Еркеғали БЕЙСЕНОВ: Аллажар, Алаш!

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби байқауы күні кеше өз жүлдегерлерін марапаттады. Жеңімпаздардың қатарында әріптесіміз – журналист, ақын Еркеғали Бейсенов те болды. Оның «Аллажар, Алаш!» поэмасы үздік деп танылды. Марапат иесіне, сондай-ақ, 1 млн теңге сыйақы табысталды.

Бүгін біз әріптесімізді жеңісімен құттықтай отырып, оның жүлде алған туындысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тобыл-Торғай-ақпарат

 

%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5

%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d0%b5

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын!

автор 

Әлқисса

Аударылып ақтаңдақтар астары,

Ұлықталды ұлт тарихы бастауы.

Сәл мызғыған рухын қайта сілкінтіп,

Ұлы қазақ ұлылығын растады.

 

Қапылғаны жұтқызып бір шер-мұңын,

Батырлары буған еді белді мың…

Тұма шақ боп тұнып тұрған мына сәт –

Паш етер сәт еліміздің елдігін!

 

Жарылар сәт ақ түйенің қарыны!

Жазылар сәт арғымақтың бауыры!

Құралар сәт әкімдердің бастары!

Сыналар сәт ақындардың арыны!

 

Сор, ықпалын ығыстырып бөтеннің,

О, аманат, адалдықпен өтелдің!..

Азап түбін азаттығым қопарып,

Кең байтақта көк байрақты көтердім!

 

Бейбіт әнім шырқалатын тұс барда,

Айдалада жұмсалмайды күш қанға.

Іскер ұлдар іргемізді бүтіндеп,

Бекінген-ді берік сақтар ұстамға.

 

Тыныштыққа ұйыстырдық ұлысты,

Олар ортақ деп біледі бір істі.

Мән бермейді сырттан сұғын қадаса,

Әрекідік әрекетке жымысқы.

 

Орта толсын!

Дәуір үнін дәл ұғын!

Сал, қазағым, тәбәріктің тәуірін!

Біздің ғасыр – берекенің бастауы,

Бағымызға нәсіп еткен Тәңірім!

 

Буған жоқ-ау, желпінтетін желік құр!..

Еркіндікке еркелеген ерік бұл.

Шат көңілді айғақтаған бөріктей,

Шырқау көкке шарықтағым келіп тұр!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

І

Жетіскендей жетпіс жылдың сұм табы,

Тарих бетін енді қалай жыртады?..

Көк бөрінің рухын емген ежелгі,

Мен боламын Көктүріктің ұрпағы!

 

Құрғатпады көк сүңгімнің ұшын қан,

Бүкіл әлем бүрісетін сұсымнан.

Шаңға көміп шарладым да жер жүзін,

Бейбарыс боп шыға келдім Мысырдан!

 

Жау жағынан тырысқанда шеке тым,

Сұлтан басы сарайыма жететін.

Тиген кезде тарпаңымның тұяғы,

Жеті қабат жер қалтырап кететін!

 

Күркіреген даусым бұлтты түргенде,

Жеті қат көк сілкінетін бір демде.

Еуропаның еңсесін көп езген соң,

Қысқа жібі келмей жатты күрмеуге.

 

Сасқан аю қорған етсе шіркеуді,

Айдаһар да тас қамалын бүркенді…

Кең дүние кентавры – Сақ, Ғұнның

Қылыштары одан әрі сілтенді.

 

Күллі түркі қағанаты мен құрған

Ен даланы еркін жайлап, ел қылған.

Күндіз-түні тізгін түспей уыстан,

Шылбыр шіріп, тебінгіні тер жуған.

 

Шығыс пенен Қара теңіз арасын,

Атланттай алып мұхит жағасын

Мекендеген түркі дейді ғалымдар,

АҚШ-тағы үндістің де бабасын.

 

Түпкі тегі шыққан екен Алтайдан,

Қырық мың жыл тарихы бар «қартайған».

Жырым – шыным, «әйгілілер әлемде

Өз қаныма тартып тұр» деп марқайған!

 

Сол дәуірден жирен ұрпақ безеді,

Өткенінің өтірігін сезеді.

…Мен қалқанға дәу қылышпен ет турап,

Сұр жебемен тіс шұқыған кез еді.

 

Ертеде кең болғандықтан айналам,

Жер – менікі, бұлар қазір жайлаған!

Сөз қорының бізден даму себебі –

Бодандықта тек түркіше сайраған!

 

«Көне жазба тарихы жоқ» деп бізбен

Теңеспекші… Олар сынды тексіз бе ем?!

Тоныкөктің маңдай тері тамған тас,

Баба сөзін балама да жеткізген!

 

Ешбір қорқау жортпаған-ды түзімде,

Ақтаңдақтан аңғармадық ізін де.

Кіл теліңнің дірілдеді тағдыры,

Күлтегіннің ақ семсері жүзінде.

 

Алғаш Бұмын тот баспаған қынынан

Намысының наркескенін суырған…

Бұл жалғаннан талай қаған өтті ғой,

Тайдырмастан түрлі туын тұғырдан!

 

Ханьзулардың тарихында жоқ күдік,

«Ол хақ,- дейді, – Көне жазба – дөп білік.

Кең аспанда жай ойнатса Көктәңір,

Жұмыр жерде ат ойнатты Көктүрік».

 

***

Үйсін, Қаңлы мемлекетін құрғанда,

Қыпшақ атты хандығымыз тұрғанда,

Жазба тарих айналыпты қалайша

Бертіндегі жетпіс жылдық құрбанға?!

 

Ұлы ұлтты «жабайы» деп, «тағы» деп,

Кейін бекер сазармады сары бет.

«Бұл қазақты адам қылған – біз» деумен

Уақытша бір қайтқан болды ауыр кек.

 

Менмендігін мен қалайша мұң етем?..

Керісінше, өрлігімді түлетем!

Біз мұсылман моншаларын салғанда,

Қасынудан қаны шыққан кім екен?!

 

Батыстағы басқалардың күдері

Үзілмеді мойындаудан үнемі.

«Өркениет ошағына алғашқы

От тамызған – түркілер» деп біледі.

 

Жүріп өткен сорабымыз сондай-ды,

Тектілерім тек Тәңірге қол жайды…

Қилы-қилы кезең көрген кездерді

Қиянатқа қидыруға болмайды!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

ІІ

Алтын Орда – мен шыққан бір төр еді,

Біздің соңғы империя сол еді.

Князьдерден алым-салық жинаған

Он төрт ханы шеттерінен өр еді.

 

Басын князь босағада иетін,

Еңбектеп кеп, бақай ұшын сүйетін.

Шыңғыс ханның ұрпақтары құрған сол,

Жүйкелерді жүндей түтті жүйе тым!

 

Осылайша күн артынан күн ерген,

Асқандарға аспаным да түнерген.

«Кешір!» десе, жорықтағы хандарым

Аяқ ізін сазға басып жіберген.

 

Ол заманды демес тарих жай заман,

Болмаған ғой кедей сорлы, бай жаман.

Жорық жыры айтылғанда рухтанып,

Ездің өзі айрылмаған найзадан!

 

Баһадүрлер – садағасы жанының,

Тежемеген арғымақтың арынын.

Бір-ақ қолмен сілтегенде қылышты,

Қылша мойнын талша шапқан жауының!

 

Ал, Ақ Орда дербес ұлыс болғанда,

Қазақ жері айналды зор қорғанға…

…Тоқтамыс хан өртке орап Мәскеуді,

Қалың орыс қашып тынды орманға!

 

Тақ таласы тыйылмастан алайда,

Алауыздық етек жайды маңайға.

Осы кезде Орда-Ежен мақсаты –

Көк Орданы құру болды қалайда.

 

Өз алдына оның билік құрғаны –

Ертіс, Ырғыз, Торғай, Тобыл, Сыр маңы.

Бұл Орданың ынтымағын көрсетті,

Отыз буын ауысқанша тұрғаны!

 

Белгілі ғой, күллі түркі мекені –

Қасиетті қазақ жері екені!

Ұлы хандар шежіресін шертіп тұр,

Ұлы бастау – Ұлытаудың етегі.

 

Жорықтарда жан беріп һәм жан алып,

Келешектің іргетасын қаладық.

Ысылдық та үш Орданың ішінде,

Үш Жүзі бар ел болуға жарадық!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

ІІІ

Енші алып әз-тарихтан мыңжылдық,

Моңғолдардың жігерін де құм қылдық…

Рас, Орталық Азияның ішінде

Тұңғыш ұлттық мемлекетті біз құрдық!

 

Қырық тайпа Сырдан көшіп, межелі

Мойынқұмды қыстап шыққан кез еді.

«Қазақ» деген атау алған қалың ел,

Керуен басын Тұлпарсазда тежеді.

 

Тұлпарсазға сырттан төнер жоқ қауіп,

Сондықтан да жаппай сонда тоқтадық.

Ақ киізге отырғызып Керейді,

Хан көтерді көңілі жай көп халық.

 

Таулы дала – мекен болды ең құтты,

Ол мекенге орда тіккен ер – мықты!

Осылайша, он бесінші ғасырда

Қазақ алғаш ұран етті елдікті.

 

Қырағы көз қадағалап қиырды,

Асығын ел алшысынан шиырды.

Жауласқанға жарқ етті де ақ алмас,

Сыйласқанға төрден орын бұйырды.

 

Ұлы хандар Жәнібек пен Керейім

Еселеді ел-жұртының мерейін!

Мақсаты – бір, жоспары – бір, жолы – бір,

Тең тұрғаны кем қылмады кедейін.

 

Қырық шілтен қорғағанда жазмышын,

Ұрпақ үшін жұмсамады аз күшін.

Ақтаңдақты атажұртта шиырлап,

Тұлпарлардың тұяғымен жазды шын!

 

Қасым ханның «қасқа жолды» салғаны –

Үлгі болды ең алғашқы заңдағы.

Езе түсті дұшпандардың еңсесін,

Еп-білік пен тектіліктің салмағы!

 

Бас – орнында, жыртылғанмен жағалар,

Еріміз көп, жеріміз жоқ жау алар!

Жолбарыстың жүрегіне жерік боп,

Жолбарыстөс батыр тапты аналар.

 

Тот басатын күн де тумай семсерді,

Аттандаудан таулар жиі теңселді.

Осы тұста елішілік тәртіпті

«Есім ханның ескі жолы» еңсерді.

 

Қасым, Есім жолдарымен жүрген біз

Даңғыл басы сол екенін білгенбіз.

Атамекен құшағында жылындым,

Болса-дағы төбем – бұлтты, іргем – мұз!

 

Тауға, тасқа соғып талай маңдайды,

«Жеті жарғы» жазған Тәуке қандай-ды?!.

Елдік, ерлік тасасында қалады,

Ол дәуірден хатқа түскен бар қайғы!

 

Ұстаным нық қазақ атты ұлттағы!

Басым болды ұтылғаннан ұтқаны.

Ізбасарсыз ірі болмас бір айғақ –

Дарабоз хан Абылайдың шыққаны!

 

Ондай болу – арманындай әр ұлдың,

(Ер құны ғой, тәу ететін тәуір құн!).

Бұл дарабоз ең басына жазылды,

Қалмақтарды қырып салған дәуірдің!

 

Атасынан алынғандай кей үлгі,

Хан Кене де жеңілмеуге бейіл-ді…

Алтын басын нүкте қылып, жарықтық,

Болып қалды хандығымның түйіні!

 

Жалпы мақтан жазған сынды төтеннен,

Жалғанда мен жалаң ұран көтермен!

Әз-тарихтан аз үзінді алсам, ол –

Елдік парыз мысқалы ғой, өтелген!

 

Бұл жырым – от, сығырайған пілтеде,

Жылт еткенді ақын бір сәт ірке ме?..

Алаңдама!

Алаңдағы алау да –

Тарихшылар жалынына сілтеме!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

IV

Біз үнемі жау үстінен дәл төніп,

Жүрмегенбіз құр соғысып, қан төгіп.

Артта қалып руханият дамуы,

Кетпеген-ді дәстүр солып, салт өліп.

 

Нық сақталды кісілік һәм кішілік,

(Бұрынғыны болашағың үшін ұқ!).

Әр мақалы болар бір-бір трактат,

Көрсең ұлттық пәлсапаны түсініп.

 

Күні-түні алаңдаса, аңсап құт,

Шешендікті малданар кім мансап қып?!

Тән емес-тін өзге ойдан ой сауған

Батысқа тән қиялилық, жаңсақтық!

 

Тарихымды тасқа жазса зор қаған,

Деп қиналман енді қалай жол табам!

Шыңғыс келіп шапқанынша Шығысты,

Әл-Фараби шыққан біздің ортадан!

 

Кітәби сөз құраса да ғалам боп,

Артық еді көп шоқтан бір алаулы от…

Иә, Махмұт Қашқаридай сол кезде,

Ұлы сөздік жасай алған адам жоқ!

 

Озық менің одан басқа мұрам да!

Мына мысал жетіп жатыр ұғарға:

Жазылмаған Баласағұн Жүсіптің

«Құтты білік» дастанындай шығарма!

 

Ол ел құру тәсілдерін, және де

Басқаруды әйгілеген әлемге.

Елдік мүдде, келешектің қамына,

Әулие ғой, ой жүгірткен әуелде!

 

Шықса солай Шығыс жақтан көп ұлы,

Көк көз көрші бізге неге көкіді?!

Өремізді өсірген тек өз бабам –

Түркі тектес халықтардың өкілі!

 

Алтайдағы қорғандардан, мысалы,

Шықты бұйым… ірісі һәм ұсағы.

Сол ежелгі ерек заттық мұралар –

Ақсүйектік салтанаттың нышаны!

 

Түйін түйіп алтын, күміс, лағылдан,

Мен осылай жарыла алам ағымнан!

Еуразияның Батысы мен

ондай зат

Еуропаның өзінен де табылған!

 

Шыққан дерсің бір шебердің қолынан!

Бәрі бірдей көшірмемен соғылған.

…Мұндай мықты мәдениет тарай ма,

«Жабайы» деп аталатын тобырдан?!

 

Берелдің де бекзат болмыс, өр бегі!

Алтын киім киіп жатты өлгені!

Он үш аттың әбзелін көр сондағы,

Бір-біріне ұқсамайтын өрнегі!..

 

Ойға опа таптыратын кей жайды

Тілмен тізу жанды біраз қинайды…

Әттең, толық толғарлықтай танымдар,

Бір ақынның өлеңіне сыймайды!

 

Асса бізден еуропалық бүгінгі,

Болмау керек бір бармағы бүгулі!

Бабасына шүберекке оранған,

Үйреттік қой, шалбар киіп жүруді!..

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

V

Зәуде қазақ көрген азап көп болды,

Өзегіне кер-заманнан өрт толды.

Арыстанның қорлануы-ай, қорқаудан!..

Арыстардың араларын оқ бөлді!

 

Екі билік – қан мен қардай қызыл, ақ,

Кетті мүлде шырқымызды бұзып-ақ!

«Алашорда», Амангелді аңдысты,

Босағамнан безінгендей Қызыр-бақ!

 

Кешірілмес күнәсімен ақ, қызыл,

Даламыздың арқасына артты зіл.

Жолайрықтың жотасында – қарт Торғай,

Қос тарапта – өз ұлдары… (Нақ қыжыл!).

 

Тек біреуге артар болсаң мін егер,

Кейкі кегі кетті кімде?..

Біледі ел!

Иманов та, Жангелдин де – бос құрбан!

…Не жөнің бар, өз тұлғаңа түнерер?!

…Не жөнім бар, өз тұлғама түнерер?!.

 

Қайран, Ахаң!

Ел қадірлер бар атың!

«Әліпбиің» – бүгін де сол жаңа, тың.

Ұмытылмас ұлттың ұлы ұстазы,

Ашып кеткен қаймананың сауатын!

 

Теңеп өзін тырнақтай бір масаға,

Рух ояту қамын қалай жасады, ә?!

«Көкбөрімін», «барыспын» деп,

Қазіргі

Ұрысқақша тістенбеді тасада!

 

Қайран, Жақаң!

Қасқайдың-ау, асқар боп!

Асқақ ойда жатыр екен астар көп…

Жаңа тұрды сен оятқан қазағың!

(Кейбіреуі әлі ұйқысын ашқан жоқ).

 

Әлихан-ай!

«Күн көсемнен» биік ең!

Тізгініңді ұстатпады… Күйінем!

Әрі нұрға шомылды да бәрібір,

Сені көсем деп таныды дүйім ел!

 

Халық ұлын «халық жауы» дегенде,

Қанша талант ілікті сол желеуге?!

Қанша миға оқ қадалды десеңші!

Қаншама том отты құшты еденде!

 

Жендет пиғыл жаусатпаққа жат елді,

Ашаршылық нәубетін де әкелді.

«Жаудың жары» деп қамады шешеңді,

Итжеккенге айдап нақақ әкеңді!

 

Голощекин бұл мақсатты құп алды,

Зәрезап қып, ел ығырын шығарды.

Сәдуақасов Смағұлды сырт теуіп,

Тұтқындатты өр Рысқұлов Тұрарды.

 

Құлан сынды жерімейтін қағынан,

Отар елде өсіп-өніп, дамығам!..

О, Орталық Азияның бар халқы,

Аз болған-ды қазақтардың санынан!

 

Сұм Сталин соны қауіп қылған да,

Ұлтты жаппай қиған еді құрбанға.

Жоя алмады Көктүріктің ұрпағын,

Төбесінде Тәңір қарап тұрғанда!

 

Жұрт қашанғы ішқұса боп жыласын?!

Мұрағатта шаң қаппайды мың асыл!

Ашаршылық ақиқатын ашқандар,

Түгендеуде Алаштың да мұрасын!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

VI

Сату үшін сақталмаған ел мен жер!

Жалдау үшін жалғаспаған бел мен бел!

Келімсекті қаптатпасын кенеше,

Өмірге тек кету үшін келгендер!

 

Солар сорса байтағымды қорға бай,

Қолқасына салынбасын қол қалай?!.

Жантық тантып, шалқып-балқып күн кешіп,

Тұлымдым құл, бұрымдым күң болмағай!

 

Тастамауға, ластамауға лайықты

Қиған абзал сөз бен іске байыпты.

«Еділ, Жайық» деп өтті ғой бабамыз!

Еділ кетті…

Қадірлегін, Жайықты!

 

Семей, Торғай туған батыр, бекті де,

Ұлылардан елді кенде етті ме?!

Енді осы егіздейін қос мұңлық,

Уды тағы жұтпаса екен деп тіле!

 

Қасқа залым Хрущев те зарлап тым,

«Тың өлкесі» деді бәрін жан-жақтың.

Сол қолымның бес саусағын кесердей,

Солтүстіктің бес аймағын* алмақ-тын.

 

Сонда қазақ сонысына төзбек те,

Жерді залым бір Ресейге көздеп пе?!.

Түркіменге Маңғыстауды жобалап,

Ал Мақтарал кетпек еді өзбекке!

 

Кремльде күшенген сол кісіңді

Тәубесіне ер Тәшенев түсірді!

Сүйем жер де бұйыртпаған сырт елге,

Болды бізге абыройлы іс үлгі!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

________________________________________________

*Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан

 

VIІ

Қайратымды қағып беттен Желтоқсан,

Ләззатты да алып кеткен Желтоқсан!

Ерболымды шалып, тепкен Желтоқсан!

Сәбирам тұр налып көктен, Желтоқсан!

 

Тоқсан желің – тоқсан тарау жоқтаудай!

Қосқан демім – зор күрсініс боп қалды-ай!

Аспан, жерім жұтынды ма оқпандай,

Асқар, белін ер қиғанда соқталдай?!

 

Құзғын басып қыранымның тұғырын,

Естіртпеді бозторғайлар шырылын.

Көк мұз құрсап ақ гүлдердің ғұмырын,

Үстем етті үскіріктей ырымын…

 

Жылымық бар үскірікке төнетін!

Сірессе де сең көбесін сөгетін!

Жауқазынды жайқалтып-ақ өбетін!

…Құзғын қайда, осы сәтті көретін?!

 

86 – жұтқан жыл ғой жұртым қан!

Қызыл билік тұяқ серпіп, жұлқынған!

Сол болсыншы сорымыздан сырт ұрған,

Соңғы шайқас Азаттыққа ұмтылған!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

VIIІ

Еңсесі тік ерке ақын мен едім,

Алшаң басқан еркіндікке егемін!

Жарасым ба?..

Жағасында Есілдің

Қара суға теңедім ой тереңін!

 

Тәуелсізбін!

Өзімдікі бас қалам!

Көмейімде әнұран тұр. Асқақ ән!

Селдеткен көп нөсер жырдың бұлтымын,

Жендеттер жоқ жігерімді жасқаған.

 

Жырлай берем, Азат елдің құт, бағын!

Жырлай берем, ынтымақтың ықпалын!

Жырлай берем, елордамның ертеңін!

Жырларымның, уа, жарандар, ұқ мәнін!

 

Мейлі мені күнде, тілде, бәрібір!

Іштарлықтан болған емен сәл ығыр.

Жағымды жыр жалтақтыққа баланса,

Қайда сонда Поэзия, әрі – нұр?!

 

Санасынан сасық иіс жойылғыр,

Өзің өткен өткеліңе мойын бұр!

Ол – талайлы тағдырыңның тарихы,

Арғы беті – сорыңды ұрған сойыл кіл!

 

Отарланбай отырған соң, іш пысып,

Тектен-текке шықырлайды тіс қышып.

Садаға кет қыршындардан қырылған,

Майдандарда майда жалды күш құшып!

 

Жеке басқа жақпаса кей мәлім іс,

Тәубесінен бұрылған із – жаңылыс!

Отаныңды олқы деуге сеп емес,

Шала шамаң шашып-төккен бақ-ырыс!

 

***

Тәуелсіздік – Тәңірімнің ғазалы!

Қанша ақын жырласа да, аз әлі!

Лайық ода лықсытқанша ет жүрек,

Лайым, өзім мызғытпаспын мазаны!

 

Арайлы таң көкжиекке күн ілді,

«Өшкен жанып, өлгеніміз тірілді».

Бұдан асқақ, қасиетті, киелі

Ұғым да жоқ қазақ үшін бүгінгі!

 

Енді мүлде түспейтін ел кем күйге,

Державадай көрінеді кей-кейде.

Себебі, біз көтеріліп келеміз,

Бар түркінің көшін бастар деңгейге!

 

Тәңір сыйлап зарлы, шерлі, мұңдыға,

Нұрсұлтанды көшбасшы ұл қылды да,

Бейбіт жолды үлгі етті әлемге

Сары майдан қыл суырар сұңғыла!

 

Орыс, қытай арасында ойлы ағам

Татулықтың тереңіне бойлаған.

Құрандағы екі сөзді қосақтап,

Әй, есімін әжесі жай қоймаған!..

 

Күн туса да қолды бекер сермесер,

Елбасымыз – артық сөзге келмес ер.

Бұрынғыдай заман емес бұл заман,

Шығып, ыңғай алпауытпен белдесер!

 

Онсыз-дағы зарлы анау арттағы ән,

Сақалынан жасын төккен қарт бабам.

Тобықтан қан, толарсақтан саз кешіп,

Тауқымет жоқ қазақ халқы тартпаған.

 

Жұрттың сағын сындырмастан жылап іш,

Бұл кезеңді армандады-ау, мың арыс!

Еркін тыныс алғандарға зор міндет,

Азаттықтықтың аясында тынар іс!

 

Аз да емес қазір жеткен жетістік,

Қалағанша жүріп-тұрдық, жеп-іштік…

Дағдаруды айналдырмай дағдыға,

Бөлену шарт ықыласқа тек ыстық!

 

Қиындығы «тар жол, тайғақ кешудің»

Тоқсаныншы жылдар еді десін кім?!.

Елордамыз жаңадан бой көтерді,

Оң жағы мен сол жағында Есілдің.

 

Келмесе де дағдарысын жасырғым,

Ол – ұсақ сөз, кесегіндей тасырдың.

Бізге жайлы болды дейік одан да,

Тек соңғысы жиырма бір ғасырдың!

 

Ер Нұрсұлтан еңсемізді етіп тік,

Ел дамуын жеделдетті жетік қып.

Басты-басты бағдарлама жобасын

Жиырма бес жыл ішінде бекіттік.

 

Келсе егер білім-ғылым меңгергің,

Сыртына да шыға аласың шеңбердің.

Алғырлығын аңыз етті қазақтың,

Ұлылары алыс-жақын елдердің.

 

Алла әлі жолымызды оңғарар,

Жемқорлардың жегенінен қор қалар…

Ойлы, ұлтшыл жастар артып келеді,

Құр жібермей мүмкіндікті қолда бар.

 

Азаттыққа куә болса кең дала,

Қазақтыққа қажеті сол жер ғана…

Көршілерден кенже болсақ, өсерміз!

Аптықпалық!

«Елу жылда – ел жаңа»…

 

Астанамда баспанам да жоқ менің,

Аш қалам ба… Қызықтырмас тоқ кебің!

Басқаларға «Қашпа, бала!» дер едім,

Отан үшін жалын атып от демім.

 

Нұрағамыз алдын болжап елінің,

Естіртті ғой бізге былай деп үнін:

«Бүгіннен де кемел, нұрлы болашақ

Қалыптасар күнге кәміл сенімім».

 

Сондықтан да ұлттық рухын, қуатын

Арттырып тұр «Аллажар!» деп бұл ақын.

Ұлы дала – ұрпақтарға аманат,

Мансұқ етпес «Мәңгілік ел» мұратын!

 

Эпилог

Заңғар таудай бабам жеткен зарығып,

Сулы, нулы жеріміздің бары – құт!

Осы жерде дербес ұлт боп танылып,

Осы жерде дербес ел боп дамыдық!

 

Аллажар, Алаш!

Аллажар, Алаш!

Аллажар!

 

 

Мынаны да қараңыз

Су астында ауыл да, қала да тұр…

Дамира Ахметханова 2003 жылы 11 қарашада Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген. ...

Бір пікір

  1. Еркеғали — ақын! Іші күйгендердің өті жарылып кете де, ақиқатын айтайық, ағайын. Қырантұмсық ақын ақын емес, ағын ғой, ағын! Жүлдең құтты болсын, бауырым! Осы биігіңнен түспе!!!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *