндіру барысында көрші пәтерден тағы бір бала құтқарылды. Баланың жағдайы тұрақты, медициналық көмекке мұқтаж емес.
фото: newtimes.kz