Радионың рахатын-ай!..

Радио!

Мен «журналист» деген куәландыруы бар жылқының тіліндей жұп-жұқа қызыл дипломның иесімін. Жұмыссыз жүргеніме бүгін тура жарты жыл болды. Газет редакцияларының табалдырығын тоздырған екі аяғыма өгізге жеккен арбаның дөңгелегінше өнімсіз жүріс жүктеліп, тағы да «екі қолға бір күрек» іздеп шықтым. Жалдап тұрып жатқан жазғы сарайыма жүз метрдей ғана қашықтықтағы автобус аялдамасына жеткенімше, әй, сол бір сағаттың о жақ, бұ жағындағы уақыт шығындалды-ақ. Қалтамдағы қарызға алған тиындарымды «түсіп қалмады ма екен» деген күдікпен қайта-қайта санап қоямын. «Жалаң» газеті орналасқан тұсқа іліксем, кері қайтатын жолақымның басын сондағы жігіттер құрастырып берер. «Әріптес» деген кішігірім құрметіміз тұрғанда, жаяу қалдыратындай не жын иектепті оларды?! Тек редакторларының: «Біздің штат толық. Әйтпесе тәжірибең сұмдық екен!», «Қызметкерлерді әр жылдың басында бір-ақ қабылдайтын едік. Сендей мамандардың төрт қабырғаның төбесіне зрениесін құртып жатуы менің де жаныма батады. Амал қанша…» дегендей қырық сылтаумен шығарып салатыны болмаса, жігіттердің бәрі маған тілектес болып көрінеді… Жә, жә, Жәутік, «одежда на вестен» алған күртеңнен басқа шешіп алатын тоның да жоқ, не болса да «жалаңдықтарға» кезекті сәлеміңді беріп қайт!

…Автобустың іші кісіге лық толы. Жеңіл мәшине рөліндегі қыз-келіншектер терезеге жабыса мыжырайған түріме қарап, ыржың-ыржың етеді. Бойы тапалтақ бір ару өзінің кішкене жаратылысына налығандай, қолтығымның астындағы танауын тыржита береді. Үйібай, мына бір қалта тінткішсымақ шалбарымның тесіктеріне саусағын сұғып, қытықтауын қояр емес. Тіл шығара ырсиған ашаң жүзім көшедегі ойын балаларына тіпті тамаша болды. Қыран-топан. Мына автобустың терезесі құдды бір қисық айна дерсің…

Осы сәтте дәл құлағымның түбінен жырқылдаған тұрпайы дауыс та естілді. «Тағы кімнің сегізкөзіне саусақ жүгірді екен?» деген оймен жан-жағымдағыларға солыңқы жанарымды ойнақшыта қарап шықтым. Жоқ, езулері күлкіден басқа қызмет атқарып тұр. Мысалы, анау қыз анда-санда тырс еткізіп қойып, сағызын шайнаңдауда. Оның арғы жағындағы жігіт ерінді екі жағына кезек-кезек қисайтып, тілімен тісін тазартып әуре. Шамасы, әбетін шала-шарпы ішіп, асығыс шаруамен шыққан болуы керек… О-о, біздің Сүйрікгүл көрші мына екі әйелден артық өсек сілтеп көрмеген шығар… Осылайша ойым жалғаса бергенде, ішкі даусым өзімді «Тоқта, Жәутік! Тыңдай қал!..» деп тежегендей болды. Селк ете түстім…

Әлгі естілген қыздың жырқылына автобустағы жолаушылардың күбір-сыбырынан бөлектеу дүбір-дүбірден кейін бір жас жігіттің қарқылдаған, оған іле-шала егде еркектің ырқылдаған күлкілері қосылды… Е-е, манадан бері таба алмай келе жатқан күлкімнің иесі – радиодағы «Мықты болсаң, тауып көр!» бағдарламасын жүргізуші қыз екен ғой. Шопыр жігіт радиоқабылдағыштың даусын сәл ұлғайтпағанда, мен бейбақтың көрінген езуден күлкі табын іздеп, алақ-жұлақ етіп тұра беретін түрім бар. Көзімнің қимылы сиресімен, сол жақтағысынан тәуірірек еститін оң жақ құлағымды колонка жаққа бұрдым. Бағдарлама аяқталып қалған екен. Соңғы он минутындағы «қызығы» мынау:

Жігіт: Ал, Күлімкөз, біздің тыңдармандарға тығатын келесі жұмбағымыз: «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса…» не істер? Солай емес пе, иә? Ха-ха-ха…

Қыз: Әрине… их-хи-хи… Міне, телефон шалған тағы бір тыңдарманымыз бар екен… е-хе-хе… Тыңдап көрейік, Жыртыңқұл!

Жігіт: Олай болса, алл-лоу! А-ха-ха…

Тыңдарман: Әлө, сәләматсыздар ма?

Жігіт: Иә, біз сізді тыңдап тұрмыз… ха-ха-ха…

Қыз: Айта беріңіз!.. хи-хи-хи

Тыңдарман: Мен жаңағы мақалды толықтырып жіберсем деп едім…

Жігіт: — Толықтырыңыз… ха-ха-ха… Алдымен таныса отырайық! Есіміңіз кім болады? Ха-ха-ха…

Тыңдарман: Менің атым – Мыржық. Жаңағыны шешсем деп ем… іх-хы-хы… Жауабы «…ер басына күн туса, еңбек етер» емес пе? Хы-хы-хық-қық…

Енді екі жүргізуші қосыла күлді: Ох-ых-ха-ха-ха! Е-е-ехе-хе-хе! И-хи-хи-хи-хи…

Жігіт: Жоқ, өкінішке орай, сіз шеше алмадыңыз. Өзіңізбен қоштаса тұруға тура келіп тұр енді. Хабарласып тұрыңыз!

Тыңдарман: Ә, таппадым ба? Жақсы онда! Келесіде табуға тырысармын.

Қыз: Жарайды, сау-саламатта боп тұрыңыз дейміз. Келесі тыңдарманымыз телефон шалғанша, біз мына бір тамаша әнді тарту етеміз. Бізбен бірге болыңыздар! Хи-хи-хи…

Әні кетті «әуелеп»:

«Мен сені сағынып жүрмін,

Жаным, қайда кеттің?

Неге хабарласып тұрмайсың, сүйіктім?

Жүрегім іздейді өзіңді,

Естігім келеді сөзіңді,

Тауыстың ғой төзімді!

Жаным, жаным…»

Қыз: Міне, құрметті радио тыңдаушылар, осы әсем әннен кейін жүректеріңіз толқып, біз тыққан жұмбақтың жауабын шешкілеріңіз келіп отырған шығар деп ойлаймыз. Хе-хе-хе… Жыртыңқұл, қалай, телефон шалған келесі тыңдарманымыз тосып отыр екен… хи-хи-хи… Кезек берейік пе?

Жігіт: Берсек, берейік! Ха-ха-ха… Алл-лоу!

Тыңдарман: Алло, ассалаумағалейкум!

Жігіт: Уаликсалам, қарындас! Ха-ха-ха… Сіз, шамасы… дін жолындасыз-ау деймін, ә? Ха-ха-ха…

Қыз: Иә. Алдымда хабарласқан тыңдарман шеше алмаса… не… істей алмаса да… мен табайын деп едім…

Қыз: Кешіріңіз… хи-хи-хи… Сіз біз жасырған мақал-жұмбақтың шешуін тапқалы тұрсыз ғой. Солай ма? Хе-хе-хе…

Тыңдарман: Әрине, әрине…

Жігіт: Олай болса, атыңызды білсек бола ма? Ха-ха-ха…

Тыңдарман: Әрине, болады. Менің аты-жөнім – Түймегүл.

Қыз: Дұрыс екен. Хе-хе-хе… Атыңызды ата-анаңыз түймедей мықты болсын деп қойған ғой. Хе-хе-хе… Біз солай ойлаймыз… іх-хі-хе… Сонымен, «ер басына күн туса…»

Тыңдарман: «…жұмыс істеу керек» шығар, меніңше?

Жігіт: Сіздіңше ме? Дұрыс емес! Ха-ха-ха…

Қыз: Сау-саламатта боп тұрыңыз дейміз тағы да… хи-хи… Тағы бір тыңдарманымыз хабарласып тұр екен. Тағы да алоу!

Тыңдарман: Алло, қайырлы күн!

Жігіт: Қайырлы күн! Иә… Атыңыз…

Тыңдарман: Мен – Көкішпін. Мақал: «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер. Ер басына күн туса, етігімен су кешер»!

Жігіт: Сенімдісіз бе? Ха-ха-ха…

Тыңдарман: Солай болар деп ойлаймын. Ауылда солай дейтін сияқты еді… Еміс-еміс есімде қалыпты… ііі-хі-хі-хі… Уһ!

Қыз: Жоқ, сіз, жалпы… е-хе-хе… дұрыс тауып тұрсыз. Естігеніңіз есте қалған екен. Қуаныштымыз. хи-хи-хи… Енді кімдерге сәлем жолдайсыз? Біздің жеңімпаздар сәлем жолдап тұрады ғой… хе-хе-хе…

Тыңдарман: Мен қазір қасымда радио тыңдап отырған әжеме сәлем жолдаймын. Сосын асүйде жұмыртқа жуып отырған мамама…

Қыз: О-оу! Жұмыртқаңыз тәтті болсын! Хи-хи-хи… Мамаңыз қандай ас әзірлеп отыр еді, құпия болмаса?

Тыңдарман: Ә-ә… әншейін, жұмыртқаға сосиска қосып қуырайын деп отырған.

Қыз: Онда, сосискаңыз да тәтті болсын! Қуаныштымыз. Сау-саламатта боп тұрыңыз дейміз тағы да.

Жігіт: Ойбүу, Күлімкөз! Осымен бізге берілген уақыт та өз мәресіне жетіп қалған екен. Тыңдармандардан кешірім өтіне отырып, қоштасуымызға тура келіп тұр. Ха-ха-ха… Құрметті радио тыңдаушылар, кешке кездескенше…

Қыз: — Хе-хе-хе… Иә, Жыртыңқұл… Кешкі эфирге дейін сау-саламатта боп тұрыңыздар дейміз. Келесі әсем әнге кезек берейік…

Ммм… неге мен осындай бір радиоға жұмысқа орналасып алмай жүрмін? Неғұрлым көбірек күлсем, соғұрлым айлығым да өсе түспей ме? Ол үшін бес жыл бойы журналистикада оқып, бас қатырудың да қажеті жоқ… Әй, қой, Жәутік! Әлемде бірінші орын алатын анекдотқа да жымия салмайтын мына түріңмен «Мықты болсаң, тауып көр!» сияқты бағдарламаларды жүргізе алмассың…

Келесі аялдама – «Жалаң» газетінің редакциясы орналасқан жер. Оның бастығынан саңырау құлағым жақсы сөз естімесе… естімесе бар ғой… амал жоқ, тұп-тура радиоға тартамын! «Стажировкада» жүріп, отыз минуттың жиырмасын күлкімен өткізуді меңгеріп те алармын. Жырқ-жырқ, сылқ-сылқ, кеңк-кеңк, қарқ-қарқ… Рахат қой, шіркін!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Мынаны да қараңыз

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫНЫҢ қалжыңдары

Бір орыс елінің қатыны… Cейіт Кенжеахметұлы Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Торғай ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *