Бұл жерде тағы бір шегініс жасап көрейік, жалпы, Мұнанай деген сөзді Меновой, яғни, айырбас не Меновой двормен байланыстаратынын айттық, ондай айырбас сарайлары Орынборда, Троицкіде болған, қазақтар Орынбордағы Меновой дворды да жиі пайдаланатын болған соң, онымен шатастырмас үшін Троицкінің жер аты Мағынаймен атаған дұрыс болар, негізі Мағынай деген жер аты, ол Қостанай облысының Қарабалық ауданында орналасқан, Троицкінің өзі Қазақстан шекарасынан бар болғаны 10 шақырым қашықтықта орын тепкен. Әрине, бұрынғы өз жеріміз ғой.
Кезінде біраз уақыт Қостанай уезінің орталығы да болған екен
Сауда қатынасы – қала өмірінің басты белгісі
немесе Шығыс пен Батыс қақпасы туралы
Айырбас басында қала ішінде емес, қала сыртында болған ғой, қанша дегенмен «ордалықтардан» (қазақтарды осылай немесе кейде «киргиз-кайсаки» деп те атаған) қауіптенетін болған.
Кейін ол жер өсе келе әртүрлі заттар сататын алаңдарға, көшелерге айнала бастайды.
Мысалы, қазақтар, әрине, мал өнімдерін сататыны белгілі.
Ол туралы жылнамашылар: «Киргизцы (киргизцы деп бұл жерде қазақтарды айтып отыр) в бараньих островерхих шапках, неистово и пронзительно ревут верблюды, вьюченные тюками товаров. Забазарной начинается конная площадь, чтобы покупатели могли видеть или выбирать лошадей по вкусу, табуны постоянно перегоняли с места на место. Кругом табуна носится наездник-джигит на лихом коне. В руках у него длинная, в несколько сажен, легкая лука, взмахом которой джигит на всем скаку накидывает ей на шею длинную веревку. Табун шарахается в сторону, веревка волочится по земле. На всем скаку поднимает веревку, ловко подперев ее концом своей луки, и веревка в его руках, лошадь поймана. За конной площадью тянется верблюжья. Двугорбые верблюды, старые и молодые, красивые и грациозные верблюжата, стоят здесь, привязанные, выжидая покупателя. Рев здесь стоит отчаянный.», – дейді.
Қаланың сауда орталығы ретіндегі рөлі туралы мақаламыздың басында айтқандықтан енді оның көлеміне тоқтала кетсек. Мәселен, 1787 жылы мұнда сауда жасауға 11780 қазақ келіпті. Сауда тілі қазақ, башқұрт және татар тілінде жүргендіктен қала халқы қазақ тілін қолданыс тілі ретінде пайдаланған екен, оның үстіне жыл өткен сайын түркі тілдес, жалпы мұсылмандардың саны артып, уақыт өте келе олар қала халқының 40% құрайтын болған. Қала тұрмысына қазақ дәстүрінің мықты енгені соншалық, Ресей бойынша қымызбен емдеу орталықтарының көпшілігі дәл осы қалада орналасыпты.
Әуел баста жылына 3-5 мың қазақ жылқысы айырбасталып отырған, одан қалды Орта және Кіші жүз қазақтары 15-25 мың қой айдап әкелетін еді.
1870 жылы саудаға 27 мың жылқы, 90 мың ірі қара жеткізілген екен. Сол жылы жалпы сомасы 1 453650 сомға сауда жасалған.
Ал 1772 жылы 223 мың қой мен ешкі қазақ сахарасынан әкелініп, айырбасқа түскендігінен-ақ сауданың қаншалықты күшейгенін көруге болады.
Сондай-ақ 1764 жылы 36 707 дана тері де жеткізілген екен.
Мұнанайға жылына жарты жүз керуен келетін болса, оның сыртында жергілікті саудагерлер 10 шақты сауда керуенін жасақтайтын болған.
Сауда керуендері қазақ даласынан басқа Бұқараға, Ташкентке, Хиуаға, Қоқанға, Ходжентке, Қашғарға және өзге де Орталық Азия мен Шығыс Түркістан жерлері мен қалаларына сапар шегетін еді. Одан әрі Үндістан мен Қытайдан, Персия мен Осман империясынан саудагерлер тауарларын жеткізіп жататын. Әрине, Ресейдің Еуропалық бөлігі мен Сібірден келіп жатқан саудагерлер тағы бар.
Сауданың қала өмірінде қаншалықты рөлі күшті болғанын мынадай мысал келтіре отыра айтып кетсек.
Мұнанай қаласында Башкиров деген кісі болған екен, бәрін зерделеп, бақылап, ой елегінен өткізген ол баю үшін Торғай қазақтарына керек шай-пай, мата-шата сияқты заттарды керуенге салып алып, Торғай қаласы маңындағы қазақтарға келіп түседі де оларға өз тауарларын ұсынып, көп мөлшерде мал шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Елдің жігіттерін оны Мұнанайға жеткізуіне көндіріп, алдын ала келісіп кеткендей ондағы (Мұнанайдағы) жұмысқа дайын тұрған әртүрлі кәсіп иелері бірнеше мың қой мен жылқыны заматта сойып, жүніне дейін қырқылып, ішек-қарнына дейін пайдаланылып, бәрі де бір қарық болып қалады. Не керек, бұрын саудагерлер малды және мал өнімдерін белгілі бір кезеңде әкелетін болса, ол ерте көктемде жеткізіп, барлық бәсекелестерін басып озып, қаланың ең дәулетті тұрғынына айналады. Міне, қазақ қойы мен жылқысы Башкировты осылай бір күнде дәулеттілер қатарына қосады.
Сауда демекші, сол дәуірдегі атақты татар саудагерлері Яушев пен Валеев қалада жәрмеңкеде өнер көрсетуге келген Қажымұқан бабамыздың өнеріне тәнті болғандығы сондай, іші дүние-мүлікке толған үй сыйлап, әйел де алып беріпті.
Әрине, сауда болған соң алдау-арбау да болатыны белгілі, дәл Мұнанайдың түбіндегі Чернушка деп аталатын жердің тұрғындары мың-мыңдап мал айдап алып келген қазақтардың малдарын ұрлап, кейін бірақ ол кәсіптерін қойып, бәрі коммерция жасау ісі жолына түскен деседі.
Ал Золотая Сопка деп аталатын жерде оңтүстікке жол тартқан кірешілерге шабуыл жасалып, ең қымбат дүние мүліктері, ең алдымен, алтындары тартып алынып отырған. Бір қызығы, олар да ол кәсіптерінен бас тартып, кейін заңды кәсіпкерлікке бет бұрған екен.
Бірақ сауда бір сәтте тыныстамай, жыл сайын маусым айынан бастап қазан айына дейін жалғасатын болған.
Қала өміріндегі сауданың рөлін мына цифр айтып тұр, егер 1861 жылы сауда айналымы 6 млн. сомға жасалған болса, атақты Санкт-Петербург коммерциялық банкінің капиталы бар болғаны 7 мың сомды құраған.
Жалпы, бұл қала Ресейдің, қысқаша айтқанда, шығысқа шығатын қақпасы рөлін атқарған.
Мұнанай қаласы халқының тілі – түркі тілі
Бұдан бұрын да айтқанымыздай, Мұнанай халқының жартысы қазақтар мен татарлар болатын (әрине, қалада олардан басқа башқұрт сияқты өзге де түркі халықтарының өкілдері де тұрған). Өз кезегінде қазақ-татар тілі түркі халықтарының ғана емес, жалпы қала халқының бәрі түсінетін және сөйлейтін сауда тіліне айналды. Мысалы, сауда уақытын қала халқы «сатовка», яғни сату дейтін. Мәселен, қазақ батырының Алма деген қызы (Плеваконың шешесі) жаугершілік заманда ата-анасынан көз жазып қалып, оның екі күн далада сенделуіне тура келгенін өз естелігінде қартайған жасында еске алады, ата-анасынан ажырап, өзен жағасына келеді, ал өзеннің екінші бетіндегі, ежелгі Қарабалық жерінде орналасқан Мұнанайда (Троицк) оны кеден басқарушысының аспазшысы Алманың жылаған даусын естіп қалып, «әке-шешең қайда, неге жылайсың, қарның ашты ма, балам?» деп жұбата отырып, тап-таза қазақ тілінде сұрайды да бері өткізіп алады. Алма қолымен даланы нұсқап көз жасына ерік бергенін айтады.
Жалпы, казактардың кейінгі кезге дейін кезіндегі «домашний язык» деп түркі тілінде сөйлегеніндей, Троицкінің қарт орыс тұрғындары да өзара қазақ-татар тілінде сөйлескен екен.
Оның үстіне сауда уақытында дала қазақтарынан басқа Орталық Азия елдерінен келетін саудагерлер саны қала халқының санын уақытша болса да тағы өсіріп жібереді және олар бір-бірін түркі тілінде түсінісетіні белгілі.
Мұнанай – түркі жұртының білім, дін ошағы
1866 жылы қалада 537 қазақ тұрыпты, алғашқы қазақ училищесі де осында ашылған болатын. Оның сыртында қазақ даласынан, Орталық Азия елдерінен де келуші қазақтар көп еді. Кейін 30 000 адамды құраған қала халқының жартысы қазақ пен татар, башқұрттан тұратынын басында айтып едік.
Қалада 7 мешіт жұмыс істеп тұрды, осы жерде мынадай қызықты жағдайды айта кетуді жөн көрдім.
Егер Орталық Азия жерлерінде мешіттер әдеттегі үрдіс бойынша салынатын болса, мұндағы мешіттер алыстан менмұндалап, өте көркем архитектурамен салынып отырған, оған себеп православ шіркеулерінің алыстан көзге түсуі болса, мұсылмандардың да олардан кем түспейтіндігін білдіру еді. Әрине, мешіт салу өте зор қиындықтармен жүргізілген, өйткені рұқсат алу қиынның қиыны болған, ал рұқсат алынған жағдайда қаланың мұсылмандары – байы бар, кедейі бар бір кісідей жұмылып, мешітті тез көтеріп алатын болған. Мысалы, Ескендір Бабажанов деген қандасымыз 1835-1838 жылдары қаладағы екінші мешіттің салынуына мұрындық болады.
Дәл осы Мұнанайда 1861 жылы қазақ балаларына арналған мектеп ашылған болатын (Ыбырай Алтынсарин бастамашылығымен ашылған мектептердің бірі).
Сондай-ақ 1850 жылы атақты Расулия медресесі де іргесін қалаған еді.
Сондықтан жалпы түркі халықтарының тарихында, оның ішінде, әрине, қазақ мәдениеті, білімі мен дін, сауда ісі жолында Мұнанайдың алатын орны айрықша.
Мұнанайда 1907 жылы «Қазақ» газеті атты басылым шығарылса, 1911-15 жылдары «Айқап» журналы шығып тұрды.
Қала орыс публицисі Иван Крыловтың, Ресейдің атақты адвокаты Федор Плеваконың, татар ақыны Ғабдолла Тоқай мен башқұрт ақыны Мәжит Ғафуридің туып-өскен және жұмыс істеген қаласы болса, қазақтың атақты зиялылары – Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов осында оқыса, Сәбит Дөнентаев пен Сәкен Сейфуллиндер осында шыққан «Айқап» журналында шығармаларын жариялатып отырған.
Қысқаша айтқанда, қазақ халқының өмірінде ерекше орын алған қала – Мұнанай (Троицк) осындай болған еді. Қазір РФ Челябі облысына қарайтын 80 мың халқы бар қала.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Фотолар troitsk74.ru сайтынан алынды