Ағымдағы жылы елордада жалпы ауданы 57 мың шаршы метрді құрайтын 1100 пәтер құрылысы аяқталады деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасына сілтеме жасап.
«2017 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру аясында тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы жалпы ауданы 25 мың шаршы метрді құрайтын 444 пәтер құрылысы аяқталатын болады» делінген басқарма ақпаратында.
Атап айтқанда, Брусиловский, Иманов, Жұманов көшелері қиылысында жалпы ауданы 3,9 мың шаршы метрді құрайтын 96 пәтерлік тұрғын үй салынады. Оның жанама салынған орынжайлары мен көлік тұрағы бар. Ал жобалық атаулары №23-31, 23-16, 23-17, 23-30, А98 көшелері қиылысында жалпы ауданы 6,1 мың шаршы метрді құрайтын 99 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді. Жоғарыда аталған жобалық көшелердің бойында мұнан бөлек тағы 2 үй салынады. Оның бірі жалпы ауданы 6,1 мың шаршы метрді құрайтын 99 пәтерлік, ал екіншісі жалпы ауданы 9,4 мың шаршы метрді құрайтын 150 пәтерлік тұрғын үй кешендері.
Бұдан бөлек, биыл жергілікті атқарушы органның облигациясын шығару жолымен Дағдарысқа қарсы жоспар аясында жалпы ауданы 32 мың шаршы метрді құрайтын 656 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысы аяқталады. Оның бірі Қошқарбаев көшесі мен Жұмабаев даңғылдары қиылысында орналасқан. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы 14,96 мың шаршы метр. Мұнда 292 пәтер болады. Дәл осы көшелердің қиылысындағы жалпы ауданы 16,93 мың шаршы метрді құрайтын екінші тұрғын үй кешенінде 364 пәтер болады.
inform.kz