«Мен өлгеннен кейін күтіңдер, балалар…»

 

алиби

(Әліби Жангелдин туралы естелік)

Атақты Қобланды батырдың Тоқтар атты баласынан туған бестаңбалы Қыпшақ – Бұлтың, Көлденең, Торы, Ұзын, Қарабалықтың анасы айтыпты деген мынадай аңыз бар: Бұлтың бітті бойыма – бейшаралық кірді ойыма. Көлденең бітті бойыма – ұрлық кірді ойыма. Торы бітті бойыма – зорлық кірді ойыма. Ұзын бітті бойыма – билік кірді ойыма. Қарабалық бітті бойыма – байсалдылық кірді ойыма.

Ұзыннан туған алты ұлдың ең кенжесі Бөкейден: Кедел, Келдібек, Кенжебай туған екен. Кеделден Тілеулі, Бегімбет, т.б. Тілеуліден – Нияз, оның ұрпақтары Жанбосынов Әбдіғапар (1916 жылы хан болған), т.б. Бегімбеттен Амангелді, т.б. Келдібектен Елшібек, Жолдыбек. Елшібектен Әліби, т.б. Жолдыбектен Бүркітов Кенжеғұл, Әлібидің жолдасы – революционер.
1920-1921 жылдары «Тасмешін», «Тауық» та Торғай өлкесіндегі халық жұтқа ұрынып, барлық малдан айырылып, күйзеліске ұшырағанда Әліби Жангелдиннің ұсынысымен Семей өлкесінен жәрдемге көптеген мал келтіріліп, Арқалық қаласының ар жағындағы Шойындыкөл деген жерде халыққа бөліп берілген. Сол малдан біздің үйге бір тайынша тиіп еді.
1921-1926 жылдары Әлібидің басшылығымен «Кенжетай суландыру артелі» ұйымдастырылып, Кенжетай қара бөгеті салынып, арық қазылып, аяқ егін салынып, ашыққан халық бидай, тары, қонақ егіп, тойынып есін жиып, күйленіп қалған еді. Әлекеңнің халыққа жасаған бұл қамқорлығын Ыбырай Алтынсарин жазған 19 ғасырдағы Қыпшақ Сейітқұлдың халыққа көрсеткен қамқорлығының 20 ғасырдағы жалғасы деп қарау керек. 1923 жылы май айында «Кенжетай» қара бөгетінің сағасынан «Қырықүй», «Зертасқа» (жер аттары) қарай жаңадан екінші арық қазу қолға алынып жатқанда «Қызыл керуенді» басқарып Әлекең келді. Керуеннің жүгінде мата, шай, қант, дәрі-дәрмек, кітап, т.б. заттар бар екен. Осы тауарлар арық қазып жатқан біздерге берілді. Керуен құрамындағы дәрігерлер емдеу көмегін көрсетті, лекторлар лекция оқып, қараңғы халықтың ой-өрісін кеңейтті, көздерін ашты. Заң қызметкерлері советтік заңның ережелерімен таныстырды. Осы келу жолын арық қазып жатқан 500 адамдай біздерді кетпен, күректеріміздік көтертіп қойып Әлекең өзі суретке түсірді. Мен ол кісінің фотограф екенін сонда көрдім. Осы фото Әлекеңнің үй архивінде сақталған шығар, соны музей басшылары сұратып алдырып, музейге қойса, бір жақсы экспонат болар еді. Қазыла бастаған жаңа арыққа «Әли арығы» деп ат қойылып еді. Әлекең бұл ұсынысты жылы қабылдап еді. Осы арықтың арнасы осы күнге дейін сарнап жатыр. Бұл атау ұрпақтан ұрпаққа ауысып, белгілі географиялық жер аты болып келеді, алдағы уақыттарда да солай атала берері сөзсіз.
1934 жылы Алматыда ГПУ-дың оперативный работниктерін даярлайтын арнайы курста оқып жүріп бір жолдасыммен бірге Әлекеңнің үйінде болғанымда бір бөлме толған шынылы шкафта кітап екен, біз қызықтап қарап тұрғанда Әлекең менен балаларыма қалатын мұра осы кітаптар дегені әлі есімде.

1944 жылы жаз айында біздің ауданның өкімімен орден-медальдарымен марапатталғандарға награда тапсыруға келген жолында той жасалып, далада өткізілген ұлттық ойындар кезінде райисполкомның айдау жорға күрең атымен Әлекең көкпарға түсіп, бірнеше мықты деген жігіттен көкпарды бірнеше рет жұлып әкеткенін көріп, қайран қалдық. Тойдан кейін кешкі қонақта отырып Әлекең домбырамен ән салып, өлен айтты, қазақтың ескі әндерін өте шебер орындайды екен. Сол кеште Нұрхан ақын солтүстік Қазақстанның ақыны Молдахметпен айтысында Әлекеңді мақтан етіп айтқан бір өлеңіне Әлекең күлімдеп, қозғалып-қозғалып қойып еді. Ол өлен мынау еді:

Бақыттың алмақ болып биік құзын,

Соңынан ертіп қазақ ұл мен қызын.

Әлиден бұрын көрген еш қазақ жоқ,

Ленин мен Сталиннің алтын жүзін…

Әңгіме арасында «Әлеке, сіз қазақ халқынан шыққан бірінші революционерсіз, бірінші коммунист те сізсіз, сіздің еңбектеріңіз жөнінде күрделі кітаптар неге аз?» деген сұраққа ол кісі былай деп жауап қайырыпты: «Ондай шығармаларды мен өлгеннен кейін күтіңдер, балалар, тірі жүрген адамды көп мадақтамайды ғой…» – деп күліп еді.

Хамза НҰРЖАНОВ 

Жанат НҰРЖАНОВТЫҢ Фейсбуктегі парақшасынан алынды

 

Фото: e-history.kz

Мынаны да қараңыз

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда?

Қазақ руханиятының тарам-тарам салалары біртіндеп зерттеліп жатыр. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тарихи ...

Бір пікір

  1. Райхан Саринжипова

    Кейки жайлы бирер соз жазганым туспегенге уксайды.Бала кунимде менин акем Саринжип улы Какимбектин аузынан естигеним,Кейки сонгы рет Саринжип атамыз Аккум онири Жыланшык бойында болыс болган ,сол атамыздын Кунжигит деген жалшысын ертип кетип,сол жолы екеуыде атылганга уксайды.Менин кишкене кунимде естип осы жалымда калганы. Сонда акем ол кисинин айели керемет ажарлы депте айткан еды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *