Қостанай әкімінің бұрынғы орынбасары жарты айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін

Қостанай әкімінің бұрынғы орынбасары Фрунзик Аракелян сот арқылы өзіне тағайындалған жазаны жеңілдетіп алды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қостанай қаласының №2 сотының судьясы Оразбай Сатыбалды сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы шенеуніктің жаза өтейтін қалған мерзімін айыппұлға ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырды. Темір торда әлі 547 күн отыруы тиіс Ф.Аракелян енді 310 мың 853 теңге (4 өтелмеген күн үшін 1 АЕК) көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Одан бөлек, сот кеңсесінің айуынша, Қостанай әкімінің бұрынғы орынбасары өзі алған параны (300 мың теңге) қайтарған және сот шығынын (28 мың теңге) төлеген. Оның қорғаушысы сотталушы отырған түзету мекемесінен әкелген оң мінездемелерді сотқа көрсетті. Мұндай жағдайда прокуратура Ф.Аракелян өтінішхатына қарсылық көрсетуді қажет деп таппады. Оның үстіне, қадағалаушы орган қабылданған шешімге қарсы шығу құқығына ие. Егер еш қарсылық болмаса, Ф.Аракелян 1 ақпан күні бостандыққа шығуы мүмкін.

Айта кетейік, биылғы жылдың 7 сәуірінде Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен қала әкімінің бұрынғы орынбасары Фрунзик Аракелян ҚР ҚК-нің 366-бабының 3-тармағы және 2-тармақшасы бойынша (пара алу), оған мүлкін тәркілей отырып 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 10 маусымдағы қаулысымен ҚР ҚК 55-бабының 4-тармағы негізінде оған берілген 7 жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза 3 жыл 6 айға дейін қысқартылды. Ал өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» ҚР Заңына сәйкес, сот үкімімен берілген жазаның аяқталмаған бөлігі тағы 6 ай 15 күнге қысқартылған еді. Мемлекеттік қызметке қатысы бар жұмыспен өмір бойы айналыспау құқығы өз күшінде қалды.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *