Не түлен түрткенін білмеймін, жетіншіні бітірмей жатып «журналист болам» деп желпіндім. Өйткені, жер бетінде одан жеңіл жұмыс жоқтай көрінді. Көк жәшіктің ішіне кіріп алып, таңертеңнен кешке дейін көкисің де отырасың. Өтірік күлуге өнерің жетіп, ұрыс-керістен тартынбасаң, ұлтты «тәрбиелеуден» ұялмасаң болды. Ол жалықтырып, «қоғам қайраткері» атанғың келсе, асабалардың сөзін жаттап ал да, айғайла, екілен, есір! Жер тепкілеп жұлқын! Эфирге есі кеткен елдің көзін бояп, «көсеміне» айналып шыға келесің! Алда-жалда сайлау бола қалса, алдына салып айдап апарып «додаға» қосып, дүбір тынғасын «қамытыңды» қайта кигізе салатыны тағы бар. Ұялмайтын бет, талмайтын жақтың сыналар тұсы да осындай сайлаулар емес пе?! Ақшасы да көл-көсір көрінеді. Демек көк жәшіктің сыртында да көкуге мүмкіндік бар. Мінбер біткен сенікі!
Әне, көрдің бе, журналист болсаң, жерде қалмайсың! Қабілетім өзіме аян, ара-тұра әтешше шақырып ән салғаным болмаса, өсек-аяңнан басқаға ебім жоқ. Көш кері айналғанда, мен сияқты «ақсақ түйеге» одан артық кәсіп жоқтай көрінді!
Бұл ойымды жеті құрт беріп аузып майлап, көршім Жәутікке жұқалап жеткіздім. Қанша дегенмен жездесі «Жезтырнақ» газетінің бас редакторы ғой. Ежігей құртымды ұртына ұрған Жәутекең езуінен су ағып тұрып «ертең айтам» деді.
Жездеміз жауабын кешіктірмеді, Жәутік арқылы «жылдам жетсін» депті. Майлы жерімді шортигімнің сыртынан шапаттап шауып бардым.
— Тілші болу деген тек тіл безеу емес, — деді бас редактор сөзімді тыңдап алғасын қалам ұстаған қолын былай да былай бұлғап. — Маған факті керек, факті!
— Үйде папамның пәпкісі бар, — дедім. Қолтығыма пәпкі қысып, талтаңдап бара жатқан бейнем көз алдыма келе қалды. Мен қуанып кеттім, Жәутіктің жездесінің жүзі қуарып кетті.
— Факті деген папкі емес. Ол дерек, айғақ, құжат… — деп қылғынып бастады да, сөзін соза беруге синонимі таусылып, соңында «дәлел» деп барып, демі бітіп тоқтады.
— Қысқасы, саған ең оңай тапсырма берем. Соны ойдағыдай орындасаң, қаламақым қалтамда дей бер. «Жертырнақта» жарық көрдім дегенше — жер жүзіне журналист екенімді мойындаттым дей бер!
— Тапсырманы тезірек беріңіз, — дедім тықыршып.
— Басың әлі жас, сол үшін ең оңай тапсырма берейін. «Шырайлы шаңырақ» байқауының жеңімпазы Шығайбаевтар туралы шырайын шығарып шығарма жазып кел. Көп сөзді көпірте бермей, фактіге құр! Фактііі!
— Сонда қалай?
— Отбасының қанша баласы, неше немересі бар. Соның бәрін саусақпен санағандай тізіп кел. Әулеттегі дәулеттің сыры неде? Көл-көсір кіріс қалай келіп жатыр, соны отбасы мүшелерінің өз сөзімен бер! Факті деген сол! Бар, жөнел!
«Басқа түскен баспақшыл», «біссімілдә»» деп отағасының нөмерін тердім.
— Өләу, — деді өктемдеу үн.
— Ағеке, мен «Жезтырнақтан» хабарласып тұр едім. Жеңістеріңіз құтты болсын.
— Қай Жеңіс?
— «Шырайлы шаңырақты» айтам…
— Шаңырағымызда шатақтарың болмасын. Не керек енді?
— Неше балаңыз бар екенін айтып жібермейсіз бе?
— Не? Мен жиналыстамын. Жеңгеңе хабарлас….
Тыңқылдаған телефонды тым-тырыс тыңдап қалыппын. Бір уақытта есімді жиып, жарты сағат сұрастырып, жеңгейдің де нөмірін таптым. Жайлап звондап, жылпылдата жөнелдім.
— Ужас. Сондай да сұрақ бола ма? — деді сауалымды естіген жеңгей. – Ертең қате кетіп, басыммен жауап беретін жай жоқ. Мен салонға бара жатырмын. Қызметші қыздан сұра. Балаларды сол бағады. Сау бол, — деді сылқым дауыс сылқ-сылқ етіп.
Қызметші қыз да Құдай атқыр болып шықты. Қырсығып дұрыс жауап бермеді.
— «Мен оның мектеп жасындағы балаларын ғана бағамын. Басқасында шаруам жоқ. Бауырлары туралы өзі айтсын, керек болса мына нөмірге звонда», — деп 11 оқитын қызының нөмірін берді.
«Тәтелеп» іші бауырына кіргеніммен, бауырлары туралы айтудан ол да жалтарып, басын ала қашты.
— Бұл сұраққа мен неге жауап беруім керек. Алты оқитын інім айтсын, — деп тағы бір нөмірге сілтеді. Інісі де інге кіргір неме екен, балабақшадағы ағасының баласына бағыттады.
«Жезтырнақтың» атын айтып шошытып, ұйықтап жатқан жерінен оятып алдым. Сөйтсем, ол әлі тілі шықпаған екі жастағы бүлдіршін екен. Басқаларға қарағанда иманы бар екен, қарсы болған жоқ (Тәрбиелешілерінің айтуынша, басын изепті). Былдыр-былдыр, шылдыр-шылдыр екі сағат ежіктестік. Диалогымызды диктофонға жазып алдым. Қанша дегенмен факті ғой!
Түн ұйқымды төрт бөліп, Шығайбаевтар туралы «шығармамды» жазып шықтым-ау. Жүрексіне, жүнім жығылған қалпы Жәутіктің жездесіне қарай қорқақтай жортақтадым.
Редактор «мақаламды» қолына алып оқи бастап еді, өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетті.
«Әже — «әй-әй», ата — «кәкәй», тәтә — «тәтәй», мынауың не сандырақ?! — деп өңеші жыртылардай бақырып, жазбамды жыртып-жыртып бетіме лақтырды. – Не мынау?!
— Факті ғой…
— Бүйткен фактіңнің енесін ұрайын. Сайтан алғыр-ау, тым құрысы сайттан ұрлап, сілтеме жасау миыңа кірмеді ме? Мынаны қайтіп басам газетке?!
Зәрем ұшып атып шықтым. Екі көше айналып, ентігімді басып, интернетке кіріп, «Шығайбаевтар» деп теріп «ентерді» бастым. «Факті» деген самсап тұр екен.
«Шығайбаев Шықбермес – он баланың әкесі. Бесеуі — бірінші әйелінен, үшеуі -екіншісінен. Соңғы екеуі сүйіктісі Сылқымнан. Сылқым жеңгеміздің де жетісіп тұрғаны шамалы, төрт күйеуге тиіп, бес бала тапқан. Үйіндегі қызметші Шықаңның нақсүйері деген қауесет бар. Анық-қанығы көршісі Кәмилаға аян. Мектептегі балалары бытысып жатыр. Балабақшадағы немересі Сылқымның бірінші баласының әйеліне еріп келген-мыс»…
Арғы жағын оқу ауырлау тиіп кетті.
Бәсе, бұлар неге жауап беруден жалтарады десем, арттары таза емес екен ғой. Бірақ жұрт білгенді жасырмай-ақ айта салса болар еді ғой. Бәлденіп, «баскетбол» ойнамай-ақ.
Журналистіктен жүрегім айнып, әнші болуға ықыласым ауып кетті. Әжептәуір дауысым бар еді.
Әлеулей-ай, әлейлайлым, әлеулай-ай!
Қарсы ал, қазақ эстрадасы! Журналистикада жолы болмаған жұлдыз келе жатыр!
Әнші болып танылсам, көк жәшік өзі-ақ шақырар деген есек дәмем де жоқ емес.
Абылай МАУДАНОВ
t0byl-torgai.kz
фото: super-positive.ru