Полицейдің бетін тырнаған қостанайлық тұрғынға екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу үкімі шығарылды деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қостанай қалалық №2 соты қылмыстық істе 32 жастағы азаматшаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігі («Билік өкiлiнiң өз лауазымдық мiндеттерiн атқаруына байланысты оған немесе оның жақындарына қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру») бойынша сот үкімін шығарды.
Іс материалдары бойынша, 22 желтоқсанда шамамен сағат 19.20-да Қостанай қалалық ІІБ полиция бөліміне бір азаматша хабарласып, өзінің пәтерінде қызы мен онымен бірге тұратын ер адамның жанжалдасып жатқанын хабарлаған. Берілген мекен жай бойынша келген учаскелік полицей ер адамға өзімен тірек пунктіне баруды талап еткен, ал ол болса қарсылық білдірген.
«Осы кезде мас күйінде болған әйел полицейдің еріне қолданған шарасына ашуланып, қарсылық танытқан. Учаскелік полицейге жармаса кетіп, бетін тырнап тастаған» деді сот баспасөз қызметінің мамандары.
Әйел адамға екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу үкімі шығарылды. Сот үкімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.
tengrinews.kz