Жұматай таныған шындық

Тілінің тотияйыны бар сатирик, өткір тілді журналист-қаламгер Жұматай Сабыржанұлының әйгілі «Өкпелесең, өзің біл» атты кітабын әлі күнге дейін іздеп жүріп оқитындар қарасы көп. Өзі өмір сүрген қоғамның қоясын қопара ақтарған бұл дүниесі 2002 жылы автордың 55 жасында жарық көрді. Ал бірнеше жыл бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары «Мен таныған шындық» деген атпен кітап болып басылды. Бұл кітапта, сондай-ақ, қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығы туралы жазылған мақалалар мен арнау өлеңдер топтастырылған.

Бүгін біз талантты қаламгер Жұматай Сабыржанұлының «Мен таныған шындық» кітабының әр тарауынан үзінділер жариялап отырмыз.

tobyl-torgai.kz

Мараттың марапаты

Марат (Қабанбай) маған көпшік қойып жатыр: «Сіз қазіргі журналис­тиканың Ақан серісісіз ғой», – деп.

«Боинг» міндім

«Ана тілінің ақпараттық стилін қалыптас­тырып едің…». Осылай деп еш жер жолатпай қойған мен жұқсызды Жарылғап Бейсенбайұлы жарты минут ішінде ҚазААГ-қа жұмысқа алған.
Жұмысқа алған жақсылығы Құдайдан қайт­сын, бәрінен бұрын анау бағасын айтсайшы!
Ұлттану ғылымының докторы (өз көңілім­дегі) Жарылғап құрдасым маған машина емес, «Боинг» мінгізді.

Көзілдірік

Үлкендер айтқан бір әңгіме еске түседі. Соғыс енді аяқталған кез болса керек. Колхозшылар тасыған өзенді бөгеп жатыпты. Қапшықпен құм тастайтын жабайы тәсіл… Біреудің суға түсуі қажет… Жан тәтті, ешкім шыға қоймайды. Тілі шолжың, аса момын бір Жақсыбай деген бар екен, басқарма соны айналдырады, мақтайды. Әйеліне көйлектік мата беретін болады. Спирт ішкізеді. Қызуы бойына тараған соң әлгі байғұс:
–Ішталин үшін (Сталин дегені), калкім (халқым дегені) үшін! – деп бұрқырап тасып жатқан өзенге қойып кетіпті! Қойып кетіпті де, жарық дүниеге қайтып шықпай қалыпты…
Образбен ойлап көріңізші, қазіргі біз көрген нарық – буырқанған дария болғанда, басқарма кім? Ішталин (Сталин) кім? Бөгесінге тас­талып жатқандар кім? Жұмекең айтпақшы, «ойланбасаң кетеді миың шіріп…»

17 қазан, 1987 жыл.
Абай айтқан есті адамдардың қатарында болғысы келіп бүгін өзінен-өзі есеп алып көріп еді: ет жегендері қалыпты есінде. Екі-үш жерге қонаққа барған. Араққа қарамай, ішпей, жұртты таңғалдырыпты. Әзірге үлкен жетістігі де – осы, соңғысы.
Өзін бұрынғыдан жеңіл сезінеді. Келер күндерден үмітті…
Бірақ соған дайындығы жоғынан қорқады. Жемсіз құр қармақты көлге салып қойып, өзі асық ойнап жүрген баланың әрекеті. «Қарағым-ау, оған шылаушын болмаса, балық қаппайды ғой» дейтін адам жоқ. Жұтпа ойнату керек! Оны өзің, тіпті, бақылап, бүкіл ой-санаңды соған тас түйін жұмылдырмасаң, көзіңді құр тесірейткеннен не пайда?

***

Ниет бар, әйтеуір. Соған да шүкіршілік! Жоқ, шүкіршілік – тіршілік емес дәл осы арада. Дәл осы арада қомағайлық керек, кәдімгі қасқырдың қомағайлығындай. Тіс керек қаршылдаған, кәдімгі қасқырдың тісіндей.
Құр жазсам-ау — «бедеу қатынның бала тапсам жақсы болар еді-ау» дегені сияқты бірдеңе.
Сен өзі әдебиеттің предметі – адамдарды зерттедің бе?.. Ол айдан алып келетін топырақ емес, корабльді қайдан табам демейсің, қасында жүр ғой шұбырып! Не ойлайды екен солар, немен тыныстайды екен? Олардың арасында жақсылық пен жамандық қалай арбасып жатыр?.. Сиыр сауудың технологиясының саған түкке де керегі жоқ. Ол – сауыншының, ғалымдардың жұмысы.

***

Оу, жолдас, сенің бір үлкен рухани байлы­ғың бар еді ғой. Сағым оранған бір бейне көз алдыңда кәдімгідей қозғалысқа түсіп, өзің де соған талпына ұмтылып жүрген жоқсың ба? Меніңше, қағазға ұйып-сұйып түсе қалатын сияқты сол сурет…

18.10.1987 жыл.

Менің миым шылымның, арақтың уынан, уытынан аршысам да мимырт. Қайдағы бір құдайлар болмаса, адам мүмкіндігі келмейтін қиялдарды мүжігіш. Тулақ та болса тірлігіңе тұрақтыны тартқыламаймысың?! Дым болмаса аузыңның айызы қанар…
Ой жалқаулығы басып барады.

7.11.1988 жыл.

Ептеген өзгеріс бар: арақтың әкесі өлгеніне 20 күн (енді тіріліп кете қоймас). Ашуланған жоқпын. Оған үлкен себеп болмай жүр-ау деймін. Екі-үш рет болмашы нәр­сеге жаңа қатқан мұз сияқты тысырлай беріп, тыйыла қой­дым, күтірлей беріп, кілт тоқтадым. Сүйте-сүйте со­зы лымдылыққа да үйренерміз, Алла амандығын берсе!

27.12.1992 жыл.

Осыным менің не жүріс?!
Осыным менің не тірлік?!
Әлі жүз жыл ғұмырым бар сияқты бұлғақтай­мын ғой тіпті. Күні кешегідей қаным бір тасығанда өліп кетсем, артымда қалады не? Құдай-ау, неге уайымсыз, қамсыз қылып жараттың?
Жұрт қатарлы менің де жастығым өтпеп пе еді. Бар ғой сол төңіректе бірдеңелер – жазып кетерлік момақан, қоңыр күй. Жатыр. Тек ол қалпында жарамайды – өлі. Дем салып, жан бітіру, көркемдік дамыту қолымнан келеді-ақ. Құнт жоқ. Мойын жар бермейді, мың сылтау.

14.05.1994 жыл.

Құданың құдіреті, баяғыдан бергі бір әдетім жазып отырған материалым үш, әрі кетсе төрт беттен асса, қамыттан шыққысы келген өгіз сияқты қиқаңдай бастаймын. Көбіне шорт түйе саламын. Айтайын дегендерімді сол көлемге сыйғызсам – сыйғыздым, сыйғызбасам – қалғаны. Бұл дағды­ның бір жақсы жері – сығып жазуға үйретті.
Міне, 50 жасқа келген Жөкең (Жомарт Әбдіхалықов) туралы мақаланы да: «Тоқтат!» – деп миым сигнал беріп жатыр. Жарайды, тоқтатайын.

20.09. 1996 жыл.

Облыстық радиода істеген Асқар Арнауытұлы деген інішегім еліне – Талдықорған жағына барып келіпті. Мені әдейі іздеп келіп жеткізген хабары: «О жақта Жұматай Сабыржанұлын жақсы білетін, жоғары бағалайтын көрінеді. Біздегілер естір ме еді… Тұзды уыстап шайнайтын».
«Тілі керемет!» деп мақтайды екен. Шын солай бағаласа жақсы, жаныма жағатын сөз. Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар, алысқа көз салсаң. Шіркін-ай, қазақ тілін ең нашар білетін адам мен болсам ғой! Ғажап болар еді! Орыс тілін аяғына да отырғызбас еді! Соны көріп өлген ғой бұ дүниенің қызығы!

17.01.1997 жыл.

Социализмнің кезінде бір қой алып келуге кетіп бара жатқан «К-700» тракторы мұз ойылып, өзенге түсіп кетіп, қыс бойы жатқан. Жаз ортасына қарай шығарып алып, бөлшектеп пайдаланды-ау деймін.
Айтайын дегенім, бүгін түріктер салып жатқан министрлік қоршауы­ның түбінен бір шеге тауып алып, қалтасына салып жатқан кісіні көрдім. «К-700» және бір шеге. Социализм мен капитализмнің айырмасы.

4.7.1997 жыл.

«Алпамыс батырды»  қайта оқыдым. 37-38, бәлкім, 39 жылдан кейін. Менің санамда қаршадайымнан сүйкімді кейіпте қалған Кейқуат тазша…

Сол баяғы қалпы. Қарагөзайым мойнына мінгізбесе, зындандағы Алпамысқа апармайтынын айтып, қиғылықты салатын ерке.                        Тазша қылды кесірді,

Екі аяқты көсілді…

…Екі емшекке тепкілеп,

Келе жатқан секілді.

…Жеке газетім болса, атын «Кейқуат» қояр едім.

Дарыннан аясаң…

Кейқуаттың бір келіншекке берген кеңесі: «Дебильге берген дүниеңді дарыннан аясаң, дура болғаның».

13.4.1997 жыл.

Өзіме өзім сауал қойдым: «Қазақ журналис­тикасы қашан жақсарады?». Жауабым ауырлау шықты: «Мына біздің жазғандарымыз жарамай қалған кезде!». Солай. Қиын. Оңай не бар?

1.5.1997 жыл.

Кездейсоқ көзім түсті. «Акмолинская прав­да» газетінің шекесінде «СССР» деген жазуы бар, орақ-балғалы бір орденнің суреті тұр. Ностальгия… Мейлі ғой. Мені ойландырып отырған басқа мәселе. Сол өкімет неге жұртқа темір-терсек үлестіруге әуес болды? Адамдар неге сол үшін танауы таңқиып, танкіні де тапап кететіндей боп жүрді? Осының сыры неде? Қазекеңдікі жалаңтөстік, далалық мінез, далаңбайлық болсын, басқа жұрттар ше?.. Тегінде адам ныспысы сарыезуліктен тым жоғары көтеріле алмай жатқан жоқ па?!

10.5.1997 жыл.

Осы мен неге жазғандарымның редакция алып тастаған жерлерін құрастырып (лайық форма тауып), бір дүние жазбаймын? Айталық, «Көш, қазақ, Арқаға, Астанаға!», «Таңқы түсінік таңғалдырады», тағы басқалардан қыршылып тасталған жолдар газеттердің үрейден әлі айығып бітпегенін көрсетеді емес пе?..

10.7.1997 жыл.

Мен Рахымжан інімнің (Отарбаев) жазғандарын көрсем бас салып, қомағайланып оқып тастаймын.
Бұл – соңғы үш-төрт жылдан бергі дағды. Оның жай, қара мақа­ла­ларының өзінде жаныма жағатын үш-төрт сөйлем қалайда жүреді. Міне, «Е.Қ»-дағы «жәй әңгімесінен» талыстай кітапқа татитын сөз таптым. «Арғы атасының бәрі сөзден өлген халықтың нәсілі емеспін бе…». Әне, бабалар портреті! Қандай тамаша, арғы аталарымыз сөзден өлген! Қазіргілердің ажалы – бөзден…

10.5.1998 жыл.

Кешегі не болса соны жасырып ұстап келген қоғамнан қалған ауру ма, немене біздің журналистер әлі күнге «жасырын емес» деген сөзге жабысқақ.
Әсіресе, теледидарда «ұрылардың көбейгені жасырын емес», «мектепке бармайтын балалардың бар екені жасырын емес», т.б.
Апырым-ай, сәл ғана ойланбай ма екен, «осы айтып отырғаным неге жасырын болуға тиіс» деп. Осы сәл ғана ойлану жағынан газетшілер де сылтып басады. «Астана тұрғындарының алаңсыз өмір кешуін қамтамасыз ету бүгінгі қалалық ішкі істер басқармасының басты назарында тұрғаны жасырын емес» делініпті «Ақмола ақшамында» (98 жылғы мамырдың 8-і күнгі санын қараңыз).
«Алаңсыз өмір кешуді қамтамасыз ету» – әрине, тым аспандатып айтылған сөз. Ол дегеніміз бүкіл мемлекеттік механизмдер іске қосылғанда жүзеге асатын шаруа ғой, оның өзінде сәті түссе. Беп-белгілі жайдың жасырын еместігін мәлімдеу не қажет?

9.10.1998 жыл.

Жаным жаңғыруды тілейді. Бірақ қалайша? Білмеймін.
Міне, жұмыстан босатуға өтініш жазып отыр­мын. Ондағы бар сөз мынау ғана:
«Жақсы жаза алмай жүрмін. Нашар жазуға намыстанамын. Сондай дағдарысқа душар болуы­ма байланысты мені жұмыстан босатуыңызды сұраймын».
Шындығында, мәселе былай ғой: мені олар еркіме жібермейді, олардың ырқына менің көнгім жоқ.
Мендегі таным, талғам тәкаппар тұрпатта!
Осындайда еске түседі, Мұхтар ағамның (Мағауин) да өмірі ерегіске, күреске толы болыпты. Кешегі мамыражай деген заманда майдан жүріп жатыпты. «МЕН» атты ғұмырбаяндық хамсасы – керемет!
Менің де тірлігім бас жармағанмен мұрын қанатудан тұратындай… Жазып көрсем қайтер?

22.12.1999 жыл.

Баяғы «Құрмет грамотасы», «Мақтау қағаз» дегендер компартиямен бірге құрыған шығар деп жүргенмін.

Бүгін Парламентте отырғанымызда Сейфолла інім алған Құрмет грамотасын көрсетті. «Егемен Қазақстан» газетінің 80 жылдығына орай беріпті. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» екен-ау…

Сейфолла телефон ақысын төлемек болды да, сөйлесу пункітіне бардық. Жаңа жылдың алды болғасын ба, кезекте кісі мұндай көп болар ма! Қалжыңдап жатырмын, Құрмет грамотаңды көрсетсең, кезексіз жібереді деп.

Осындайда еске түседі, мен ғұмырымда бір-ақ рет, 80-жылдардың басында мақтау грамотасын алғанмын. 5 мамыр — Баспасөз күніне орай. Облыстық Жорналистер одағынікі.

Үнемі сөгіс алып жүретін адамға ол да бір қуаныш екен ерекше. Дымым қалмай жуғаным есімде. Сөгіссіз сәні кірмейтін қарағым еді-ау, қазір сол сөгістер – сағыныш.

Сөгіс, сөгісжан, мен сені сағынып жүрмін!

30.11.2000 жыл.

Менен: «Неге жұмыс істемейсің?..» — деп сұрайтындар көбейді.

Оларға мына бір әңгімені айтып жүрмін.

Совет өкіметі кезінде бір анекдот болатын. Екі шіби базарда жұмыртқаларын сатып тұрады. Біреуінің жұмыртқасы үлкен, 1 сом 20 тиын екен де, екіншісінікі кішілеу, 90 тиын көрінеді.

— Неге менікіндей ғып таппадың, сонда пайдаң көбірек болатын еді ғой, — дейді 1 сом 20 тиындық жұмыртқаның иесі.

Сонда анау:

— Құрысын, арғы жағындағы отыз тиын үшін көтімді жыртар жайым жоқ! — депті.

Сол айтқандай, менің де бір он мың теңге табам деп тыртыңдап табанымнан таусылар жайым жоқ, құдайға шүкір, тәубә, балаларым асырап жатыр. Менің жағдайымда ақша қуалау дүниеқоңыздық болар еді.

Ұлы Мұқағалидың да айтатыны бар-тын: «Өгіз боп енді өткерер менің жайым жоқ, өмірдің қалған тамтығын».

18.03.2002 жыл.

Кеше үйде қонақта болған Қайнар Олжай бір тамаша тілек айтты:
«Жүке, оқырмандарыңыздың ең нашары мен болайын».
О-о! Онда менен бақытты жан болмас!
Апыр-ау, не деген зерде! Қайнар менің кітабымның кез келген жерінен ойып алып, жатқа соғып отырды. Өлеңді жаттауға болар, ал қара сөздің қалпын бұзбай бұлайша төгілдіріп айту…
Таңғалғаным ғой. Тіпті, мына кітапта жоқ, осыдан жеті жыл бұрын «Ана тіліне» шыққан «Жүргендерге су ішіп, суан ішіп, жуандығын танытты Қуанышев» деген мақаламды да зырылдатып жатқа соғып отыр­ды!
Оқырманның ең нашары емес-ау, ең мықтысы Қайнар болса, мұртымды балта шаппас! Бақыт деген – осы!

Кебімізді киеді білем

Өзім көрген өмірдің өтірігін болашаққа өткізбесем деп өрекпідім талай-талай. Қай-да-а! Шамасы, бұл – әлгі Иманқұл атамыз айтқандай, «Жете алмайсың түбіне!» Біз көп алдандық. Кейінгі ұрпақ та кебімізді киеді, білем.

Ойхой, арман!..

Қазақтың теңгесі туғалы – алты жыл. Әлі тілі шыққан жоқ. Сақау болса ештеңе емес-ау, тіпті таскерең, мылқау. Оның сөзін рубль мен доллар сөйлейді.
Ұлттық банктің тілі шықпай, батпақтан шыға алмайтынымызды Елбасы білуге тиіс.
Әйтіп-бүйтіп ақшаны қазақша сөйлетсек, арғы жағы – рақат, даланың жолы. Айдарыңнан жел аймалап, аңқылдайсың да отырасың! Ойхой, арман!..

Сөз қадірін білсек деймін

Қазақ баспасөзі қызық: үріккен қойдай дүр-р еткіш! Және не болса, соған. Советтік сананың салқыны…

***

«…Бүлдіршін» деп жазып келе жаттым да, қалт тоқтап, оны «балдырғанмен» ауыстырдым. Себебі, ту сыртымнан Балғабек Қыдырбекұлы ағам «осыларың не, кейінгілер қателеспесін деп жазып едік қой…» деп мұңайып тұрғандай болды.
Иә, Бәкең айтқан: үш жастағы түйенің еркек болса – буыршын, ұрғашы болса – бүлдіршін аталатынын. Сондықтан жас, сұлу қызды «бүлдіршіндей» деп теңеуге болатынын, бірақ бүлдіршін деуге болмайтынын. Бар кінә өзімізде – сөзді түсінбей айтамыз, түсінбей жазамыз.

***

 «Келімсек» сөзін айтайын деп айтпайсың… «Курица – не птица, Акмола — столица» деп шәпкесін баса киді «Центр» деген газет (97.11.27.).

Кекеткен… кіжінген… түрі!

Осындай-осындайдан көңіл қалған!..

Кісі боқтампаз болайын деп болмайды екен.

Өтірігі көп өмір

– Кітабың не жөнінде? – деді маған.
– Өтірігі көп өмір жөнінде, – деп езу тарттым.

Езуге түскен күш

Мұртымның жоқтығынан осы жолы қатты қиналдым. Театрдағы бір қойылым туралы жазған сыныма бір бастықсымақ: «Сен қатыгезсің!» деп баға бергенде мұртымнан күле алмадым. Амалсыз езуге күш түсті. Қимылдайтын рет – қылшықтыкі еді.

Межеге жете алмас көш

Асқар Сүлейменовтің «Адасқағын» қайыра оқып шыққанда ұққаным – Асекеңнің асуына жету үшін қазақ оқырмандарының көші ұзақ жылдар сапар шегер. Соның өзінде көш тұтасып межеге жете алмас.

Білігі – биттей, тірлігі – киттей

Адамдар сияқты, кейде ортақол, тіпті нашар өлеңдерге де бақ қонады.
Бақ қонған деген сол, оған жақсы ән жазылады да жұрт жылдар бойы айтып жүреді.

Отклигім – күйігім…

Қалбалақтап-қалбалақтап өз аяғымен келген ой:
Отыз жыл жолдас болған отклигім,
Отклигім – бойымда көп күйігім… (мемлекет­тік газет тілшілерінің гимні дерлік).

Мөлтек ой

Ненің жаман екенін білсең болды ғой, ненің жақсы екені өзінен-өзі танылмай ма?

***

Қазақ дәстүрі: мүгедек, жарымжан адамдарға күлуге тыйым салады… Мыналарға да күлуге болмайды. Бұлар да мүгедектер – рухани мүгедек, жарымжандар!

Қайраққа жану

Өтпей қалған пышақты қайраққа жанып-жанып жіберсең, кәдеге асып кетпей ме?! Сол секілді, кейде бір тілім жүрмей, тілім жүрмеген соң қолым жүрмей отырғанда, қу жанды қина­май қағазды жиып тастап, Ғабеңнің шығармаларын оқып жата қалам. Құдайдың құдіреті, бір-екі әңгімені тәмамдаған соң тұтығып кеткен тілімнің… Сырғи бастағанын сезінгендей боламын! Құдірет қой, Ғабең-Ғабит – пайғамбар. Ғабеңе құлағанның бір ғана жаман жері – шамалы жазғанына аузың тұшымай қояды.

АҚШ аяғымыздың астында қалатын еді

«Кемшілікті көп көреді» деп кінәлайды мені. Оу, ағайындар-ау, айналаң толған кемшілік болса, қалай көрмеске?
Журналистердің көзді жұмып көйіте бергенінен қоғам көктесе, ендігі АҚШ аяғымыз­дың астында ақшаңдап жататын болды емес пе?

Сұмдық сурет

Тарих жотасындағы қазақ қабірінің басында Уақыт отыр. Міне, құлқуалланы екі қайырды. Енді бір рет қайырады. Сонымен тәмам! Уекең (Уақыт) орнынан тұрады да, етек-жеңін қағынып… желе жортып тарта береді…

Р.S. Өкіметтің бет-аузына қарасам, осындай сұмдық сурет көз алдыма келеді. Құдай, өзің кешіре көр!

Ойхой мен оллахи!..

Ойхой! Ақмолада қазақтардың саны 50 пайыздан асқанын көріп өлсем деуші едім, жан тәтті, енді өлгіміз келмейді. Себебі де бар: Алматыдан келгендердің көбі орысша. Бәрін былай қойып, мәдениет, ақпарат министрлігіндегі «вич»-тер мен «вна»-ларды көргенде көзің көкшиеді.

Енді Астана қазақтарының 60 пайызы қазақша ойлап, сөйлеп, жазғанын көріп (әрі қарай таудан құлаған тасқын секілді жолындағыны  жапырып жүре бермек) өлгіміз келеді-ақ. Соған жетсек, әрі қарай сылтау іздемес едік, Оллахи!..

Қатыгез десе, десін

Жазған сындарыма қарап мені қатыгез дейтіндер бар екен. Десе, десін. Жағымпаз демесе болғаны. Қатыгездік – жағымпаздықтың қасында қаһарман дегенмен бірдей.

Тұғырлы тақырып

Төрт тұрық. Осындай атпен фельетон жазса. Асықтың төрт тұрығы – алшы, тәйке, бүк, шік. Бір бастықтың осындай сәттерін…
Сілекей сырқаты. Бұл да фельетонға жарап тұрған тақырып. Бізде не болса, соған тамсанып, нені көрсе, соған сілекейі шұбыратындар көп. Осы біздің газет мақалаларынан да үзінділер келтіріп отырып та жазып шығуға болады мұны. Қызық болар еді…

Этикаға жат қылық

Екеуінің шүйіркелесуі жиі. Дүниенің тұтқасын екеуінің бірінің қолына берсе, анаусы бассыз қалар еді!.. Мен өзім ұнатпайтын адамыммен сөйлеспек түгілі амандаса алмаймын. Осы жұрт сайқал-ей! Елсіз-күнсізде кездессе, бірінің бірі енін сылып алатындардың өп-өтірік еміренгенін көргенде ерніңді шығарайын десең – этикаға қайшы.

Марқая сөйлесе – айып емес

Мұхаңның (Мұхтар Мағауин) мақтана сөйлегенін күстаналайтындар бар. Ал мен ойлаймын, тау қопарған кісі марқая сөйлесе – айып емес. Бір күрек басы шым оя алмай жүріп шірену, әне, нағыз өлімнен күшті ұят сол!

Мен Мұхаңды мақтанды деп есептемеймін, марқая сөйлегеніне мейірленемін.

Өзін әлдекімдерге мақтату үшін маңдай терін мың төгетін «марқасқалар» әрекетінен гөрі Мұхаңның осылай, өз бағасын өзі бергені – кісілік, адалдық.

«Білім ұлы адамды жуасытады…»  деген бекер ме деймін, осы Мұхаң асау ғой.

 

tobyl-torgai.kz

 

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *