Антрополог Андраш Жолт Биро Tengrinews.kz тілшісіне Кейкі батырдың бейнесін қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді. Еске сала кетейік, 13 қазанда Кейкі батырдың бассүйегі Будапештке жеткізілген болатын. Ал кейінірек Алматыға қайтарылған еді.
«Бұл Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайының жобасы. Олардың біздің институтымызды таңдауы — біз үшін үлкен мақтаныш. Венгрияда батырдың бассүйегін қалпына келтіретін заманауи техникалар бар. Ол техникалар адамның келбетін қалпына келтіруге арналған» — деді Биро.
Маманның айтуынша, Кейкі батырдың бет-әлпеті әдеттегі орта азиялық сипатта, қазақтардың түріне ұқсайды. «Батырдың бассүйегі қазіргі уақытта 95 пайызға дайын. Ғылыми антропологиялық зерртеулерді аяқтадық. Енді мұртын, шашын және құлағын жасау қалды», — деп атап өтті Биро.
Ғалымның айтуынша, адам келбетін қалпына келтірудің заманауи технологиясы 3-Д модельден тұрады, яғни ол бетті компьютерлік томографиға түсіреді. «Маман анатомияны өте жақсы білуі тиіс. Венгрияның жалпы тек еуропалық келбетті емес, басқа да типті келбеттерді қалпына келтіруде тәжірибесі мол. Бізде еуропоидтық-моңғолоидтық типтер де бар. Сондықтан Венгрия мамандарының Еуропа елдерімен салыстырғанда тәжірибесі мол» — деді маман.
Оның айтуынша, Кейкі батырдың келбетін қалпына келтіру жұмыстарымен осы салада тәжірибесі мол және осыдан төрт жыл бұрын Абылай ханның келбетін қалпына келтірген Агнеш Куштар есімді маман айналысқан. Сондай-ақ, бұл жобамен Шандор Эвингер мен Андраш Бироның өзі айналысады. Шандор Эвингер сүйектің арнайы сараптамаларын жасаған болатын. «Біз батырдың басын ренгтгенге түсірдік, ал кейін компьютерлік томографияға түсіріп, 3-Д моделін жасадық. Бұл жұмыс екі айға созылды. Батырдың сүйектері арқылы келбетін қалпына келтіру қиынға соқты. Ең қиыны — оның түпнұсқасын жасау», — деді антрополог.
Сонымен қатар, антрополог ғалым венгр мамандарының батырдың сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кезде жасы шамамен қаншада болғанын, неден қайтыс болғанын анықтады. «Біз Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр», — деді шетел ғалымы.
«Кейкі батырдың бассүйегінен және жасалған сараптамалардан оның мықты ер адам болғанын көруге болады. Жасы шамамен 40-50-де. Желтоқсан айының басында Венгрияға Қазақстан делегациясының өкілдері келдері. Сол кезде біз жасалған жұмыстардың нәтижелерін беретін боламыз. Кейкі батырдың екі бассүйегін дайындап қойдық, Бассүйек пластиктен жасалған, ал үсті гипспен және лакпен жабылған. Біреуінің түсі — ақ, ал екінші бассүейектің түсі — қола түсті», — деді Биро.
«Қазақстанға осындай халық батырлары керек. Себебі ең ауыр кезеңде ол ешкімнен қорықпай, нағыз батыр екенін көрсетті. Кейкі батырдың келбеті дайын болғанда, оны оқулықтарда және тарихи кітаптарда бейнелеуге болады», — деді антрополог.
Еске салайық, биыл 12 тамызда Қазақстанның бұрынғы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы Кейкі батырдың мүрдесін елге қайтару туралы мәселені көтерген еді. Содан 6 қазанда Кейкі батырдың бассүйегі Астанаға жеткізілген болатын. Ал кейінірек Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай 12 қазан күні Кейкі батырдың бассүйегі антропологиялық сараптама үшін Венгрияға жеткізілетінін мәлімдеді. Музей басшысы құнды жәдігерді арнайы контейнерде алып барды.
Дереккөз: tengrinews.kz