Таспа

Арқалықтық боксшылардың арыны қатты

АБ!

Арқалық қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі бокс секциясының бапкері Марат Сейітмағанбетов қуанышты хабармен бөлісті. Бұл туралы arknews.kz  хабарлады.

1998-1999 жылдары дүниеге келген қыздар арасында Денисовка ауданында Қостанай облысының чемпионаты өткізілді. Онда арқалықтық боксшы, ҚР чемпионы, Ш.Уәлиханов атындағы №1 орта мектеп оқушысы Жанна СЕРІКОВА 57 келі салмақта қарсыластарынан оза шауып, қанжығасына жүлделі 1-орынды байлады.

Сонымен қатар, 2000-2001 және 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасында алты спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Атап өту керек, алты былғары қолғап шеберінің бесеуі жүлделі 1-орынға ие болды. Жаттықтырушы М.Сейітмағанбетовтің айтуынша, бұл – қаламыздың жас буын боксшылары үшін үлкен көрсеткіш.

Атап айтсақ, 48 келі салмақ дәрежесінде Жандос МҰХАМЕДУӘЛІ, 54 келі салмақта Евгений ЛЕВЧУК, 36 келі салмақта Ақжол ОРМАНБЕКОВ, 48 келі салмақта Ғалым ҚАДЫРОВ, 50 келі салмақ дәрежесінде Жансерік СЕРІКОВ қарсыластарының бәрін артта қалдырып, 1-орынды жеңіп алды, яғни Қостанай облысының чемпионы атанды. 50 келі салмақ дәрежесінде жерлес спортшыға жол берген Азат ИМАНБЕРДІ 2-орынға ие болды.

Бозкілемнің шаңын шығарды

Сондай-ақ спорт мектебінің қазақ күресі бойынша жаттығып жүрген палуандар да жақында облыстық чемпионаттан жүлдемен оралып қайтты. Лисаковск қаласында 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында бір топ спортшы шеберліктерін сынға салды.

Оқырмандардың есіне сала кетсек, бұған дейін қазақ күресінен ересек палуандар жеңіспен оралған болатын. Ендігі кезек – 1999-2001 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасындағы облыс чемпионаты. Бұл спорттық дода Арқалық қаласында 26-28 ақпан күндері өтетін болады.

Спортшылардың жетістіктеріне тоқталар болсақ, Арқалыққа қарасты Родина орта мектебінің оқушылары – Елжан БЕКҚАЛИЕВ 38 келі салмақ дәрежесінде 3-орынды, Жәнібек ӘБДІБЕК 46 келі салмақта 3-орынды, Әділет ОРАЗБАЙ 46 келі салмақта 3-орынды, Тимур ӘБУТАЙ 55 келі салмақ дәрежесінде жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Ал А.Құнанбаев атындағы № 6 орта мектеп оқушылары – Қайрат ӘКІМБЕК 50 келі салмақта 2-орынға, Ерсін РАЙХАНҰЛЫ 66 келі салмақ дәрежесінде 1-орынға, Аружан ҚАЗЫМБЕК 57 келіде 2-орынға көтерілді. №4 орта мектеп оқушылары – Бақытжан МАНАСБАЕВ 46 келі салмақта 1-орынға, Ислам АЛТЫНБЕК 60 келіде 2-орынға, Қайрат ЕРМАХАН 60 келіде 1-орынға ие болды. Ал гимназия оқушысы Мұхтар СЕРІК 73 келіден артық салмақ дәрежесінде 3-орынға тұрақтады.

Арқалық БЖСМ бапкерлерінің мәлімдеуінше, ҚР чемпионаты 4-6 наурыз күндері Павлодар қаласында өтетін болады.

«Тобыл-Торғай»-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Торғынбек Әміров, боксшы: «Жеңісімді Торғай жұртына арнаймын»

MTK Global промоутер компаниясының алтын келісімшартын жеңіп алған боксшы Торғынбек Әміров ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында жекпе-жектері ...