Қасқырдың қолқасына сұғылған қол

 

КАСКЫР!

«Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп ұлы Абай айтқан қазақтың аңшылық салт-дәстүрінен асқан ғанибет мен үшін де кездесе қоймайтын сияқты. Бәлкім, бұлай деуіме өзім туып-өскен ауыл аңшыларымен етене араласып, солардың тәжірибесін жас санаға сіңіріп өскендіктен бе, кім білсін?!.

Айтқандай, мен он жасымнан бастап көнекөз шалдардың қасында жүріп, аңдардың күз айларындағы жалғыз аяқ соқпағы мен қыста шиырлаған жымына қақпан, тұзақ құрып өскенмін. Талай түз тағысының терісін сыпыртқан қандыауыз қара мылтықты ұстағанда да қиядағыны қалт жіберіп көрген күнім болған емес. Елімізде кездесетін аң-құс, жабайы жануар біткеннің барлық түрі біздің үйдің шағын «қасапханасынан» табылатын. Бірақ, өз басым сол ен даланың еркін еркелерін мылтықпен айдалада тұрып алып жайрата беруді аңшылыққа жатқыза алмаймын. Сол себепті, жастайымнан тазының күшігін баптап-баулып және ауыл іргесіндегі қалың тоғайды қақпан, тұзақтарымды арқалап алып кезіп кететінмін. Азапты еңбектің рахаты да сонда жатыр. Негізінен саят өнерінің мергендігіңнен гөрі ептілігіңді шыңдауға тигізер әсері күшті ғой…

Желтоқсан айының аязды бір күнінде мені өзіме айласын адамнан үнемі асырып жүретұғын көкжалдарды қақпанмен қалай аулау керектігін бүге-шігесіне дейін үйреткен Қайролла ақсақалдың жайы елең еткізді. Ол кезекті аңшылықта жүрген бір сәтінде дала сырттаны – қасқырдың арланымен арпалысып қалған екен. Алып-қашпа әңгімеге қарағанда, бұл шалекеңнен асқан батыр бұрын-соңды тумағанға ұқсайды. Жалғыз қолмен көтеріп алып жерге соққан дей ме-еу, аузынан қолқаның сабағын жүрегімен қоса жұлып алған дей ме-еу… әйтеуір, көзі тірі кісі туралы аңыздың ауаны бірінен-бірі өтеді.

Кейінірек аңшы ұстазыммен өзім жолықтым. Мені үздіктіре түскісі келгендей, мыжырайған көне тымағын қасқа маңдайын жарқырата кері ысырып қойып, қара бұйра насыбайын астыңғы ерінге баппен лақтырып тастап, көзін жұмған күйі біраз отырды. Ұзақ үзілістен кейін барып тойған торпақша бір ыңыранып алды. «Ал, ақсақалым бабына келде-е-е!..» дедім іштей, зор ыңыраныс ырғағымен қозғалақтай отырып.

«Ол оқиға былай болды, балам…» – деген сәтте аузына кіріп кетердей ентелей түскенімді өзім де сезбей қалдым. Бағанадан бері айтарын көкірегіне жиып отырғандай кейіп танытқан ұстаз-аңшы ал кеп ағытылды-ай дерсің…

– Мал жайлаудан қолым қалт еткен кезде үш күн бұрын сары обаның етегіне құрған қақпандарымды қарауға шыққанмын. Келер жолымдағы біріншісін қарасам, саған өтірік, маған шын, анау көкшолағың алдыңғы аяғының жіліншігін өткір азуымен шайнап-шайнап, қақ бөлген күйінде тастап кетіпті. Ол қақпанның сүйреткісі жоқ болатын. Шынжырын жуан діңгекті талдың түп жағынан кәпір сыммен мықтап байлап қойғанмын. Содан кейін не болды дейсің ғой?..

– Иә, не болды?

– Үш аяқты неменің қанын сорғалата сүйреткен ізі мына жаман атаңды екінші қақпанға қарай ерте жөнелді.

– Соған түскен ғой?

– Тұра тұр! Бұл хикаяның қызығы да сол жерден басталады… Сөйтіп, өзің айтпақшы, сүйреткі байланған сол қақпанымды қалың жыныс арасына қарай алып тартқан екен, жарықтық. Бөрене кесіндісінен жасалған сүйреткі итмұрын арасындағы шырмауыққа оратылып, әлгіміз сол тұста кептетіліп тұр екен. Мені көрген бетте көзі оттай жанып, жуандығы саусақтай тістерін ақсита «гүррр» ете қалды. Мен де «қанды басың бері тарт!» деп шолтиған қайың шоқпарымды қара тұмсыққа дәлдеп тұрып сілтеп кеп жібердім. Қас қылғанда, шоқпар тұмсық үстінен тайып өтіп, өз екпініммен жыртқыштың дәл алдына омақаса құладым. Ол пәлеге де жан керек, қас-қағым сәтті қалт жібергісі келмегендей, шапшаң қимылмен тұлыбымның оң иығынан қапсыра тістеп, мені астына жұмарлап басып ала жаздады. Дереу сол қолыммен азу тұсынан бір соққы жасап үлгердім. Иықтан жібере салып, екінші қолыма атылған мезетте оң қолмен қолақ шекеден сарт еткіздім. Тағы да жібере салып ұмтылғанында, оң қолды кезекті рет сілтеп едім, жұдырығымның аузына кіріп кетпесі бар ма… «Өлген жерім осы!» деп ойлап үлгерсем де, жан беру маған да оңай ма, қолды одан әрі итеріп, өңешіне бір-ақ жеткіздім. Білек жырым-жырым. Қан жуып, удай ашып барады…

Әңгіменің қызған шағына енді жеткенде, аула ішінен қақырынып-түкірініп Қайролла ақсақалдың кемпірі келе жатты.

– Әй, шал, баланың басын қатырмай, анау сиырларды байла! – деп жүре сөйлеп, желке тұсынан келіп қалды.

– Еее, бұл сөйтеді енді… – деп ақсақал да асықпай тұрып, етегін қағына бастады.

Бұл хикая одан әрі жалғасын таба алмаса да, Қайролла ақсақалды сол тұстан жылқыларын тебіннен қайтарып әкеле жатқан көршісі Жұматай көріп, ауылға арқалап алып келгенін білемін. Арланның азуы улы ғой, аңшы ақсақал екеуміздің сол кездесуімізден кейін оншақты күн төсек тартып жатып, бақилыққа аттанып кетті…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *