Тобыл-Торғай Торсаны

Торсан ф

Өзін әлі сергек сезінетін Тор­сан ақсақал күнделікті ақпаратты қалт жібермейді. Ғұмыр бойы шаруашылық ұйымдастырушы бол­ған соң ба, еліміздің эконо­микалық саясатын, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді ерекше қадағалап отырады. Ауыл шаруашылығында біржақты жүргізілген істен көштің жүгі ауып қалатынын бүгін осы саланың басы-қасында жүргендер білсе екен деп отырады. Егінмен қатар, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінуі тиіс. Мал мен егін бірін бірі толықтырып отырады, оның табиғи жағына көңіл аудару қажет. «Қазіргі кәсіпкер жігіттер егін мен малдың табиғи теңгермешілігіне көңіл аудармайды, олар нарықтың сұранысына қарай жұмыс істейді. Пайдасы қолға тез тиетін егінге басымдық береді. Бұл дұрыс емес, мал өсіру қатар жүруі тиіс. Сонда жердің берген ризығы дәрі арқылы емес, органикалық заттар арқылы өзіне қайтып, құнарланып отырады», дейді қарт агроном. «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан, ұстаймын екі қолдап таяғымнан» деген әннің көңіл түкпірінен қобыз сарынындай гөй-гөйі естілгенімен, қария бойын сілкіп тас­тайды. Бойын сергітетіні – Отанына, еліне адал қызмет етіпті, адалдықты ту етіп ұстапты.

– Заман өзгере береді, өзгер­мейтін бір нәрсе бар. Ол – адал­дық! Қызметке араласқан кісі елі­не адал қызмет істеуі тиіс. Ел сені­міне малданып ұрлық жасаса, оның күнәсі арылмайды, – дейді Торсан ақсақал.

Бұлай сөйлеуге оның толық құқы жетеді, өйткені, кейінгі ұрпағына ұялмай айтар үлгісі көп. Қазақта «тақыр жерге шөп шықпайды» деген сөз бар. Торсан аға да тақыр жерден емес, текті әулеттің перзенті. Әке­сі Са­лық Нұрмұхамбедұлы өңір­дегі алғашқы әмбебап механи­затор­лардың бірі болды. Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда екі рет майданға сұранады. Бірақ облыс басшылығы оған бронь беріп, майданнан алып қалады. Себебі, ер-азаматтың бәрі Батысқа аттанған аласапыран кезде тракторды да, комбайнды да жүргізетін Салықтың бір өзі бірнеше адамға татитын. Үскірік аязда тракторы сынып далада қалған Салық суық тиіп ауырып, 37 жасында өмірден өтеді. Артында аңырап жары Сара, шырылдап 7 жастағы ұлы Торсан мен 3 жасар қызы Бақыт қалады.

Текті әулеттен дейтініміз, Тор­сан ағаның арғы аталары Дербіс­әлі Баймұратұлы мен Маңдай Байдәулетұлы Абылай ханның батырлары болыпты деседі. Екеуі де әнші, күйші екен. Торсанның атасы Нұрмұхамбедке аталарының өнері дарыса керек. Сол өнер Тор­санның әкесі Салыққа да қо­ныпты. Ол күй тартқанда алдына өзі қолдан жасаған ортекені секіртіп қояды екен. Әкесінің өлімі Торсанның да балалық шағын бірге алып кеткендей болды. Кеңшар төрағасы Есментай Мұстафин шыбықтан адам жасай алмаған соғыс жылдары шынашақтай баланы егінге есепші етіп тағайындайды.

Сөйтіп, еңбекпен есейеді. Жеңістен кейін ауылдағы бейнет бірден сейілген жоқ. Сол кезде ауыл балалары тек нанға емес, білімге де аш еді. Соның бірі Торсан оқуды ауыл мектептерінен бас­тап, Қостанай қаласындағы қазіргі Ы.Алтынсарин атын­дағы мектеп-интернатта жалғас­тырып білім алды. 1955 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны жақсы бітірген соң, туған жерге оралды. Басшылар жас ма­манды қазіргі Қарабалық ауда­нындағы «Өрнек» совхозының №4 бөлімшесіне агроном етіп жіберді. Жас агроном бөлімше басқарушысы Орынбасар Жақыпов берген екі атқа кезек-кезек мініп, бөлімшедегі егістік алқапты ұзақ­ты күн аралап, бес саусағындай біліп алады.

Бір күні егістікті ара­лап келе жатқанда Қостанай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Андрей Бородиннің кездеспесі бар ма. Ол жас маманның ерінбей-жалықпай егістікті аралап жүргенін көріп риза болыпты. Мінген машинасын тоқтатып: «Жас агроном, қа­лың қалай? Биыл әр гектардан қанша центнерден астық жина­мақсыңдар?», – деп сөзге тартыпты. Сонда Торсан бөгелместен: «Андрей Михайлович, орта есеппен гектарынан 15-16 центнерді шамалап отырмыз. Егер тағы бір мәрте жауын жауып өтсе, 17-18 центнерден алуға болады!» – депті. Жас жігіттің батылдығына риза болған хатшы әңгімеден кейін қасын­дағы көмекшісіне бұрылып: «Мына жас агрономның аты-жөнін және өмірбаян-деректерін жазып ал! Қостанайға барысымен маған көрсетесің!», – деп тапсырады.

Сол 1962 жылы «Өрнек» совхозы 28 мың гектарға бидай сепкен болатын. Егін бітік шықты. Әр гектардан 17 центнерден астық жиналды. Обкомның бірінші хатшысы А.Бородинге берілген уәде орындалды. Торсан Салықұлының жұлдызы оңынан туды. Ол Қос­танайға, облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бас­тығы Струковтың қабылдауына шақырылады.

– Ал жолдас Нұрмұхамбедов, сіздер биыл астық жинаудан жақсы көрсет­кіштерге жеттіңіздер. Бүкіл көрсет­кіштеріңіз, міне, менің алдымда жатыр. Жұмысты осылай жақсы істеу керек. Турасына көшейін, осыдан бір апта бұрын Андрей Михайлович маған сізді жақында ашылатын Қарасу ауда­нын­дағы «Май» совхозына бас агроном етіп жіберу­ге нұсқау берді, – деді Струков. Торсан Салықұлы сенім білдіргеніне рахмет айтты.

Ол «Май» совхозында үш жарым жыл қызмет етті. 28 жасында «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Шаруашылық 60-шы жылдары астық жинау жоспарын үнемі асыра орындап отырды. Обкомның бірінші хатшысы А.Бородин әр келген сайын бас агрономның еңбегіне өзінің ризалығын білдіріп, жылы пікірлер айтып жүрді. Андрей Бородин іскерлігіне сырттай қанық бола бастаған Торсан Нұрмұхамедовке Арқалық ауданындағы «Май­көтов» совхозына директор болып баруды ұсынды. Жердің ой-шұқырын білмейтіндігін айтып, жүрексінгенмен, бетіне жан қаратпайтын бірінші хатшыға келісімін берді.

Ол 1969 жылы қаң­тарда отбасын, анасын алып, Қостанайдан Арқалық пойы­зына отырды. Әлі есінде, Тор­сан Нұрмұхамбедов пойыздан түскен соң, 40 градустан асатын сақылдаған аязда жол таң­дамайтын машина шақыртып, Арқалық қаласынан «Майкөтов» сов­хозына зорға жеткен болатын. Торғай өңірінде қатарынан екі жыл су тасымай, қуаңшылық болып тұр екен. Торсан Салықұлы келгеннен кейін табиғаттың өзі де иігендей, жазымен жаңбыр жау­ды. Соның арқасында гектарына 8 центнерден астық жиналды. Жас директор егін алқабын ұлғайтты, техника паркін кеңейтті, әлеуметтік жағдайды дұрыстап, 20 үй салдырды. «Майкөтов» шаруашылығы ауданда көш бастады. Іскер жасты облыс, аудан басшылары қай жерде ақсап тұрған шаруашылық болса, сонда жіберер еді. Енді, оны Ар­қалық ауданындағы «Аңғар» совхозын басқаруға жұмсады. Тәжірибесі толысқан ол мұнда мал шаруашылығын дамытты. Ай­наласы екі-үш жылдың ішінде «Аң­ғар» ауданның маңдайалды ша­руашылығына айналып шыға келді.

Кейінірек Торсан Салықұлы Тор­ғай облысының ең шалғай­дағы артта қалған «Островский» совхозын басқаруға өзі сұранып кетеді. Шаруашылықты төрт жыл­да аяғынан тік тұрғызады. Ол барған жылы шаруашылық есеп тәсілімен ауыз­су құбырын салғызды. Сол құбыр бүгінге дейін халық игілігіне жарап тұр. Ал 1978 жылы мұнда өндірістік негіздегі мал бор­дақылау кешені іске қосылды. Бұл жетіс­тік рес­публикаға танылды. Баста­ма­ны Торсан Салықұлының өзі көтерген еді.

Бір күні Мәскеуден шығатын «КСРО-ның ауыл шаруашылығы» деген журналды қарап отырып, Ресейдің Краснодар өлкесіндегі өндірістік мал бордақылау кешені салынғаны туралы мақаланы оқып шықты. Дереу шешім қабылдап, әуелі шаруашылықтың бас инженері бастаған бір топ маманды сонда жіберіп, кешеннің жұмыс істеу тәсілімен танысып қайтуына мүмкіндік жасады. Олар мал бордақылау технологиясы туралы толық мәлімет әкелді. Мал бордақылау кешенін совхоздың инженер-техниктері тұр­ғызды. Бұл сол кездегі ауыл шаруашы­лығы үшін ірі оқи­ғалардың бірі еді. Оны көруге Қазақ КСР Үкіметінің сол кез­дегі төрағасы Бәйкен Әшімов келді. Дирек­торға риза болып, ауылға жаңа типтік мек­теп салуға көмегін берді. Осыдан кейін Қазақстандағы бірқатар ауданда «Остров­ский» совхозындағы өндірістік негіз­дегі мал бордақылау кешені сияқты цехтар пайда бола бастады.

Мұнан соң Торсан Салықұлы бұрынғы Торғай облысының Қима аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын, Амангелді ауданын басқарды. Амангелді ауданына 4 жыл басшылық етті. Осы жылдарда ауданда Торғай өзенінің арғы бетіндегі жеті совхозға баратын үлкен көпір салдырды. Халық оны бүгінге дейін «Торсанкөпір» деп атайды. Ол туралы композитор Қалибек Деріпсалдин мен белгілі ақын Серікбай Оспанов «Торсанкөпір» атты тамаша ән шы­ғарды. Бұл ән әлі күнге Тор­ғай өңірінде шырқалады. Тор­сан аға сол жылдары жаңадан «Қай­нар» және Жангелдин атын­дағы совхоздардың ашылуы­на көп күш-жігер жұмсады. Мал шаруашылығы дамыды. Еңбегі ба­ғаланып Еңбек Қызыл Ту ор­де­німен марапатталды. «Амангелді ауда­нының құрметті азаматы» атанды.

Торсан Салықұлының қызметте үлкен абыройға бөленуіне өмірлік жары Үміт Мұсабаеваның қосқан үлесі зор. Орта мектептерде 20 жылға таяу директор болған ол үйдің де, түздің де шаруасын бір­дей дөңгелетті. Ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» ата­ғын иеленді. Үш қыз, бір ұл тәрбиеледі.

Кейде Тобыл-Торғай – қос өлке Торсан ағаның көз алдына қатар келетіні бар. Екі қасиетті өзен, бірі – Сарыарқаның солтүстігінен, бірі оңтүстігінен бастау алып ағады. Торсан Салықұлы үшін  екеуі де қымбат. Тобыл бойында кермек дәмі таңдайынан кетпейтін, соғыс ұрлаған балалық шағы өтті, осында ат жалын тартып мінді. Ал Торғайда азамат, маман, білікті бас­шы болып қалыптасты, ең­бегімен өзін таныта білді, халқына қызмет етудің өнегесін көрсетті.

Тобыл-Торғай оның жүрегінде өлең жолдарындай үндесіп тұр. Тобыл-Торғай өлкесі – бірі әкесіндей, бірі анасындай тым ыстық. Әзіл-қалжыңы жарасқан дос­тары ағаны «Тобыл-Торғай Тор­саны» деп атап кеткелі қа­шан. Қанша жақсы адамдармен қызметтес болды, өзі қанша жасқа қамқорлық жасады. Қазақ, орыс, украин, татар демеді, бәрімен шай дес­кен жоқ. Ешқайсының кеудесінен кері итермеді, бауырына тартты, үміт артты, сыйлай білді, сыйласа білді. Әлі де солай, көпұлтты Отанының, барша халқының тілегін тілейді. Туған ұлтының ертеңіне шексіз сенеді.

Хамитбек МҰСАБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

www.egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *