ТАҒДЫРЛАСТАР: Арқалық және саяси қуғын-сүргін ұрпақтары

#форумнан кейінгі ой
 Халықаралық жобаның шағын қалаға келуі
Сонымен, Арқалық қаласындағы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобаның аясында өткен «Саяси қуғын-сүргін: тарих тағылымы және қазіргі заман» тақырыбындағы форум аяқталды. Оның халықаралық түгілі республикалық іс-шаралар өткізіле бермейтін қалада ұйымдастырылуының мәні зор.
Биыл 13-ші рет өткізіліп отырған бұл жоба республиканың түкпір-түкпірінде осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарды, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын жинап, ел тарихындағы қасіретті жылдардың ақтаңдақтары ашып айтылатын алаңға айналғаны белгілі. Бұрын облыс орталықтарында өткізілетін жиын өз тарихында тұңғыш рет шағын қалада – соңғы уақытта ауызға көп алынатын Арқалықта өтті. Оған басты себеп – Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, ұлт ұстазының және оның идеялас замандастары мен ізбасарларына тағзым етіп, олардың қасіретті тағдырларын қоғам жадында жаңғырту.
Возможно, это изображение на открытом воздухе
Бұл – осы ауыр тақырып жанын күйзелтіп, ел тағдырындағы қасіретті жылдар енді қайталанбауы үшін шын тер төгіп, ұсыныстар айтып жүрген адамдардың басқосуы болды. Бұлай деуімнің себебі – Елордадағы, Алматыдағы, көрнекі жерлері көп басқа қалалардағы жиындарға барып, жалындата сөз сөйлейтіндердің кейбіреуі қатысудан бас тартуын естуім. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдайды болжап білмейсің. Дегенмен, бір апта бұрын билеттері жіберілген бірлі-жарым адамның дәл шығар күні «маңызды жиынға қатысатыны» сияқты түрлі сылтаулар айтуының ар жағында – өздері алдында жұқалап сұрастырған 1.«Арқалыққа ұшақ ұшпайтыны», 2.«жолы алыстығы» және сыпсың сөздерге сәйкес, 3.«жағдайдың тұрақсыздығы» болғандығы… өкінішті.
1. Кезінде күн сайын Алматыға екі, Мәскеуге екі рейс ұшатын Арқалық облыс орталығы мәртебесінен айрылғалы бері мұнда әуе қатынастары жоқ екені рас. 2. Алыстағылар елордаға ұшып келіп, әрі қарай поезға отырады. Өткен жылы «Тальго» жүрдек поезі қосылған, онымен келген қатысушылар жол қиындығын көрмегендерін айтты. 3. Арқалық бізді бала күннен таныс жаймашуақ қалпымен қарсы алды. Форумнан бір күн бұрын барған бізді қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров өзі ертіп жүріп іс-шаралар өтетін нысандарға алып барды. Ол жерлерде де, көшелерде де, студенттер жыпырлап жүрген институтта да үрей туғызатын ештеңе байқалмады – «тұрақсыздық» дегенді ойлап тапқан адамның қиялы бай екен.
Әдетте үлкендер «тарихымызды білмейді», «құндылықтарымызды қастерлемейді» деп жастарды кінәлауға бейім. Меніңше шын ғалым, шын ұлтжанды тұлға өнегелі, танымдық әңгімелер айтылатын кездесулер күнара өтіп жатқан ірі қалаларға емес, ондай мүмкіндіктері аз аудан орталықтарына, оңтайландыру таяғы көбірек тиген Арқалық, Жаңатас, Аягөз, Қаражал… сияқты қалаларға барып, жастардың көкірек көздерін ашып, бағыт-бағдар берулері керек.
Возможно, это изображение 6 человек, люди стоят, памятник и на открытом воздухе
Форумға келген ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларын, ізденушілерді осындай ұстанымдағы тұлғалар деп қабылдадым. Сәуле Жәкішева, Бағдан Момынова, Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп, Гүлшат Нұрымбетова, Жомарт Симтиков, Сейдахан Бақторазов, Нағима Сармурзина, Жабай Қалиев, Ермұхамет Маралбек, Серікжан Исмаилов, онлайн түрде Зайнидин Құрманов (Қырғызстан), Зулай Исакиева (Шешенстан), Наталья Калашникова, басқа да ғылым докторлары мен кандидаттары қатысуы Форум деңгейінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді.
Ал жас ізденушілердің айтарлықтай көп болуы – бұл тақырыптағы ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Көкшетаудан келген Юлия Лагуткина, атыраулық Қуаныш Юсупов пен павлодарлық Карина Фаргиеваның сөздерінің салмағы аға-апаларынан кем түскен жоқ. Ал Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының бас ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевтың сөзіндегі дерек пен дәйек, түйдек-түйдек сөз тастаған шешендігі баршамызды тәнті етті.
