Жол үстіндегі бірінші әңгіме-3

ТЫ

Қоғабай Сәрсекеев: Ол қандай кедергі?

Кенжеғали Сағадиев: Кедергі дегенің жетеді. Кедергіге тосқауыл қою үшін басқару жүйесін жетілдірмесе болмайды. Іс-қағаз жүргізуге бюрократтық кіріптарлықтан арылуымыз керек. Ал енді сыбайлас жемқорлық деген біздің елде ойық іспеттес болып кеткен, жақындағанды өз түбіне тартады да кетеді. Ел басы осы қауіпті дер кезінде көре білді, соған күрес ашты. Бұны біз баршамыз болып қолдауымыз керек. Бұл бізге ауадай қажет. Сонда ғана іс оң шешімін табады. Қазақта «ісім өнсін десең ретін тап» дейтін мақал бар. Ретін тапқан озады. Әңгіме Торғай төңірегінде болғасын осы өңірге оралайықшы. Өткенде ауданның жаңа әкімі Ғайсин Жақсылықпен әңгімелестім. Аузын ашса көмекейі көрінетін осы бір жігіттің елдік мінезі ұнады. Жыл толыпты қолына биліктің көшкеніне. Жоспары тәп-тәуір. «Туған жер – алтын бесігім» деп жұмысқа кіріскен ол аудан экономикасының, әлеуметтік саласының тығырыққа тірелген тұсында ел тізгінін ұстағанына өкініп отырған жоқ, қайта әкімдік таққа отырудың өзінің сыналар сәті, туған жерге деген перзенттік борышын өтеудің, қызмет көрсетудің көрініс берер тұсы деп қарайтынын жасырмады. Үміт оты үлгірткендерге маздайды. «Құдай салды, біз көндік», баяғы «Жанкелдин ауданы кезінде республика бойынша жедел көмек көрсетілмекші болған әлеуметтік-экономикалық жағынан кенжелеп қалған 30 ауданның бірі» деп қарап отырғаннан не өнеді? Бұған ауданның экологиясын қосыңыз. Мына жағы Байқоңыр, бір жағы Арал, бір беткейі Ырғызбен жалғасып Ембі полигоны ұштасып жатыр. Осындай табиғат қыспағындағы Торғай ащы жаңбыр мен тұзды қар өтіндегі ерекше өңір. Ендеше, істің қыбын тапсын!

Қоғабай Сәрсекеев: Әлгінде шағын кәсіпорын ашу төңірегінде әңгіме сабақталып келе жатқан.

Кенжеғали Сағадиев: Иә, сол кәсіпорындарды Торғайда көптеп ашуға болады. Мұны аудан әкімі Ғайсин де қуаттайды, қуаттап қоймай, қолға алып жатыр. Торғайда ұқсата білгенге жұмыс та, кәсіп те, өндіріске қажетті зат та табылады. Бір ғана мысал. Алпыс екі салалы Торғай өзені мен суы мол Жыланшық, Қоңыраулы, Өлкейік, Қабырға, Қарақұдық, Өтеген өзендерінің, Ақкөл, Жаркөл, Қарасор, Ұзынсор, Татыр, Алакөл, Шұқыр, Шуақбай, Көлбике, Аралбай, Майқыарал, Ойшүмекті, Қыршүмекті, Тармақ, Ахмедия, Құмкөл, Айнакөл, Насыбайкөл, Шұбалаң көлдерінің тайдай тулаған ақбалығы, қылағай, шортан, алабұға, шабақтары, сапалы сазан балықтары тұрғанда бұл елдің несібесі төмендеп, ырысы ортаюы мүмкін емес.

Қоғабай Сәрсекеев: Ендеше неге осы шаруашылықты қолға алмайды, су ішінде отырып сусап, ең байлықтың ортасында жүріп жүдейтініміз қалай?

Кенжеғали Сағадиев: Бәрі бейімделмеуден. Ағайындарымыз құнды ұсынысқа қолдау көрсете бермейді, не әліптің артын бағып тыныш отыр. Балық аулауға ау, қармақ, жытпа, қайық, басқа да жабдықтар қажет қой, осыны істеуден қашады, не еріншек. Өзен жағалағанның өзегі талмас дейтін қағиданы түсінсе енді-енді түсінген жайлары бар-ау, шамасы.

Қоғабай Сәрсекеев: Енді осыны неге тездетпейді?

Кенжеғали Сағадиев: Балық аулауға ау, қармақ, жытпа, сүзекі, қайық, сияқты жабдықтар керек. Ал, осының бәрін кез келген кісі жасай бермейді, адамның бәрі бірдей бес аспап емес. Сондықтан бұған шеберхана керек. Бізде қазір ине сабақтайтын ұрғашы, шеге қағатын еркек бар ма? Социализм кержалқаулыққа үйретті. Демек, осы балық шаруашылғына қажетті құрал-жабдықты жасайтын мамандандырылған цехтар, осы заманғы озық техникамен, тоңазытқыштармен жабдықталған шағын заводтар қажет. Қиынсынбай мұны көл жағасында, немесе Торғай мен Қостанайдан ашса өндірістің өркендеуіне жол ашылады. Әрі бұл сауда, балық өңдеу, менеджерлік, маркетингтік қызметке де оңай. Облыс көлемінде қаншама өзен-көл бар – осының бәрі бір арнада, бір бағытта жүйелі жұмыс істесе ауыл, аудан, облыс үшін тиімді іс болар еді.

Қоғабай Сәрсекеев: Бұған мамандар керек қой.

Кенжеғали Сағадиев: Мамандар дегенің дұрыс, қай салада да білікті маман болмаса, басқару жүйесі ғылыми негізде жүргізілмесе іс оңға баспайды. Қатып қалған стереотиптен қашу керек. Астанадағы, Алматыдағы, Қостанайдағы және басқа қалалардағы аграрлық ауыл шаруашылығы университеттерінде балық шаруашылығы, оның технологтарын, инженерлерін даярлайтын факультеттер ашқан жөн.

Қоғабай Сәрсекеев: Университет, академиялардағы оқу мерзімі ұзақ емес пе?

Кенжеғали Сағадиев: Бұған бір сөзбен жауап беру қиын. Академиялық оқу жүйесі бар, сосын ілім-білім деген желаяқтар жарысатын алаң, не ол алатын қашықтық емес. Университет, институт аудиториясындағы дәріс оқу-тоқудың кестесі – сағатына байланысты, яғни зерделік процесс. Мұны игермейінше толыққанды маман даярлау асығыстық, былайша айтқанда ат үсті, шалағайлық болады. Рас, оқу жүйесін салалай, сапасын арттыра, тығыздай түссе, бүгінгідей компьютер заманына лайықтасақ ойласатын шаруа жоқ емес. Сөйтіп барып оқу мерзімін қысқартуға болады. Қысқа мерзімді фермерлер, кәсіпкерлік мектебін де ашуға болады. Бір сөзбен айтқанда бізге нарық заманына сәйкес білім, маман керек. Нарық дегенің сайыс, жеңісі – білікті мен білімдінің қолында. Сондықтан да емес пе, өте жақсы дамыған елдерге үлкенді де, кішіні де оқытатын, оларға кәсіби мамандық беретін оқу жүйелері қалыптасқан, барынша дамыған. Социализмді жамандауымыз орынды, бірақ халыққа білім беруге атқарған игілігі көп. Әсіресе төңкерістің алғашқы жылдарында кәрі-жасты партаға отырғызып, жаңа дәуірге сәйкес сауатын ашпап па еді! Тек қана рабфактың халықтың жаңа кәсіпке бейімделуіне тигізген пайдасы қандай! Ал енді баршамызды нарық жүйесіне жетелейтін, халықты кәсіби сауаттандыратын осындай ауқымды шаралар бізге қазір керек ақ. Өйткені дайындығы жоқ шаруа қожалықтары болсын, білімі жоқ кәсіпкер болсын мынау нарық заманында көп нәтижеге жете алмайды. Жаңа әдіспен істеймін десең алдымен нарықтың сыры мен тәсілдерін тереңірек оқы, тоқы дер едім замандастарыма.

Қоғабай Сәрсекеев: Менің айтпағым ірі, кіші диплом дегендей, жоғарғы, орта мамандық төңірегінде еді, бізде осы кәсіптік-техникалық училищелер неге жабылып қалды? Әлгіндегідей шағын кәсіпорындарда жұмыс істеу үшін міндетті түрде жоғарғы оқу орнының дипломы қажет пе?

Кенжеғали Сағадиев: Қазір жастарымыздың көбі бос жүр дейміз.Олардың бәрінің бүгінгідей қиын кезеңде жоғарғы оқу орнында оқи беруге мүмкіндіктері келмейді. Бәрі қаржыға байланысты. Ендеше ауылды жерлерде училищелер, мамандандырылған колледждер, жетілдірілген мектептер ашсақ болашақ қамын ойланғандық болар еді. Осыған көп қаражат та керек емес, және оның табылатын ыңғайы да бар. Басқасын қойғанда қазіргі жалпылай жұмыссыздықпен күресудің де бір жолы болар еді.

Қоғабай Сәрсекеев: Көп болып қоға алатын шаруа екен.

Кенжеғали Сағадиев: Оны әр институт, университет сияқты оқу орындарының филиалы ретінде ұстау керек, үлгі-тірек шаруашылығы сияқты база қалыптастырсақ тоқайласады.

Қоғабай Сәрсекеев: Жақсы-ақ, игі істі қолдай білсек орайы келген жұмыс болғалы-ақ тұр, осы ретте және бір әңгімені тірілтейін. Сіз дүниеге келген өңір – «Ақкөл» кеңшарында сапалы ас тұзы табылғаны көптен айтылып жүр. Қоры мүлдем мол дейді. Осы жайында не айтар едіңіз?

Кенжеғали Сағадиев: Рас сөз. Жаман – Ақкөлдің тұзы әбден піскен, жетілген, қазірдің өзінде ешқандай өңдеусіз ас тұз ретінде пайдалануға болатынын ғалымдар анықтады. Ақкөлдің тұзы бір аудан, бір облыс емес, республика, қалды сыртқа экспорттауға жетеді. Қазірдің өзінде бұған қызыға қараушылар көп. Бизнес-жоспар жасаған Серік Ералиннің болжауынша Арқалық, Қостанай қалаларының өкілдерінен өзге – сырт жақтан да қолдау табылып отырған көрінеді. Бұған Орал өңірі, Украина жағы, ішкі Ресей, тіпті Мәскеу қалаларының сұраныс білдіруі дәлел.

ТЫ2

Қоғабай Сәрсекеев: Демек, бұл кәсіпорынды жылдам іске қосу керек-ау.

Осыған сабақтас мәселенің бірі Торғай – Қарабұтақ трассасы. Бұл жол ел экономикасы үшін де стратегиялық мәні бар жол екен. Ақтөбе – Атырау – Маңғыстау – Орал жаңа астанамен тікелей қатынаса алады. Төте жол!

Кенжеғали Сағадиев: Небәрі 220 шақырым тас жол салсақ, Астана мен батыс облыстарымыздың ара қатынасы 1200-нан 900 шақырымға қысқарады екен. Бұл біз үшін тиімді емес пе! Ақтау да халықаралық теңіз порты салынып жатыр. Елге келетін жүктің үлкен бөлігі теңізбен осы портқа келеді. Ал енді осы қысқа жолмен орталыққа тасысақ бұл өте тиімді болар еді. Осындай жолдың тағы бір үлкен пайдасы Торғай өңіріндегі тұрғындарға қосымша жұмыс орнын ашу мүмкіндігінде және де осы бір шетте жатқан өлкенің ел экономикасымен тығыз байланыстырылуында. Осындай жол салу мәселесі шешімін табар уақыт жеткен сияқты.

Қоғабай Сәрсекеев: Жақында бір қуанышты хабар тарады. Көптен күткен арман: Қызылорда – Жезқазған – Арқалық теміржолы салынады екен. Бұл дегеніңіз, оңтүстік пен солтүстіктің байланысын бірден 800 шақырымға қысқартады деген сөз ғой. Әттең осы жобаға сәл өзгеріс енгізсе деген тілек.

Кенжеғали Сағадиев: Ол қандай өзгеріс?

Қоғабай Сәрсекеев: Мәселен, осы темір жолды Арқалықтан Торғайға дейін созса, Торғайға Арал немесе Шалқар станциясы тиіп тұр. Осы екі аралық жалғанса Қазақстанның оңтүстігі солтүстігімен, солтүстігі батысымен, одан әрі шығысымен тоғысар еді.

Кенжеғали Сағадиев: Болашақ темір жол құрылысының жалпы құны 245 миллион АҚШ доллары шамасында деп жобаланып отырған көрінеді. Инвестор табылып, жол құрылысы басталар болса ол сегіз жылда аяқталмақшы екен. Балама жоба ретінде өзің айтқан ұсынысқа да түсінікпен қараса артық емес. Мұнымыз біткен іс, келіскен жобаға төтеден қосылу, не кедергі жасау емес, қайта жетілдіре түсу мағынасындағы ізгі тілек, таза пиғылдан туындайтын үкілі арман. Айтты-айтпады, салынбақшы жолдың төте бағыты – Шалқар – Ырғыз – Торғай – Арқалық – Жезқазған – Қызылорда. Немесе, керісінше Қызылорда – Жезқазған – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар. Шалқардан темір жолдың үлкен күре тамыры басталатыны белгілі. Бұлай жасаған жағдайда Қазақ мемлекетінің көптеген елді мекендерінің бағы жанады, жоғарыда айтқан өндіріс орындарының ашылуына, қарым-қатынасқа оң өзгеріс жасалар еді.

Қоғабай Сәрсекеев: Біз әңгімелеп отырған өңірдегі ауыз су мәселесі әсте қиын. Халықтың көпшілігі ашық су көздерін пайдаланады.

Кенжеғали Сағадиев: Ауыз су жайы қай жерде де өзекті мәселе. Түрлі аурулардың шығуы да осыған байланысты. Мұны мен жақсы сезінемін. Қошалақ, Тосын құмындағы жер асты суларының, Аманкелді ауданындағы Сымтас жер асты суының Торғайға жетпеуін аудан басшылығы қаржыға саяды. Рас шығар, бірақ адам үмітпен өмір сүрмей ме.

Қоғабай Сәрсекеев: Жолда жүйелі әңгіме болмайды, кейде бірді айтып бірге кетіп жатырмыз, әйткенмен бәрі керек, ойда жүрген шаруа, елге түсінікті жұмыс. Қайсысы жүзеге асады – талап біледі.

Кенжеғали Сағадиев: Торғай төңірегінде қордаланған мәселе аз емес, реті келгенде біздің тарапымыздан бұл проблемалар тиісті орындарға, қолында билігі бар ел азаматтарының алдына тартылып та жүр, тетігі қашан табылар – оған уақыт төреші. Әйтсе де айту парыз, мұны жұрт алыста жатып айғайлағандары несі деп ұқпай, жан ашығандық десе дұрыс түсінгендігі деп ойлаймыз. Шыңғыс Айтматов айтқандай, туған жерді сүю дегеніміз – өмір бақи өз жерінде байланып қалуы емес. Онда біз ақпайтын судай бір шұқыршақ аясында, әлемдік даму мен өркениеттен мүлдем алыс қалған болар едік. Дүниенің бәрі салыстырмалы. Туған жер марқайса өзің де бақыттысың, осы реттен де жол әңгімесінде әр нәрсенің – елге байланысты көп жайдың басы шалынды, шешіліп жатса құба-құп.

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ

Жалғасы бар

adebiportal.kz

Мынаны да қараңыз

Ашутастыдағы мешіт есігін айқара ашты

Арқалыққа қарасты Ашутасты елді мекені тұрғындары зор қуанышқа кенелді. Таяуда есігінде көптен бері құлып тұрған ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *