Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған.
Еске сала кетсек, 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.
Бұл ретте, вице-премьер тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақберен қолбасшы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін баса айтты. Батырдың аты мен ерлігін барынша дәріптеп, оның денесін салт-дәстүрімізбен арулап жерлеу қабырғалы халық, іргелі ел екендігіміздің көрінісі. Сондықтан, Иманғали Тасмағамбетов Кейкі батырдың денесін жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екенін атады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары құзырлы органдарға Қостанай облысының аумағында батыр бабамыздың денесі жерленген орынды табу мақсатында археологиялық зерттеулер жүргізу үшін рұқсат қағазын рәсімдеуді тапсырған еді.
Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Венгрияның Жаратылыстану ғылымдары музейінің мамандарымен бірлесіп Кейкі батырдың бас сүйегіне антропологиялық сараптама жасауда. Оның аясында батырдың келбеті қалпына келтіріліп, заманауи технологияны қолдану арқылы ДНК сараптамасы жүргізіледі.
«Біз бүгін тағы да бас қосып, қазақтың көзмерген батыры Кейкі батырдың денесі көмілген орынды іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін археологтар мен ғылыми қызметкерлер тобын құру мәселесін талқылап отырмыз. Тарихи тұлғаларымыздың атын дәріптеу және олардың мұрасын сақтау еліміздің абырой-беделін арттырып, ұлттық рухымызды өсіреді. Бұл ретте, алда жоспарланған іс-шараларды мұқият пысықтап, осынау тарихи маңызы зор келелі іске бір кісідей жұмыла кірісуіміз керек» деді Иманғали Тасмағамбетов.
Әрине, толыққанды әрі сапалы зерттеу жүргізу үшін біршама уақыт керек. Сондықтан шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар және батыр ұрпақтарының пікірін ескере келе, батырдың денесі көмілген орынды іздестіру, оны анықтау және жерлеу рәсіміне дайындықты келесі жылғы жаздың соңына дейін жүргізу қажет деп шешілді.
«Еліміздің зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссияның шешімі — Кейкі батырдың бас сүйегін арулап қоюды асықпай жасау. Ең бастысы, елімізге батырдың бас сүйегі келді. Бұл егемендігіміздің, еліміздің, Елбасының беделінің арқасында орындалды. Мұны халық түсініп отыр. Ал енді қою мәселесі қыстың көзі қырауда, апарып, жай көме салатын бас емес, ол — халық батыры. Елдің батыры, сол себепті арулап, тиісті мемлекеттік деңгейде жерлеу осы комиссияда шешілді» деді кеңес отырысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай.
Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелу және оны зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай да бұл шешімді қолдайтындығын атады.
«Бүгінгі шешімді қабылдаған еліміздің көрнекті азаматтары. Бұл шешімге мен толықтай қосыламын. Расында да келер жылы күз айында жерленгені дұрыс болады. Өйткені, оған дейін міндетті түрде көптеген мәселе атқалылуы тиіс» деп атап өтті Нұрсан Әлімбай.
Кеңес барысында Иманғали Тасмағамбетов Мәдениет және спорт министрлігіне Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берді.
Кеңесті қорытындылай келе, вице-премьер халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.
www.sn.kz