Қазақ тілінің ұлттық корпусы — белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды нұсқада жинақтап, толықтырып отыруға бағытталған тілдің ақпараттық-анықтамалық ашық жүйесі. Жай ғана мәтін базасы емес, белгіленім қойылған базасы, яғни миллиондаған сөзқолданыстан тұратын электрондық мәтіндер базасындағы кез келген сөз өз «паспортын» алады, оның лексикалық мағынасы, грамматикалық белгілері, аудармасы, этимологиясы, мәдени семантикасы түгел көрсетіледі. Демек, Корпус тілтанушылар мен it-мамандар бірлесе отырып қана жүзеге асырыла алады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты еліміздегі ғана емес, бүкіл әлем бойынша қазақ тілін зертейтін жалғыз ғылыми мекеме болғандықтан, Қазақстандағы тіл ғылымына жауап беретін орталық ретінде Қазақстанда «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» құру мәселесін көтеріп отыр. Корпус тіл ғылымын дамыту үшін де, қазіргі жаһандану кезеңінің түрлі технологиялық, техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, тілдің сақталып, жүйеленуіне де, тіл үйретуде де, жалпы жұртшылықтың тілтанымдық, әр сала бойынша мемлекеттік тілдегі коммуникациялық мәдениеттерін арттыруға да зор септігін тигізетіні белгілі. Осы уақытқа дейін қазақ тіліндегі үрдістерді, құбылыстарды бақылау, зерттеу тек қағаз жүзінде жүзеге асқан болатын. Енді жаңа технологиялардың дамып, мүмкіндіктердің көбейген сәтінде бұл зерттеу нәтижелерінің басын қосып, автоматты режімде ғаламтордың көмегімен жұртшылыққа қолжетімді жасау әлдеқайда тиімді екендігі ескеріліп отыр.
Сонымен, Қазақстанда «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» әзірлеп, жасаудың маңыздылығы, біріншіден, тілдің өмір сүру формалары, стильдері мен жанрларын толық қамтитын мәтіндер базасының қамтылуымен, екіншіден, онлайн-режімде ғаламторда жұмыс жасап, кез келген қолданушыға жан-жақты қызмет көрсете алатынымен ерекшеленеді. Ұлттық корпус тек сөзді, оның мағынасын ғана емес және ол сөз кездесетін бүкіл шығармалар тізімі мен үзінділерді, мысалдарды ұсына алады, сол шығарма сипаты, автордың ерекшелігі де көрсетіледі. Сонымен қатар белгілі бір сөздің тарихи кезеңдерден бергі даму динамикасын, қандай орфографиялық, орфоэпиялық, т.б. тілдік өзгеріске ұшырағанын, қазіргі заманғы қолдану аясы жайында теңдесіз мағлұмат ала алады. Яғни қазақ тілінің ұлтық корпусы тек тіл мамандарына ғана емес, кез келген маманға, тілге қызығушыға, барлық ғылым саласының мамандарына, саясаткерлерге, тіл үйренушілерге, түрлі сөздік құрастырушыларға, зерттеушілерге, түрлі мақсаттарға қолдануға болатын ауқымы кең әмбебап ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе.
Қазақ тілінің ұлттық корпусын құрудың тағы бір маңыздылығы – ол осы күнге дейін барлық стильде жиналған мәтіндердің бір жерде электрондық нұсқада сақталуы. Ол мәтіндердің жинақталуының өзі үлкен жұмыс. Егер бұл жоба іске асырылатын болса, мемлекеттік тілдегі теңдесі жоқ инновациялық ақпараттық құрал қолжетімді қызмет атқарар еді, оны жүзеге асырған тілтанушылар мен ғылымды ұйымдастырушылар зор алғысқа бөленер еді.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты
жұмыс бабымен