Өмірі өнегемен өрнектелген

ПАПАМ

…Өтпелі дүниеде адам баласына берілген санаулы

ғұмыр бар. Ол біреуге аз, біреуге көп. Біреулер оның

бір сәттік екенін біле тұра мансабына, байлығына,

елдің уақытша біткен қошеметіне мақтанады.

Ал  менің кейіпкерім өмірден ұстаздықпен өтіп, сан

шәкірт, саналы ұрпақ қалдырды, сол үшін де

онымен ел мақтанады.

       Әкесі Гәкаша Әбілқайырұлы Торғайдағы сонау өткен ғасырдың 40-шы жылдары «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған 3 ұстаздың бірі еді. Әкенің мәртебелі еңбегі мен өмірін үлгі тұтып өскен бала Ғалымбектің арманы да әке жолын қуу болды. Оның бұл ойын он беске толмай жатып қабырғасын қайыстырған Ана қайғысы да, жапандағы жалғыз ағаштай болып қалған Әке де, соңындағы шиеттей 3 сарыауыз балапандай інілерінің жайы да бұза алмады…

     Сонымен, 1960 жылы Торғайдағы орта мектепті бітірген Әбілқайыр Ғалымбек Гәкашаұлы әке жолын қуып Қызылорда педагогикалық институының қазақ тілі мен әдебиеті және музыка факультетіне оқуға түсті. Оқуға түсуін түскенмен Ғалымбектің басындағы «қиындық» екі еселене түсті. Ең бастысы, арттан келер көмек жоқ, елден шыққандағы елу сомды қалай да олай бір жылға жеткізу керек… Қысқы сессияда ілігетін студент ақысына өмірінде ұстап көрмеген домбыра сабағы жеткізе ме, жеткізбей ме, ол да күмән. Күріш орып ақша табайын десе, өмірінде ұстап көрмеген қолорақ – ол да кедергі.

      Қиналса да басының бәсін түсірмейтін Ғалымбек терін сатпай, көзін сататын тірліктен ада, өмір сүруге адалынан берілген құштар жан болып шықты. Еңбекқорлығымен басты «қиындық» болған «Есеннің»  домбырасын да үйреніп, төрттік бағаға жетіп тынды. Ал басқа пәндердің барлығын, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетін жақсы оқығаны былай тұрсын, жете меңгергені сонша:

                                                     «Смағұлова Гүлзайға –

                                                    Түсінер өзі бұл жайға.

                                                    Әдебиетте Әукеңдей

                                                     «Қызыл ат» боп қызбай ма?» – деп, қазақ әдебиетінің алыбы – академик Әуелбек Қоңыратбаев деңгейіне жете алмайтын кандидатсымақтырды да әжуалап, қалтырататын дәрежеге жетті.

     Жастық жасынын жыр жолына арнап, студент шағының алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан жастарының поэзия көшіне ілесті. Ол өзінің болашақ тағы арманын:

                                                     «Әр жүректен ізгілік тек іздеймін,

                                                     Осы бастан мәңгілікке қамданып…» – деп түйіндеп, серттесті.

Оқу бітірісімен Совет Армиясы қатарына қызметке алынған Ғалымбек солдат пилоткасының орамынан қаламын бір сәтке де бөлектеген емес. Ондағы басты өлеңі туған Торғайы мен Түйемойнақ тотысы – Гүлшарасы болды. Оның бұл жырлары Аудандық «Жаңа өмір» (қазіргі «Біздің Торғай»), облыстық «Қостанай таңы» газеттері, республикалық «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» журналдары мен «Жалын» альманағында үзбей жарияланып тұрды. «Жазушы» баспасынан «Көңілімнің шуағы» атты өлеңдер жинағы шықты.

Өзі табан аудармай 40 жыл ұстаздық еткен Торғайдағы Ы.Алтынсарин орта мектебіндегі еңбегі көп ұзамай-ақ әділ бағаланып, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен айшықталды.

Осындай құрметпен жүрсе де, Ғалымбек ұстаз:

                                         «Ұстамай адалдықпен әке жолын,

                                         Жүрмін бе арды аттап, әлде кейде?..» – деп, үнемі ел, халқы, отаны, ұрпағы алдындағы қызметін «ревизиялап та» қоятын еді. Мұның жемісі – бұл күндегі оның сан жетпейтін сапалы шәкірттері. Гүлшара Әбдіқадырқызы екеуінің тәрбиелеп өсіріп, орнын басқан Шәрбат, Ғибрат, Гүлмарт, Ғанибет, Әділет атты ұл-қыздарының атына заты сай білімді де білікті азматтар болып өсуі. Сұлтан атты немере, Ерәділ, Гүлданадай жиен сүйдіруі.

Қашанда ұстаздық жолда барлық атқарған ісін оң жолға жұмсаған, адалдықты ардың пірі деп білген Ғалымбек қайнары бітпес өмірдің дамуына себеп болды.

Бүгінде ортамызда жоқ болсаң да, ұстаз-ақын-тәрбиеші  атты еш өлшемге сыймайтын ұлы еңбегіңмен көңіл төрінен шықпайсың, Достым! Топырағың торқа, рухың биік, бейнең үлгі болып мәңгі жасасын!

                                                                                  Ибраһим АҒЫТАЙ,

                                                                             ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Қостанай қаласы

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *