Мен қалай депутат болып кете жаздадым?

2011 жыл болуы керек. Мен қалай депутат болып кете жаздадым?Анық білмеймін, бірақ Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңы еді. Аяқ астынан астанадан Жасұлан Айсағали ағам звондап, маңызды бір құжатты поездан күтіп алып, Аманжол Күзембай ақсақалға апарып беруді тапсырды. Айтқанын бұлжытпай орындап, әлгі пакетті тарихшы ағайымның қолына ұстатып, жылыстай беріп едім, ол кісі тоқтатып алды. «Асықпа, бірге оқиық» деп, ашып, бір-бірлеп алып көз жүгірте бастады.
— Өй, бұлардың мұнысы несі? Адам деген сүйте ме екен?, — деді ұстазым өзіне тән дауысымен кейи сөйлеп.
— Жайшылық па, ағай?
— «Маған депутаттық бол, Қостанайдан бір кандидат керек» депті. Алпыстан асқанда Парламентке барып не бітірем? Менсіз де шал-шауқаны аз ба ол жақтың? Оған жастар бару керек қой. Бірақ, табан астынан кімді табам?
— Білмедім ағай. Мен кете берейін.
— Әй, тоқта!, — ағай қуанып кетіп. — Сен осы партияда бар немесің бе?
— Жоға…
— Жоқ болсаң — қабылдаймыз. Осыған шейін «Нұр Отанның» қармағына қалай түспей жүрсің, ә? Сен боласың кандидат. Бітті!
— Қалай…
— Солай! Жоғары білімдісің, дардай атың бар, танымалсың. Ұлт мүддесі үшін сендей жастар қызмет ету керек. Нағыз іске кірісер кездерің. Саспа, мен ақылшың болам. Кеңесімді, көмегімді аямаймын, — деді ұстазым кәдімгідей жанашырлық білдіре, сенім арта сөйлеп.
— Ағай, менде прописка жоқ, — дедім жандәрмен сылтау іздеп.
— Жоқ болса — істе! Бар, тездет!
— Ағай…
— Өй, сылтауың беш тиынға керегі жоқ деймін. Бар жылдам. Уақыт аз. Тап қазір сенен лайық адам көріп тұрған жоқпын. Ертеңге дейін мынаның бәрін толтырып әкел… Арғыкүнге үлгіруіміз керек. Мен кімді іздеп жүрем қазір.. Бар, әйда.
Аманжол ағай әкеп берген «поштамды» өзіме қайта берді. Жәй ғана берген жоқ, мойыныма мың батпан жауапкершілік артып жіберді.
Қалайша «халық қалаулысы» болатыным миыма сыймай, ХҚКО жаққа аяңдадым… Бірақ, мен пропискаға отырып, құжаттарымды жинағанша, келесі күні-ақ партия ішінде шу шығып, ыру-дыру боп кетті…
Бірақ, осы саяси доданың арқасында ресми түрде тіркеліп, Қостанай қаласының азаматы болдым. Оның пайдасы кейін көп тиді. Содан ба, сайлау десе кәдімгідей ішім жылып тұрады. Ал, 2005 жылы Президент сайлауында Арқалықта қалалық штабтың баспасөз хатшысы болғанымды кейін айтармын.))
Абылай МАУДАНОВТЫҢ
facebook парақшасынан 
фото tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

«ӘУЛИЕ» ІЗДЕП ӘУРЕ ДЕСЕДІ…

Сыбайластықты сылып тастау департаменті Ұсақ жемқорларды іріктеу басқармасының Қолма-қол ақшамен пара берушілерден түсінік алу бөлімінің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *