
Наурыз ұлттың рухани болмысын айқындайтын, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлы мереке. Бұл күн тек табиғаттың жаңаруымен ғана емес, адамның жан дүниесінің жаңғыруымен де ерекшеленеді. Соңғы жылдары елімізде Наурыз мейрамы жаңа мазмұнда, «Наурызнама» онкүндігі аясында атап өтіліп, оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осы игі дәстүр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де кеңінен қолдау тауып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
ҚазҰУ тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, ұлттық тәрбие мен мәдениеттің ұйытқысы. Университет қабырғасында өтетін әрбір іс-шара студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған. Наурызнама аясында ұйымдастырылған мерекелік шаралар да осы мақсатпен үндесіп, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етті.Онкүндік барысында университетте мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор түрлі іс-шаралар өткізілді. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналуы мерекенің мәнін аша түсіп, оның мазмұнын байытты. Көрісу күні аясында студенттер мен оқытушылар бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, татулық пен сыйластықтың маңызын дәріптеді. Бұл күн адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қоғамдағы бірлікті арттырудың айқын көрінісі болды.Шаңырақ күні отбасы құндылықтарын насихаттауға арналды. Университетте отбасы институтының маңыздылығы туралы тағылымды кездесулер ұйымдастырылып, жастарға отбасы – қоғамның негізі екені кеңінен түсіндірілді. Ұлттық киім күні ерекше сән-салтанатымен ерекшеленді. ҚазҰУ студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы ұлттық киім киіп, қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттады.Дәл осы шара тек сыртқы көрініс емес, ұлттық сана мен тарихи жадымыздың жаңғыруының бір белгісі болды. Жастардың ұлттық киімге деген қызығушылығы олардың мәдениетке деген құрметінің артып келе жатқанын көрсетті.
Наурызнама аясындағы іс-шараларға Заң факультеті де белсенді түрде атсалысты. Факультет ұжымы ұйымдастырған шаралар мазмұнды әрі тәрбиелік бағытта өтті. Атап айтқанда, студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ұлттық дәстүр мен заңның өзара байланысын түсіндіру мақсатында кездесулер мен пікірталастар өткізілді. Сонымен қатар, факультет аясында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетілді. Аталған шара Наурыз мейрамының басты құндылықтарының бірі қайырымдылық пен ізгіліктің нақты көрінісі. Студенттер мұндай бастамалар арқылы қоғамға пайдалы болудың маңызын түсінді.Наурызнама тек мәдени іс-шаралармен ғана шектелмей, құқықтық ағарту бағытында да жалғасын тапты. Заң факультетінің оқытушылары мен студенттері түрлі форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға үлес қосты.
ҚазҰУ-да өткен Наурызнама бұл тек мереке емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың, жастарды тәрбиелеудің және қоғамдық сананы қалыптастырудың тиімді алаңы болды. Университет қабырғасында өткен әрбір шара студенттердің рухани дамуына, ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына оң әсер етті.Оқу ордамызда кең көлемде ұйымдастырылған Наурызнама онкүндігі дәстүр мен заманауи құндылықтардың үйлесімді көрінісі.Заң факультетінің белсенділігі бұл үдерістің мазмұнын байытып, оның тәрбиелік мәнін арттыра түсті. Мұндай шаралар жастардың тек кәсіби маман ғана емес, ұлттық рухы биік, саналы азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Бисенова М.Қ.
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық
құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz