Адамның ішкі дүниесін көз жанарынан сезетін…
Халқымызда «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген сөз бар. Ағам туралы сөз қозғасам, айтар естеліктер, әңгімелер өте көп. Мұндай жағдайда біраз жағдайлар көкейімізде сайрап, санамызда жаңғыра береді. Үйдің үлкені болғандықтан болар, жастайынан соңынан ерген бауырларына қамқоршы бола білді. Әке-шешеміз өмірден ерте кеткеннен кейін де сол бауырларының отбасын құрып, азамат болып қалыптысуына үлкен үлес қосты.
Әкеміз — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, екінші Беларус майданын көрген соғыс ардагері. Шешеміз сол кезде көп балалы аналарға берілетін «Батыр ана» төсбелгісінің иегері. Ардақты ана болды. Қарапайым еңбек адамдары. Өздерінің саналы ғұмырларын елге қызмет етуге арнаған абзал жандар еді. Біз бір әкеден 14 бауырмыз. Ағамыз үйдің үлкені болды. Сол себепті болар, әке-шешемізге қолғанат, кішіпейіл, адамгершілігі мол азамат болып өсті. Ағамыз жастайынын кітапқа, газет-журнал оқуға өте құмар болды.
Ізденімпаз, әрқашан осыны меңгерсем, үйренсем деп көп талпынушы еді. Және сол мақсатына жететін. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерін ұқыптап жинап, тігінділерін жасап жүретін. Облыстық «Торғай таңы» басылымының бірнеше жылдық сарғайған нөмірлері сақталып тұратын. Ал енді өмір бойғы рухани азығы болып өткен – кітап оқуға отырғанда бүкіл дүниені ұмытқандай беріліп кететін. Кішіпейіл, адамгершілігі мол, ел алдына шығып, елдік сөз айта білетін азамат еді. Әрқашан күлімдеп жүретін. Білікті басшы бола білді. Елімізде жарық көретін мерзімді баспасөз құралдарының біразында басшылық қызметтерде болды.
Асылы, əр адамның өзіне тəн қасиеттері болады. Сол қасиеттері оны биікке жетелеп, өмірде өз жолын табуға септігін тигізеді. Ағамның көпшіл мінезі, ортаға тез сіңісіп, айналасына шуақ шашып жүретін ерекше болмысы оның азаматтық ажарын айшықтап тұратын. Журналистік мамандықты жан қалауымен таңдады. Бала кезінен тілші болуды арман етті. Асқақ арманына қанат байлап, 1981 жылы Алматыға жол тартты. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, үздік бітіріп шықты. Студент бола жүріп Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Бұл да болса ағама деген сол кездегі білдірілген сенім мен жауапкершіліктің бір белгісі. Ағам өзіне жүктелген сенімді абыроймен атқарып шықты. Білім мен еңбекті ұштастырып, қатар алып жүрді.
Елдік сөз айту қашанда қиын. Ал ел басқару өнердің өнері екенін бүгінгі таңда берекелі істерге ұйытқы болып, шаршы топта сөз қайрап жүрген азаматтар жақсы біледі. Көпшілік қауым жақсы білетіндей, ағам еңбек жолын Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, электрмен дəнекерлеуші, кейін орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды. 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде əуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім жəне еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан 2007 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, «Ана тілі» ұлттық апталығының, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Біраз жыл бойы «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны белгілі.
Қалай десек те, өмірдің өтері, ғұмырдың жалғандығы, пенде атаулының əйтеуір бір күні пəниден бақиға аттанары қанша ауыр болса да ақиқат екені рас. Солай десек те, ажалдың өзекті өртеп, қабырғаны қайыстырып кетер азабы мен өкінішін мойындау – ауырдың ауыры, қиынның қиыны. Ағамның енді бұл жарық дүниеде жоқ екеніне қаншалықты сене алмай, əне-міне бір келіп қалатындай екі көзіміз төрт болғанымен, уақыт шіркін өз дегенін мойындатады екен ғой.
Ағамның артында бүгінде оқырмандарының қазынасына, жұртшылықтың игілігіне айналған сүбелі дүниелері, қазақ руханиятындағы өзіндік қолтаңбасы қалды. Жүйрік қаламынан туған «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент жəне баспасөздің жұртшы- лықпен байланыс мəселелері» (2010 ж.), «Ер Жəуке мінбегенмен алтын таққа» (2011 ж.),«Елжандылық мұраты жəне баспасөз беделі» монографиясы (2011 ж.), «Қалам қанаты: Эсселер, ой-толғамдар, байыптамалар» (2014 ж.) атты ғылыми-публицистикалық еңбектері, зерттеулері, мақалалар топтамасы, сұхбаттары мен очерктері, репортаждары жəне т.б. шығармалары ұлтжандылықтың, отаншылдықтың, елдік намыстың мəңгі өшпес алауындай болып жарқырап тұрғаны көңілге – медеу, жанымызға – демеу.
Ағам шығармашылық жұмысқа қанша беріліп кіріскенімен, қандай сəтте де дос-жарандарынан бөлектене алмаушы еді, оларды үнемі іздеп, бір сəт қауышып, арқа-жарқа əңгімелесуді аңсап отыратын. Сол тілегіне орай ма, араларынан қыл өтпес, жолдастықты шын мəнінде ақтай білген аяулы достары да көп болды. «Жұмағазы, есіңде болсын, «бұл тіршілікте достарың көп болса, сен ешқашан қиналмайсың, олардың неғұрлым көбірек болғаны жақсы», – дейтін. Осылайша өзі де достықтың туын жоғары ұстау үлгісін дəлелдеп кеткендей. Бірге оқыған курстастарының жасаған жақсылығын ұмытпайтын. Өткен шақтарды көңіл көкжиегінен өткізген сайын, жолдастарының адами қырларына тəнті болып, «əй, шіркін-ай, дос болсаң, міне, осындай бол» деп бір жасап қалушы еді. Өзі де солардың қуаныш-қайғысын бірге бөлісіп, кез келген сын сағаттарда жандарынан табылып жүретін. Елге көп жақсылық жасап, қиналған кісілерге көмек қолын созудан, жəрдем беруден аянып қалған кезі болған емес. Адамның ішкі дүниесін көз жанарынан сезіп, айтар бұйымтайын бірден түсінетін.
Халқымызда «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Ағам үлгілі əулет иесі атанып, ұрпақ өсірді. Əке жолын қуған Дастан қазір белгілі журналист, ал Жандос болса өз ісінің маманы — білікті экономист.«Желкілдеп өскен құрақтай» болып немерелері өсіп келеді. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді».
Жанға жайлы мінезіңмен кең құшағыңды жайып жүрсең де, кең дүниеге сыймай, шын дүниеден тапқан мəңгілік мекенің жұмақ болсын, аға.
Ағамды еске ала отырып, Алладан рақым, Пайғамбарымыздан шапағат, топырағың торқа, жаның жəннатта болсын деп дұға бағыштаймын.
Жұмағазы КЕНЖАЛИН
Фото: Ж. Кенжалиннің жеке мұрағатынан