Өзі туып-өскен ауданға Бейімбет Майлиннің есімін беруіміз қажет!
Қазақ әдебиетінде өзінің орнын ойып алған ірі тұлға Бейімбет Майлинді қазаққа таныстырып жатудың өзі де артық-ау. Өткен ғасырдың сонау 1930-жылдарынан бастап әдебиет есігін имене ашқан қаламгерлердің барлығы да алдымен Би-ағаның шекпенінен шықты. Оның шығармалары өткен ғасырдың ортасына дейін жазылса да, бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Шығармалары арқылы Би-ағаның өзі де бүгінгі кем-кетігімізге қарап, миығынан күліп тұрғандай әсерде жүреміз.
Иә, Би-ағаңды жалпы жұртқа таныстырудың қажеті болмаса да, ол туралы бәрібір айтқың келіп тұрады. Өйткені, халқымыздың рухани дүниесіне, әдебиетіне өшпес үлес қосқан жазушының рухы ешкімге жалтақсыз Тәуелсіз елімізде лайықты құрметтелмей жатқанына қарнымыз ашады. Сондықтан, ағайынға алдымен Би-аға туралы бір-екі ауыз сөз айтқанымыз артық болмас дейміз.
Бұрын қызыл идеологияның салқынымен Бейімбетті кедейден шықты деген сөз желеулетілді. Бейімбет текті жерден шыққан адам. Жазушының атасы Майлы да, әкесі Жармағамбет те аса байлықтың соңына түспесе де, қара қасқа, қу кедей де болмаған, жоқшылықты мойындамаған, барға қанағат қылған жандар екен. «Атасы Әйет өзенінің бойындағы елге сөзі өтімді, жұртты аузына қарата білетін тілмар, асыл сөзін сусын еткен білікті әрі шаруасына мықты кісі болыпты. Өз әкесі Жармағамбет те сөзге шебер, ақынжанды, сезімтал болған» деп көпті көрген көнекөз қариялар әңгімелеп айтушы еді.
Бейімбет Майлин – әдебиет әлеміне ақ-қызыл, большевик-меньшевик, алашорда болып бөлінген аласапыран, тар жолда тайғақ кешкен аумалы-төкпелі тарихи кезеңде келген адам. Заманымыздың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов: «Бейімбет Майлин шығармаларында терең шындық бар. Жалаң қиялға дес бермей, асқақ романтикаға да еліктемей, қазақ жазушыларының ішінде реализмге, шындықты суреттеуге, шығарманың көркемдік құндылығына мән берді, өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес» деп жазды. Ауыл өмірін жетік білген қаламгер өз замандастарының типтік образдарын жасап, прототиптері өзі жақсы білетін ауыл азаматтары мен замандастары болған. Жазушының көзін көрген замандас-прототиптері – Қошалдың Ақтамы, Қоянбайдың Ерғазысы, Тәшбайдың Асылбегі, Кеншімбайдың Фазылы, Баймұрзаның Хасені, Баймұраттың Есенқұлы, Қазыбайдың Асаты, Кеңесбайдың Әбдіғалиі деген ұлағатты кісілер ағынан жарыла айтатын-ды. Қырық үш жыл соқтықпалы жолда тартысты өмір сүрген Би-ағаның 1914-1937 жылдар аралығында 55 кітабы дүниеге келіп, оқырмандарын тапты. Жазушының шығармалар жинағы 6 том болып жарық көрді. Қоғамдық жұмыстары да бастан асып жататын. Аласапыранда өмір сүріп, халқына мінсіз қызмет істеген жазушы табиғатында шыбын өлтірмеген, кісілігі, адалдығы да қай ұрпаққа да үлгі еді. Ғабит Мүсіреповтің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген ашынған сөзі Би-ағаның халқы алдында да, ар алдында да таза азамат екенін дәлелдей түседі.
Ал енді сол «Бейімбет Майлиннің кіндік қаны тамған өңірде аудан атын иеленіп отырған Лаврентий Таран деген кім?» деген сұрақ қабырғамызға батады. Қазақ энциклопедиясында Лаврентий Игнатьевич Таран 1892 жылы Қостанай облысы Фёдоров ауданы Назаров селосында туып, 1919 жылы мамыр айында Торғайда өлген. 1919 жылы қаңтарда Қостанайда өткен шаруалар мен жұмысшылар съезінің делегаты, соңынан Қостанай совдепінің басшысы болып, алашордашыларға қарсы күресті ұйымдастырған. 1919 жылы сәуір айының ортасында ақгвардияшылар Қостанайға таянғанда Л.Таран қала халқын ақгвардияшыларға қарсы ұйымдастырудың орнына, бас сауғалап, жазалаушы отрядымен Торғайға қашқан. Таран, Летунов, Миляев, Кельментьев, Жиляев, Иноземцев секілділер – Ресей империясының қазақ елін бодандаушылары. Олар Қостанай уезінің өзен-көлі, бар шұрайлы жерлеріне бекініс салып, империяның қазақ еліндегі саудагері, бай-шонжарлары, олар қазақ жерінде үстемдіктерін жүргізген келімсектер.
Тағы да айта кетер жайт, осы Лаврентий Таран деген адамның біздің ауданға қатысы жоқ, ол кешегі алаштың көсемдері, ұлтымыздың мақтанышы, тәуелсіздік үшін жанын пида еткен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров сынды саңлақтарымызға қарсы күресіп, қызыл империяның қолшоқпары болған адам.
Л.Таран қарақшылар отрядымен Торғайға бара жатып, жолшыбай қазақ ауылдарын тонап, мал, ат-көліктерін тартып алған, қарсылық көрсеткендерін өлтірген. Шегебай деген жерде болыс болған Қарымсақтың Ғалымының отыз жылқысын барымтамен айдап кеткен. Соңынан қуғыншы болып барған Сейдахмет атамызды түзде атып өлтірген. Осы тұста бір деректі айтуды жөн көрдім. Қазір Қостанай қаласында тұратын көпті көрген көнекөз ақсақал Сәрінжіп Дайырұлы (М.Дулатовтың туысы) естелігіне зейін қойсақ: «1919 жылдың мамыр айының ішінде Қызбел жерінде жайлауға көшкен Мадияр, Өтей, Шымболат руларының үстінен Қостанайдан Таран әскері келіп, жергілікті халықты қаруларымен атып, әйелдерін зорлап, елдің үрейін ұшырған. Өлгені өліп, өлмегені Қызбел тауының жықпыл-жыра қуыстарына тығылып, бір қанды қырғын болды» деп естелігін жазды. Сондай-ақ менің де Дәмәгүл әжем көзіне жас алып, өткен өмірінде көрген қорлықты ашына айтушы еді: «Ақ Колчак келді, малымызды алды, қызыл Таран келді, жанымызды алды», — деп зар илеп егілетін-ді.
1919 жылдың 17-18 мамырында Торғайға жеткенде Таран өлтірілген. Ажалы ашынған адам қолынан болған шығар. Бірақ оны кім өлтіргені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Бар-жоғы қанқұйлы жазалаушы Таран отрядының қысқа тарихының шындығы ел есінде қалды. «Таранды алашордашылар азаптап өлтірді» деген кеңестік энциклопедиядағы дерек, бұл – қызыл империя идеологтарының жалған жаласы деу көңілге қонымды.
Қарусыз елді қанға бояған, қазақ халқының ар-намысын аяқасты қылған Л.Таранның үлкен аудан атын иемденуі санаға сыя ма, бұл қалай? Төл тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан қарайтын, екшейтін кез әлдеқашан тумап па еді? Өзінің туған жерінде көше мен мектеп аты Би-ағаңдай тұлғаға аздық етер еді. Санадан қызыл империя саясатының уыты әлі кетпегендей. Кеңестік дәуірде саясат шеңберінен шыға алмай жазылған энциклопедия, тарих, жалған әдеби шығармалар, іші өтірікке толы шикі кітаптар сөре-сөре болып кітапханалардан орын теуіп, оқырмандардың санасын улағаны ақиқат. Кеңестік энциклопедия мен өткен тарихты сұрыптап, саралайтын мезгіл жетті емес пе? Халқымыз тарихын ақиқатпен жаңғыртсақ, бұл болашақ ұрпақ алдындағы парызымызды өтегеніміз болар еді.
Көптен бері толғағы жетіп, мораториймен шешімін таппаған үлкен ұсыныс тұр, бұл – ауданымызға қазақ әдебиетіндегі аса ірі тұлға, қазақтың Би-ағасы атанған жазушы Бейімбет Майлин есімін беріп, тарихи әділеттікті қалпына келтірсек, Мәңгілік ел болуымыздың бір лайықты ісі, көрінісі болар еді.
Би-аға бар қазаққа бірдей. Дегенмен, туған жеріндегі құрмет оған басым болуы керек. Қазір біздің алдымыз сексеннің сеңгіріне көтерілген, соңымыз жетпістің желкесіне мінген ақсақалдармыз. Төрімізден көріміз жақын қалған шағымызда Би-ағаның туып-өскен жеріндегі «Бейімбет Майлин ауданы» дегенді өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп кетсек, арман жоқ.
Қасымбек КЕҢЕСБАЕВ,
зейнеткер
Қостанай облысы,
Рудный қаласы
(түпнұсқадағы тақырып: «Бейімбет кім, Таран кім? немесе тарихи әділеттілік қалпына келсе дейміз «
egemen.kz