• Бірінші күн. Құрбандарға құран оқытылатын дәстүр бойынша қатысушыларды Кейкі мергеннің кесенесіне апарып, әрі қазақ елінің азат таңы үшін құрбан болғандарға дұға бағышталып, әрі Торғай жеріндегі көрікті сәулет құрылысы көрсетілуі – аз уақытты ұтымды пайдалану. Түстен кейінгі «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығында өткізілген саяси қуғын-сүргін ұрпақтарының қала жастарымен кездесуі, Арқалық қалалық Жас көрермен театрының Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері негізінде сахналанған «Не жазып ем…» атты қойылымы қатысушыларды ширықтырып, ертеңгі болатын іс-шараның мәнін арттыра түскендей еді.
• Екінші күн форум қатысушылары мен қала тұрғындарының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингісінен басталды. Қала әкімі Әмірхан Асанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали, Ахаңның ұрпағы Ибраһим Атығайдың сөздерінен кейін А.Байтұрсынұлының бюстіне гүл қоюға тізіліп тұрған адам қарасының молдығын бүгінгі ұрпақтың Ұлт ұстазына деген құрметіне балап, көзге еріксіз жас үйірілді.
 Арқалық – ойсыз оңтайландырудың құрбаны
Арқалықта халықаралық жоба аясындағы іс-шараның өткізілуіне аса мүдделі болғаным рас. Біріншіден елдің түкпір-түкпірінен келген адамдар опат болған бабаларымыз дүниеге келген өңірдің киесін ұға тұрып, оның бүгінгі қасіретін көрсе дегем. Шынтуайтына келгенде форум қатысушылары кеңестік режимнің құрбандары болса, Арқалық – халық тағдырына бейжай қарап, ойсыз оңтайландырудың құрбаны болған қала. Ендеше, оларға да адамдар сияқты көңіл бөліп, «жан жарасын жазуға», яғни, өркендеуіне назар аударылуы керек. Сондықтан да іс-шараның осында өтуінің маңызы зор.
Екіншіден, аудиториядағы тыңдаушылар қуғын-сүргіннің шынайы бет-бейнесін танып, еш жерде жарияланбаған фактілер туралы өз құлақтарымен естісе дедім. Әр саланың белгілі ғалымдарының баяндамалары мен қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының сөздері жастардың білім-танымдарын тереңдете түсуге, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға әсер етсе деген ой болды. Яғни, олардың халықшыл, Ахаң айтқандай, «ертеңшіл» тұлға болып өсуіне ықпал ету еді.
Возможно, это изображение 13 человек, люди стоят и на открытом воздухе
Бұл ретте өзектілігі мен өткірлігі тұрғысынан бірінен бірі асып түсетін баяндамалар талай санаға сәуле құйды деуге болады. Форумға ҚР Президенті архивінің ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарынан ұйымдастырған көрмесіндегі ақпарат көп жайға қанықтырып, саяси қуғын-сүргін тарихының құпия құжаттарын жинақтау және ғылыми айналымға енгізу мәселесі ерекше назар аудартқанын атап айту керек.
Торғай өңірінің ғылым жолындағы ұл-қыздары және Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басшылығы мен оқытушылары форумға белсене қатысып, елде өтіп жатқан деңгейі биік іс-шараның мазмұнын байыта түсуге үлес қосқанын мақтанышпен атап өткім келеді. Құрманғали Дәркенов, Гүлбану Сәрсекей, Амандық Әмірхамзин, Ардақ Абдуллина мазмұнды баяндамаларымен жұрт қызығушылығын тудырса, Айсәуле Дүйсебекова панельдік сессияның тізгінін ұстады.
Жыл сайынғы іс-шараның артында қалар ізі болатынын көріп келеміз. Елорда түбіндегі АЛЖИР-ден басталып, Алматы облысында кәріс этносы қазақ жеріне алғаш табандары тиген жерге ескерткіш тас орнатуын, Орал қаласында этностар атынан граниттен қазақ халқына алғыс-тақта қойылуын, Сырым Датов ауданына барып, Алаш қайраткерлерінің алаңына ағаш отырғызылуын, елорда төрінде, одан кейін бірнеше облыс орталығында «Қазақ халқына мың алғыс!» деген еңселі ескерткіш бой көтеруі… Мұның бәрі – қазақстандықтардың бейбіт күнді, татулықты, ынтымақ пен бірлікті қадірлеуінің белгісі.
Жобада көтерілген тақырыпқа көркем туындылар жазылып, спектакльдер қойылып, фильмдер түсіріліп жатса – оларда да осы форумдарда айтылған ұсыныс-идеялардың ұшқындары бар.
Содан да болар, Арқалықтағы форумнан да із қалса деп армандаймын. Ойсыз оңтайландыру құрбаны болып, үйлері қираса да, адамдарының рухы сынбаған қаламнан аттанып бара жатып, өткен форум оның қайта өрлеуінің басы болғай деп тіледім…
Мақала авторы — Камал Әлпейісова

Мынаны да қараңыз

Президент Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанайға келді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Тоқаевты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ...