(Деректі хикаяттан үзінді)
Әбдісадық пен Барлық та соғысқа дейінгі үрейге толы болса да бейбіт жылдарды сағынып, оқуларын жалғастыруды армандаушы еді. Соғысқа дейін Қостанайдағы Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мектебінен оқып келген Барлықтың білім сапасы басқа балалардан гөрі тереңдеу. Ол тек шығыс және қазақ әдебиетін ғана емес, орыс жазушылары мен ғалымдарының еңбектерін еркін оқи алатын, мазмұнын жатқа айтатын дәрежеде еді. Колхоз жұмысына жегіліп жүрген кезінде-ақ Қаныш Сәтбаев сияқты геолог, тау-кен инженері болуды армандайтын. Сол себепті білімге құштар Әбдісадық пен Барлық жас айырмашылығына қарамай дос, бір-біріне жақын болды. Жиі пікір таластырып, көп әңгімелесетін.
Барлықтың жақын туыстары – Байқадам ұрпағы: 1913 жылы туған Данабике апай, 1917 жылы туған Бақытжан ағасы, Айсұлу, Күнімжан тәтелері саяси қуғын-сүргіннен аман қалып, Алматыда тұрақтап қалды, жоғары білімді мамандықтар алды. Айсұлуды Мәскеу консерваториясында оқып жүр дегенді естігені бар Барлықтың. Қаралдының Байқадамы «халық жауы» деген жалған жаладан ақталамын деп 1928 жылы Қызылордаға барған жерінде тұтқындалып, 1930 жылы Семейде атылып кеткенін ел бір-біріне сыбырлап айтушы еді.
Қазақ арбаның доңғалақтары туралы мысалды тауып айтқан. Артқы доңғалақтар алдыңғылардың ізін басады, ал кейбір бұрылыстарда шеңберден шығып та кетеді. Адамдар да сол сияқты. Әкеге қарап бала өседі. Заманына қарай бір сүйем кем, екі сүйем артық туып жатады. Негізі, қазақтың тектілік туралы пайымдаулары дұрыс. Егер тегіне тартпаса, Әбдісадық та, Барлық та балалық шағындағы жадау тұрмыс, ауыр бейнеттен «жүн жеп, жабағы тышып» кетер ме еді, олардың бойында ананың сүтімен, әкенің қанымен берілген қасиет-қабілеттер, асқақ армандар, қыпшақтарға тән биік рух, ұлттық намыс болмаса?
Бұл екі өрен атамекендері Байғабылды мекендеген елдің тұрмыс-тірлігімен, ауыл-ауылға бөлініп, өзеннің қолайлы қолтықтарын паналаған ағайындардың туыстық қарым-қатынастарымен, жердің сай-саласы, өзен-көлдері, шұрайлы шабындықтарымен, жаз жайлауларымен, тіпті, жүгірген аң-құстарымен де жақсы таныс еді.
Өңірдің Торғай және оның саласы – Байғабыл өзендеріне дейінгі теріскей бөлігін аралас бетегелі, селеулі, жусанды, көкпекті шөп өскен құмайт құрғақ дала алып жатса, екі өзен жағалауында, су түсетін ойпаңдарда көкпек, ебелек, қараматау, сарықаңбақ, бұзаубас, қоянсүйек, атқұлақ араласқан бидайықты, өлеңшөпті шалғын, ойпаңдар мен жыраларда бұйырғын мен алабұта, жусан мен шағыр өседі.
Шіли-Шора, Жайылған аталарының жаз жайлауы – Шұрық аталатын көгорай, Көкпектікөлдің маңы. Жетібай аталатын төбені асып түссең, Қамысбайда қалың ел болып Бекібай әулеті бастаған ақташы ағайындар қоныстанған. Бұл ақташылар Әбдісадыққа нағашы жұрт болып келгендіктен, Әбді бала оларға көп еркелейтін. Қозы көш жердегі құм шағылдардан Атажан сайы, Сүлікті көлге дейінгі құмдауыт қыратты мал жайылымдары алып жатыр. Өзен басы – Тараудан Шақпаққа тірелетін кең алқапқа егін салынса, Торғай өзені мен Байғабылдың Аяққа тірелетін меже – сан алуан балаусалы көк майса, шабындық жер.
Аяқ аталатын жердің бедері қызық, өзен бірнеше өзекке бөлініп барып күрт тұйықталады. Екі өзеннің ауыл тұсындағы алқапқа бір шеті Алакөл-Қабырғаға, батысында Құстөбе, Қарабидайық, Көкалатқа дейін Қаз аталарымыз шығыр тартып, егін еккен. Сол тұста Айтқұл көңі бар. Кезінде Айтқұл би дәурен құрған, Ыбырай ашқан болыстық мектепке өз үйін босатып берген құт мекен.
Шағылды төбелердің арасында Жіңішке аталатын өзекті өзен жылға болып, жылтылдап ағып жатады да, мөлдір суы жерге сіңіп кетеді. Шамасы Шұрықтағы көлге жер астымен құяды. Құм төбенің етегіндегі жазық ала жаздай жер асты суы жақын болған соң ұйық болып жатады. Сол ұйыққа талай рет мал батып кеткені бар.
Шұрық көкорайының тағы бір ерекшелігі – құм қыраттың етегінде, Аяқтағы Шитүбекте адам бойындай түп-түп ақ шилер қалың өседі. Байғабыл маңында қазақ тұрмысында ерекше орын алатын тобылғы бұталары да көп. Тобылғыдан қазақтар қамшы мен шыбыртқыға, бәкі мен пышаққа сап істесе, әйелдер тобылғының түтініне ет және күбі ыстайды, шиді тартып, оны түптейді. Ши себеттің екі түрін: жалаңаш ши және жүн оралған жылы ши себетін дайындайды. Қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік, т.б. жаю үшін қолданса, ұзына бойы әр түске боялған жүнмен немесе жібек жіппен оралған шым шиді қиық, шаршы, үшбұрыш, жиек сияқты өрнек салып тоқиды да, ол киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып саналады.
Бұл ауылдың әйелдері ұлттық тағамдарды дайындауды ғана емес, киіз-текемет басуды, сырмақ жасауды, қой жүнін түтіп-иіріп, киім, кілем-төсеніш тоқуды, күнделікті тұрмысқа, тазалыққа қажет сабынды алаботадан қайнатуды, тағы басқа қолданбалы өнерді шебер меңгерген. Ел ішінде талдан киіз үй сүйегін дайындайтын шеберлер, темірден түйін түйген ұсталар, әшекей бұйымдар дайындайтын зергерлер мен етікшілер, киім пішіп-тігетін ісмерлер керемет беделге ие еді. Соғыс кезінде ауыл-үйдің құрал-саймандарын Құлахмет, Шаяхмет, Жүркен ұсталар бүтіндеп берсе, шағын ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін жейде-ыстан, көйлек-көншек, жүн сырыған шалбар-шапан тігіп, Айкөз шешей мен Жамал апай киіндіретін. Сол кезде тігін машинасы осы екеуінде ғана болды.
Соғыс басталғалы ел сән-салтанатты ұмытып, жергілікті ағаш шеберлері мен ұсталарға тапсырыстар тек еңбек құралдарын дайындауға түсіп тұр. Арба-шана, қамыт-доға, айыр-күрек, арқан мен ат әбзелдері қат. Соғыс жылдары қазақтың тұрмыстық жабдықтары мен еңбек құралдарын дайындау ісін Баймұқан, Бекжан, Нақып, Құлахмет, Нұркей, Биділда, Хайролла сияқты ақсақалдар қатты қадағалап, жоқ затты түгендеп отыруға үлес қосты. Жылқыбай, Садық, Нақып, Жаңаберген, Шаяхмет, Ілияс, Едрестер мал баға жүріп, арасында Әулиетұздан ас-суға пайдаланылатын қара тұз тасыды, Аманқарағай мен Қостанайдан кіре тартты. Соғыс кезінде сонау Дәбей мен Қорғасынға дейін барып, қат заттарды жеткізіп тұрды. Бұл өңірдегі жалғыз дүкенді Хайролла ұстады. Әділін айту керек, сауда нүктесіне келген аз-мұз шай-қантты, мата-шатаны ел-жұртқа тең бөліп беретін.
Колхоз басқармасының қолындағы «көзірі» – еңбеккүн. Бұл – жұмыстан сырғақтайтындарды «шөміштен» қысуға ойлап табылған керемет тәсіл. Бір кезде зорлап кіргізген колхоз мүшелігінен айырылып қалу – аштан өлумен пара-пар. Бригадирлер мен оның көмекші есепшілері сенің неше күн жұмыс істегеніңді емес, неше сағат жұмыстан қалғаныңды есепке алады. Бүгінгі қазақтың меншігінде сауын малы жоқтың қасы. Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатының салдарынан сауынға сиыры, союға жетім лағы жоқтар көп.
Біздің кейіпкерлер бала жастан жегін малындай тынымсыз еңбек етті дегеніміз шындыққа қиянат болары хақ. Олар да ауылдағы құрдастарымен бірге мектепке барды, қолы боста күресті, алысты-жұлысты. Ыстық күндері Байғабылдың тұнық суына шомылды, асық атып, аударыспақ ойнады, балық аулады. Аяқтың тұнық суынан шортанды тұзақтап алу – оңайдың-оңайы еді. Кей қыста қар қалың жауып, өзендегі мұз терең құрсалғанда, Торғайдың суына ауа жетпей, балықтар ойықтан өзі шығып жататын. Айырмен іліп ал да, лақтыра бер. Балалар қыстың күні аққала соғып, шана тебетін. Өзеннен мұз ойып, тасиды. Жазғытұрым тай үйретіп, ілекеш, асық-топай ойнады. Бала біткен жайлауға шыққанда қозы бағып, бұзауға мініп өсті. Ел Айтқұлда, Шитүбекте, Қамысбайда, Шұқырша мен Әлімбайда, Кеңшабында, Тарауда, Көкпектікөлде, Смайыл мен Садуақаста отырған ауыл-үйлерге қыдырыстап барып жүретін-ді.
1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін Байғабылдың шеңберіндегі шабындықты, жайылымы мол, су көзі бар құнарлы жерді осында мекендеген Қаз руының аталары шартты түрде көзбен-ақ межелеп алып, иелік еткен. Әр ата өзара қауымдасып, негізінен Байғабылдың өн бойындағы панасы бар, тал-қамысы қалың өскен қолайлы қолтыққа, өзен тасығанда су алмайтындай биіктеу жерге үй салып, алты ай қыстап шығатын. Қыстың күні бір-бірінен алшақтай қоныстанған ел Жіңішке, Шұқырша, Көл сияқты жайлауға көшіп-қонғанда қайта табысып, бірін-бірі ерулікке шақыратын. Ойын балалары үшін бұл қызыққа толы, қарын тоқ, уайым жоқ, гүлдәурен кезең болатын.
***
Әбдісадық пен Барлық, олармен бірге болған басқа да бозбалалар ауылдарына оралды. Шамамен он бес-жиырма өгіз арба болатындай талды шыбықтады да, әр жерге жинап кетті. Шыбықтарды қыстақтағы мал қораларына тасып берді. Ертең жауын-шашынды күз болады, одан әрі қылышын сүйреткен қыс түсейін деп тұр. Ауылда өзгеріс, жаңалық жоқ. 43-тің күзіне қарай аяқ-қолына оқ тиіп, мүгедек болып қалған солдаттар келе бастады. Нұрман шаңырағына осы үйге, осы елге күйеу болып келетін Қалақбастың Жұмабайы арбаға ат жегіп, Тұрсын апаймен бірге келіп кетті. Сандуғаш қашаннан ас-суы мол, қолы ашық адам ғой, ауыл-үйді, көрші-көлемді шақырып, дастарханға дәм тартты.
Бір аяғын қара санынан төмен немістің снаряды жұлып кеткен Жұмабай мүгедек болып қалғанына мойымапты. Жездеміздің әңгімесі байыпты, ойлары салмақты екен, Әбдісадықпен теңіндей сөйлесіп, балдыздарымен қалжыңдасып, елдің көңілін көтеріп тастады. Өзі Тасты өзенінің арғы бетіндегі «Шилі» колхозында басқарма екен, ауылының тыныс-тірлігін баяндады. Жағдайдың барлық жерде бірдей ауыр екенін тілге тиек етті. «Қырық жыл қырғын болса да, кебенек киген өлмейді» деп, қазақ майдангерлеріне амандық тіледі. Сол кеште Әлменнің Жұмекені де болып, ол үлкендердің өтініші бойынша қара домбыраға қосып, «Қарғаның» жырын айтып бергені бар. Жұмекен құрдасының мұндай талантты әнші, дауысы зор жыршы екенін бұрын білмей жүр екен Әбдісадық. Түн ортасына таман басталған ән кеші таң атқанша жалғасты-ау. Не деген дауыс! Әміренің Францияға барып, қазақтың әнін Париж аспанына әуелетті дегенді естігені бар еді Әбдісадықтың, бір түн болса да, Жұмекен Байғабылдың табанын жырға бөлеп тастады.
Жұмабайлар ұйықтамастан, таң сібірлеп атқанда жолға аттанып кетті. Біраз күннен кейін Жүкең сияқты Сарыбастың Төлеуі де аяғынан айырылыпты деген хабар жетті. Қаралы қағаз алып қайғы жұтқан отбасылары, майдандағы азаматтары хабарсыз жатқандар да бар. Ауылдық кеңес пен колхоз кеңсесі орналасқан үйдің жанындағы бағанға сөйлеп тұратын «шелек» – радио ілінді. Бір мезгіл хабар береді. Ауылдағылар оны үрейлене тыңдайды. Бәлен жер, бәлен қала жау қолынан босатылды, түген жерде кескілескен шайқас болды. Немістің неше самолеті, неше танкі жойылғанын айта келе, қызыл әскердің ерлікпен қаза тапқан полктері мен жасақтарын атайды. Мұндай хабарды естігенде жүрегің бір бүлк ете қалып, ішінде «менің әкем мен көкем, менің бауырым, менің ұлым болмаса екен» деп құдайға жалбарынудан, бас амандығын тілеуден басқа шара жоқ.
Барлықты Қостанайдағы ағасы Түйебайдың Мұхтары оқуға алып кетемін деп келіп еді, бара алмады. Егде тартқан екі әкесін, екі шешесін тастап, қайдан барсын. Барлық та түсінді, ертең бұл сұрапыл соғыс та аяқталар, оқуымды содан кейін де жалғастырам деп түйді. Ел басына түскен ауыртпашылық бұл ауыл адамдарының жігерін қайрап, шыңдады, білем, жас балалардың іш түйілгені, салқын тиіп, тамағы ауырғаны болмаса, ешкім денсаулығына шағым айтпайды. Ауылда Әбдіуахит қарияның болғаны қандай жақсы, баспа, түйнек сияқты кеселдерді қандауырмен қиып, емдейді. Тамыр ұстап, ем-дом жасай береді.
«Жұт – жеті ағайынды» деген рас шығар, 1944 жылдың қысына қарай төңіректе ит-құс біліне бастады. Қасқыр мазаны алып тұр. Мал күзету тағы да Әбдісадық пен Барлық сияқты жас жігіттердің мойнында. Әлсін-әлсін далаға шығып, иттерді айтақтап қоймасаң, Аяқтың жықпыл-жықпыл сай-саласындағы апанға ұя басқан бөрілер даланың қоян-тышқанын түгесіп, малды ауылды торылдаудан кетәрі емес.
Қолдарында құрық пен сойылы бар Әбдісадық пен Барлық ауылдағы қоралардың сыртын бір айналып шықты. Ай жап-жарық, сәулесі күміс қарға шағылысып, ауыл маңы ерекше шапағатқа шомылып жатыр. Мұндай күні неше жерден жыртқыш болса да, қасқырың адамдар қонысына жолай қоймас және іргеде ұя басқан көкбөрі көршісінің малына шаппауға тиіс. Табиғат заңы солай. Хайуан екеш хайуан да бұл қағиданы сақтайды. Қасқыр фәшис емес қой, олардың ақылы бар. «Егер жаман ойларың болса, Қамысбайға қарай, Ақташының ауылына барыңдар» деп қояды ішінен Әбдісадық, өзінің ойына өзі разы болып.
– Әбеке, жұлдыздарды қарашы, самаладай жарқыраған, – деп әдетіне басты Барлық. – Есекқырған қайда екен? – деп жұлдызды аспанды көзімен шарлап кетті.
– Шығыстан шыққан саудагерлер жолда аялдап, керуен басы күзетшіге «Шолпан туа оят, ертерек жүреміз» деп бұйрық беріп, жатып қалады. Ұйқылы-ояу қалғып отырған күзетші бір кезде күншығыстан туып келе жатқан жарық жұлдызды көріп, «Шолпан туып қалыпты, тұрыңдар» деп керуеншілерді оятады. Таң жақын деп ойлаған керуен жолға түсіп, тартып береді. Бірақ таң атпайды, оның үстіне борасын көтеріліп, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы қорадан шығып кеткен есектер суықтан қырылады. «Мен Шолпан екен десем, ол есекті қыруға шыққан жұлдыз екен ғой» депті аңқау күзетші. Осылай манағы жарық жұлдыз таң алдында туатын Шолпан емес, Есекқырған жұлдызы деп аталады, – дейді Барлық.
– Сен мені тыңда, жолда қонған керуен Шолпан туды деген оймен есектерін жайылуға ағытып жіберсе, әлі жарым түн ғана екен, есектерін қасқыр қырып кетіпті, – деп Әбдісадық аңызды өзгертіп айтты да, Барлыққа дүрсе қоя берді. – Ей, сен де бір, қай-қайдағыны айтып… Есекқырғанды қайтеміз, одан да маңайды бір шолып шығайық, аш қасқырлар малды қырып кетпей тұрғанда. Анау шөпке бос жіберілген өгіздер аман ба екен?
Бұл екеуі әңгімеге берілгені сонша, «қасқыр» деген сөзді естігенде ғана естерін жиып, енді өз аяқтарының астынан шыққан қар сықырылына да, аяздан шытынаған мұздың сытырылына да елеңдей бастады.
Кейде Әбдісадықтың үлкендік жасап, Барлықты жасқанта сөйлейтіні болмаса, інісін жақсы көреді. Оның білімдарлығын құрмет тұтады. Барлық та Әбдісадықтың өжеттігіне, қайсарлығына, батылдығына қайран қалып, аға ретінде сыйлап келеді.
Ол екеуі сол түні ашық аспаннан іздеген Есекқырған жұлдызының Күн жүйесіндегі ең үлкен планета – Юпитер екенін ертең өскенде оқып біледі.
Қыс мезгілінің де өз ерекшелігі, қызығы мен қиындығы бар. Әбдісадық пен мұқыл өгіз жаздай ыңыршағы айналып, мал қорасының жанына тасыған шөмеле-шөмеле шөпті енді қораға қамалып, қолға қараған малға үлестіреді. Қар басып, қатпарлана ұйысқан салалы шөпті айырлау ауыр болғанымен, күн ашық болса, булығып өсіп, күші буырқаған Әбдісадыққа түк емес. Шөпке бірге келген шалдар «Байекеңнің баласы қарулы ғой, шөпті қалай түйдектейді» деген сайын құлшына қопарады жас жігіт. Көк шөптен шыққан жұпар иіс танауыңды қыдықтап, жайдары жазды, көк шалғынды еске түсіреді. Шөп тиеуге барған сайын Әбдісадық таңдап-таңдап бір арқа шөпті үйде көгенделген жалғыз қозы, егіз лаққа ала келеді.
Әбдісадықтың үстіндегі сырма шапанын шөп жыртып, өңірінің тоз-тозы шығып жүр еді, бір күні Сандуғаш әже шақырып алып, Әбдіхамиттың соғысқа дейін киген қой терісінен иленген тонын «Әбдіхамит аман келсе, киім табылар» деп баласының иығына ілді, байпақты етігін берді (Айтса, айтқандай, жеңімпаз-жауынгер 1945 жылдың күзінде соғыстан қайтқанда миномет снарядының жәшігіне толтырып киім-кешек, бұрын ел көрмеген матаны бумасымен ала келіпті). Бұл мейірімді ананың Әбдісадықты жақын тартуының бір себебі, Нұрман мен Нұржан – бір үйдің баласы есептелген жақын туыстар. Аузы дуалы Бабақай сұлтанның ұрпағы болып келетін көнекөз, кәріқұлақ, көкірегі ояу Сандуғаш ана «ел ұйытқысы болар бала» деп Әбдісадықтың болашағына үлкен үміт артатын. Ағасының киімін киген Әбдісадықтың денесі енді сарышұнақ аязың мен дүлей бораныңның өзінде мұздамайтын болды. Соғыс кезіндегі ағайынның қайырымдылығы мен ұйымшылдығына не жетсін? Соның арқасында ғой, ел бірлігін сақтап, ауыр күндерді артқа тастап келеді. Айтпақшы, 1944 жылы болған жаңалықтың елеулісі – сонау 1928 жылдары Жетісу жаққа кеткен, 1943 жылы соғыс даласында оққа ұшқан Нұрманұлы Шайдақтың отбасын, жат жұртта аңырап қалған жесірі Қалима шешейді үш баласымен бірге інісі Есмағамбетов Серікбай мен Нұрманқызы Жамал апай Байғабылға көшіріп әкелді. Талдықоған облысында дүниеге келген Ақан 10 жастан асыпты. Бұйығы бала, қолынан кітабы түспейді, Шұрықтағы жайлауда отырғанда киіз үйдің көлеңкесінде інілері Әлиханмен, Маратпен ойнап отырады. Бұларды Сандуғаш пен Орынтай аналар паналы қанатының астына алып, бүкіл ауыл қамқорлығын аямады.
Барлық сол жылы Қостанайдағы оқуын жалғастыруға кетті де, хат жазып, «Ауылда мала тартып жүре берсең, мұқыл өгіз болып кетесің» деп Әбдісадыққа оқуға қашып кетуге кеңес берген еді, ағасы мойнына ілінген колхоз жұмысының қамытынан әскерге шақырылып, құтылды-ау. Сөйтіп, 1944 жылдың бозқырау түскен күзі келгенде Әбдісадықпен бірге Аманкелді ауданынан 1926 жылы туған барлығы 18 жігіт: Айтбаев Бәкен, Бүркітбаев Иманбек, Молдашев Байдақ, Боранбаев Мінайдар, Жарасқанов Сардарбек, Әбдірахманов Насыр, Ахметов Қазымбек, Өміртаев Сейітбек және басқалар әскер қатарына шақырылды. Құрдастарының біразы ауылда мал басында қалса, кейбірі ФЗО-ға кетті, Ерғалидың Әбікені Қорғасын, Дәбей жақтағы нағашыларында ма, жез шахтасында ма, белгісіз. Нұрғалидың Мейірманы ұсталып кетіп, балалары – Қаражан, Ілес, Тілестерді де Торғай жақтағы нағашылары алып кетіп еді, соғыс алдында ғана елге оралды. Сол Қаражан мен Жұмекеннің, Нұрғалидың айы жетпеді ме, әскерге шақырылған жоқ. Әбдісадық «бұзаудан құлап, сындырған» деп ойнай беретін құрдасы Жұмекеннің бір аяғы, шамасы, жамбас ұршығы шығып кеткен, бала күнінен кеміс еді, бірақ Алла тағала оған өнерді серік етіпті. Әнші атанып жүр.
1944 жылдың қоңыр күзінде Мұқыр, Дәмді арқылы Аманқарағайға атпен, арбамен жеткен жігіттер әскери комиссиядан өткеннен кейін пойыздың «теплушка» аталатын, ортасында темір пеші бар вагондарға тиеліп, Челябіге тірелді. Бәрін моншаға түсіріп, шашын қырқып, әскери киімге киіндірді де, Шұбаркөлдегі полигонда әскери ойындар басталып кетті. Старшина дегендер бар екен, орысша білмейтін ауылдың қазақтарына көп қиянат көрсетеді әлгілер. Әбдісадық өжеттігіне салып, кіші командирлердің жөнсіз бұйрықтарына қарсылық көрсетіп, теке-тіресіп қала береді. Ұлты орыс па, «хохол» ма, бір сары мұрт асханаға келгенде қазақ солдаттарының ортасына қазан толы ботқаны қоя салып, «тез жеңдер» деп бұйырады. Қасықты әдейі бергізбей қойыпты, «қазақтар тамақты қолымен жей береді» деп орысшалайды, өзінше мырс-мырс етіп. Бұл қорлыққа төзе алмаған Әбдісадық қазанды алды да, масайрап тұрған командирдің басына кигізе салды. Әбдісадықтың бұл батылдығына саяси баға берілгенде, сотталып кететін түрі бар еді, қайта бір татар офицер мұсылмандық жасап, арашалап қалады. Ауыр еңбектен бұл жерден де құтыла алмады. 30 шақты жігітті орманға ағаш құлатып, бөрене кесуге жіберіп тұрады. Сөйтіп, «майданға әне жібереді, міне аттандырады» деп жүргенде 1945 жыл да басталды. Бұл күндері «Совинформбюроның» майдан даласынан жеткізген хабарларынан Қызыл Армияның ерліктерін естисің: біздің қызыләскердің шабуылдарына тойтарыс бере алмаған жау Германиясына қарай тырқырай қашып жатыр…
Бұрынғыдай емес, жігіттердің еңсесі биік, жеңіске деген сенімдері нық.
Расында да, соғыстың бұл кезеңінде Америка мен Англия сияқты одақтастардың қолдауына ие болған Кеңес әскери күштерінің басымдығы айқын еді, соны ескерген болар, біздің жігіттердің біразын елге қайтарды. Әбдісадық сияқты қайсарлары майданға сұранып еді, әскери тәртіптің аты – тәртіп, ешкімнің өтініші қабылданбады. Әскербасылар жас жауынгерлерге елге оралып, соғыс жылдары күйреген шаруашылықтарды көтеруге білек түре араласуға кеңес берді және Отан қорғауға әманда дайын болуға шақырды.
Елге оралған Әбдісадықты ауылдастары майдан шебінен келгендей құшақ жая қарсы алып, кешегі бозөкпе балалардың буындары қатқанын, есейгенін таныды, Аллаға шүкірлік айтты. Әбдісадықтың әскери дайындық кезіндегі «ерлігі» әп-сәтте елге тарады. Бригадирлер «әй, бала, қиқаңды қой, анда бар, мында бар» деп әкіреңдей жұмсауын қойды. Үлкендер жағының ойы: «Әйтүп-бүйтіп Әбдісадық сияқты сауатты, сөзі өтімді, қатарының алды азаматты елде алып қалған дұрыс. Осы баланы әуелі үйлендіріп, кейін бригадир қойып, содан әрі «забперме», басқарма қылсақ, түбі елдің жүгін көтеріп, «арбасын» алға сүйрейді».
Әбдісадықтың ойы: «Қандай оқуға барсам екен?», «Әскери болып кетсем қайтеді?», «Хамза ағам Алматыда болғанда ғой, сонда тартып отырар едім». Ол осылай әрі-сәрі болып жүргенде «Жеңіс!», «Біз жеңдік!» деген қуанышты хабар жетіп, бүкіл елдің есінен тана масайраған, қуаныштарының кемерінен асып-төгілген, шаттыққа бөленген күн де жетті. Қазақтың даласы теңіздей толқып, толғанып кеткендей күйге түсті, қуаныштан емірене егіліп, іштегі уайым тарқады, ертеңгі күнге үміттің толғағы жетіп, Жеңіс болып туды. Қаншама отбасының шамын өшіріп, үмітін үзген, жазылмас жара салған, талай тағдырды тәлкек қылған сұм соғыс аяқталды!
КРОНШТАДТТАН БАСТАЛҒАН ШЫҢДАЛУ
1945 жылдың көктемінде «Калинин» колхозының мүшесі, 18 жастан асқан Әбдісадық Баймұқанұлы Кеңестер Одағының Қарулы Күштері қатарында мерзімді қызмет өтеуге шақырылып, көп ұзамай Балтық жағалауына – Кеңестер Одағы Әскери-теңіз Күштерінің құрамындағы Балтық флотының қалқаны, Фин шығанағының Котлин аралындағы Ленинградқа серіктес қала – Кронштадтқа табан тірейді. Бұлар Балтық жағалауына бірнеше пойызға мініп, бір апта жолда жүріп, әрең жетті. Орыстың ормандары қандай қалың? Жол бойындағы адамдар мен әскери техникаларда қисап жоқ. Эшелондар батыстан – шығысқа, шығыстан – батысқа ағылып жатыр.
Кронштадтқа жеткеннен кейін жігіттерді моншаға түсіріп, шыттай киіндірді. Матростарға берілетін киімдері сапалы екен: жүн шұлық, бауы бар қонышты былғары бәтіңке, жүн матадан тоқылған теңбіл жолақ жейде (матростар «телняшка» дейді), қара түсті қалың шалбар, желкеңнен бастап жауырыныңды тұтастай жауып тұратын теңіз суы түстес, жиегіне екі қатар ақ түсті жіңішке жолақ жүгіртілген көгілдір желбегейі бар күртеше, ыңғайлы, жылтыр түймелі, өңірі кеудеңді толық қымтайтын шолақ қалың шапан. Белге тағатын жез басты, кеме зәкірі бедерленген жалпақ қайыс белбеу. Бас киімі де жаман емес, әттең, күнқағары жоқ. Желкеңнен салбырап тұратын мата таспасы бар телпек. Оған «Балтийский флот» деген жазу алтын әріптермен басылған. Телпекті көріп, Әбдісадықтың есіне ауылдағы нан жабатын тапа түсті. Жігіттердің арасында қазақ тәрізді бір-екеуі болмаса, бәрі орыс. Әскери тәртіп Әбдісадыққа бұрыннан таныс еді, ол жағына қиналған жоқ. Тек ауа райы қолайсыздау екен. Күні түнеріп, ылғалды ауасы тыныс алуды ауырлатады. Теңізден соққан желі өткір. Бір ай карантинде болып, әскери Жарғыны жаттады. Бұла күші бойында тасыған Әбдісадыққа әскери жаттығулар, дене шынықтыру жүктемелері ұнады. Тәртіп бойынша таңғы алтыда тұрып, 3 шақырымға жүгіресің, салқын сумен жуынасың. Турник аталатын аспалы білек темірге қары талғанша тартылып, ұршықша үйірілетін жағдайға жетті. Ол қоян-қолтық жекпе-жекте қарсыластарын шыдатпай, қатарындағылар қайсар мінез қазақ жігітінен ығып, қаймығып жүретін дәрежеге жетті. Мұның сыртында үш мезгіл тамақтандырады. Ас мәзірінде балыққа басымдық көп болса да, Байғабылдың балығын тамсана жейтін жігіт теңіз балығын да жатсынбады.
Бәрінен бұрын Әбдісадыққа саяси сабақтар ұнады. Әлемдік қауымдастық, елдер арасындағы саяси шиеленістер, Қарулы Күштер басымдылығы, бейбітшілік мұраттары, елдің болашағы туралы қыруар мағлұматтар алып, білімге шөліркеген сезімін қандырды.
1-2 айдан кейін топ-топ жасақтарға бөліп, әскери базаларды күзетуге жіберетін болды. Темірдей тәртіп Әбдісадықтың батыр шалыс мінезін түзеді, жауапкершілік, байыптылық қасиеттерін қалыптастырды. Әскери талап күшті ғой, берілген кез келген бұйрықтың орындалғаны туралы командирге тақ-тұқ баян етіп, рапорт бересің. Ол орыс тіліне қиналмастан төселіп кетті де, соғыс тактикасы мен стратегиясы, орыс әскери-теңіз күштерінің тарихы, әскербасылары мен қолбасшыларының өмірі, ерліктері туралы сабақтардан озаттар қатарына қосылды.
«Естімеген елде көп» дегендей, теріскей полюске жақын орналасқан Кронштадтта қаңтар айында 30 күн бойы поляр шұғыласы көрінеді екен. Поляр шұғыласы — атмосфераның жоғарғы қабатының жарқырауы деп түсіндірді командирлер. Ол анық шегі жоқ, бір қалыпты шашыранды түрде немесе доға, түрлі-түсті сәуле, ал кейде құрулы шымылдық тәріздес болып жарқырап, құбылып көрінеді екен. Ал жаздағы күн тоқырауы болатын кезге жақындаған маусым-шілде айларында кешкі ымырт таңғы шапақпен жалғасып, ерекше көрініс – ақ түндер байқалады. Түн бе, күндіз бе, айыру қиын. Жан-жағың самаладай жарқырайды. Бұл құбылыстар Әбдісадықтың есіне туған даласындағы сағымды елестетті, атамекеніне сағынышын оятты.
12-13 жасында жаттаған Мағжан Жұмабаевтың «Абақтыда айдан, күннен жаңылдым, Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым» деп басталатын өлеңі ойына орала береді. Сағынышқа толы сол жырды ұмытпаса, мынадай жолдар болуға тиіс:
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген –
Ағайынды, туған елді сағындым…
Сезім деген жақсы ғой, бірақ оның жетегіне ерсең, боркеміктеніп, көңілің босай ма, қалай? Қанында қайсар мінез бар Әбдісадық сағынышын басу, өзінің жігерін өзі қайрау үшін тағы бір өлең жолдарын үнемі қайталайды, тіпті қойын дәптеріне түртіп те қойды.
…Шыда, шыда, бәріне төзу керек,
Шыдай түс тағы, өзіңді өзің жебеп.
Сабырлы бол уақыт сынағына,
Шыдауменен шыңдалады төзімділік…
Әскери қызметің де шаршатып жібереді екен. Түнемелік қарауыл жасағымен теңіз жағасындағы әскери кемелерді, қару-жарақ қоймаларын күзетеді. Сондай кезде уақыт өтпей, қиял, шіркін, асау аттай жігіттің көңілін туған жерге бой бермей ала қашады. «Уақыт тауып, Барлыққа хат жазу керек» деп түйді ішінен.
Араға ай салып, ауыл жақтан хат-хабар жетіп тұрды, әйтеуір. Қарындасы Күлмайран да хат жазып тұруға жарап қалыпты. Барлық Қостанайдағы оқуын жалғастырып жатыр екен. «Соғыс жылдары майданға, еңбек армиясына алынған ауылдастардың біразы туған жерге аман-есен оралып, ағайындарымен қауышып, ел мәре-сәре болып жатыр. Арасында Әбдіхамит, Шоңғал, Жәкен көкелер, Шынтемір, Қостемір, Бейсенбай ағалар, Бекжанның Қалиы, Сейітбек, Бәкен де бар. Сарыбастың Төлеуі бір аяғынан айырылыпты, өзі: «Туған топырағыма аман жеттім, енді өліп кетсем де арманым жоқ», – деп марқайып жүрген көрінеді. Төлеу аға сияқты аяқ-қолына оқ тиген, мүгедек болып оралғандар баршылық. Соған қарамастан, ауылдың көңіл-күйі көтеріңкі, елдің ертеңгі күнге сенімі оянып, үміті жанды. Соғыс кезінде дүниеге келген Тиыштық, Жақсылықтардың жалғасы болып, Жеңістер мен Жеңіскүлдер, Бақыттар мен Қуаныштар туып жатыр. Жетіжылдық мәртебеге ие болған Байғабыл мектебінде ауыл балалары оқуын жалғастыруда. Соғыс салған жаралары жазыла бастаған ел адамдарының жағдайы жақсарып келеді», – деп жазыпты Барлық. Өзінің ағалары Басығараұлы Тұрманнан, Ғазиз Иіпбергенұлы мен Сәдрен Жылқыбайұлынан әлі хабар болмай отырғанына қынжылады, әрине. Оңай ма, бір әулеттен үш бірдей арыстың хабарсыз кетуі?
Әбдісадық пен Барлық осы 4-5 жыл бойы бір-біріне сәлем-хаттарын үзген жоқ. Барлық інісі хатқа қосып «Социалистік Қазақстан» газетінің кейбір сандарын жіберіп тұрады. Сол кезеңде басталған хат арқылы ақпарат және пікір алмасу олардың әдетіне айналды. Елден жеткен құсқанат хат-хабардың арқасында Кеңестер Одағының батыстағы қиян шетінде жүрген Әбдісадық ата-жұртпен байланысын үзбеді, сағыныш-сағымын өзіне серік етіп, 1950 жылы туған топырағына жетті. Балтық әскери-теңіз флоты қатарынан Әбдісадық Нұржанов «Әскери-саяси дайындықтың үздігі» төсбелгісін тағып және Кеңестер Одағы Компартиясының мүшесі болып қайтты. Коммунист болудың пайдасын ол оқуға түскенде көрді.
Бойындағы күш-қуаты толысқан, ой-өрісі кемелденген жас жігіт ауылда бұлаңдап бос жүріп алмай, бірден білім алатын, мамандық беретін оқу орнын іздеді. Елде жаңалық деген жетіп жатыр екен. Соғыс кезінде өзімен бірге «бір көннің төрт пұшпағын илескен» қатарластары – арасында Асанның Қабыланы, Хайролланың Уәлиі, өзі иықтай беретін құрдасы Жұмекен бар, Меңдіғара педучилищесін бітіріп келіп, ауыл мұғалімі болып жүр екен. Тегі Құлымбетов болып жазылған Қостемір ағасы Қостанайда, Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-интернатта мұғалім деп естіді. Ол кісі де сұрапыл соғыстың бел ортасынан аман-есен оралған ержүрек жауынгер. Ағайындар Әбдісадыққа Қостемірдікіне баруға ақыл қосты да, ол көп ойланбастан облыс орталығына жиналды, сөйтіп, 1950 жылы екі жылдық Қостанай мұғалімдер институтына қабылданды. Құжаттар жинастырып жүргенінде 1944 жылдың күзінде Шұбаркөлдегі әскери дайындықта бірге болған руы Қыржігіт, «Еңбекші» колхозынан келген Боранбаев Мінайдарды жолықтырды. Оның соғыс түтінін жұтып үлгергенін үстіндегі әскери киім айғақтап тұр. Солтүстік Кавказ майданында – Арарат тауының етегінде радиобайланыс полкінде Отан қорғаған Мінайдардың ойы да оқуға бару екен, екеуі қол ұстасып, Қостанайға жол тартты. Оқу іздеген, көбі соғыстан қайтқан солдаттарды Мінайдардың әкесі түйе жеккен арбамен жолға алып шықты. Жігіттердің өзімен бірге алып шыққан бір-бір қарын сары майы, торсықтар толы қымыз-қымыраны, дорбаға салған бауырсағы бар. Түйе дегенің мұндай желісті болар ма, кең адымы шамалы аттың шабысына тең. Араға бір түнеп, Қостанайдың да шетіне ілікті жолаушылар.
Оқуға түсуге үміткерлер Пушкин мен Ташкент көшелерінің қиылысындағы қызыл кірпіш ғимаратты сұрастыра тауып алып, қабылдау комиссиясына құжаттарын өткізді, көп ұзамай емтихандар басталды. Мұғалімдер институтының директоры – Терентьев деген орыс, емтихан алушылар да орыс ағайындар. Батпаққара өңірінен барған он шақты жігіт пен қыздар математика мен тарихтан әупірімдеп өткенімен, орыс тілінен диктант жазғанда бәрі екі алып, салы суға кете бастап еді, Әбдісадық директорға кіріп, шағым айтты. Бұлардан қайыра емтихан алынып, Павлова деген мұғалім әр сөзді буын-буынға бөліп, тыныс белгілерінің қай жерге қойылатынын екпінмен түсіндіріп, бәріне үш пен төрт қойып берді-ау соңында.
Оқу орнының басшылары жастарға жатақхана жетіспейтінін, пәтер жалдап тұруға тура келетінін ескертті. Әбдісадық пен Мінайдар көше кезіп, жалдамалы пәтер іздеді де, Тобыл өзенінің бойындағы бір көшеден Шульга деген орыстың үйін тапты.
Әскерге барып келген екі жігіт үшін орыс тіліндегі сабақтар соншалықты қиын бола қойған жоқ. Сабаққа кітапханаға барып дайындалады. Қолы бос уақытында газеттер оқиды. Әбдісадық пен Мінайдар тіл сындыру және марксизм-ленинизм пәніне ыждаһатты дайындалу үшін «Правда» газетін оқып отырса, Шульга шал «Известияны» оқиды. Арасында «ваша «Правда» всего 2 копейки стоит» деп әзілдеп қояды. Әбдісадық осы шалдың саяси сауаттылығын, қоғамдағы социалистік құрылыстың болашағына, коммунизмге жетеміз деген үмітке күмәндана қарайтынын аңғарды, аңғарды да, оған онша мән берген жоқ. Негізі, өмірді көрген, әскерде болған солдаттарға сыйластықпен қарайтын тәуір жан екен, «остерегайтесь городской шпаны» деп ескертіп қояды. Бұл екеуі осылай қала тұрмысына да үйренді. Облыс орталығындағы жоғары мәртебелі жалғыз оқу орнында бұлардан бір курс жоғары Оразалы Қозыбаев, Әбішев Ғисса оқып жүр екен. Солармен танысты. Әбдісадықтың мінезі қызық, қаланың боянған қыздарын көрсе, тиісе кететін. Бұл енді табиғи талғамның биіктігі, ішкі мәдениеттің тереңдігі. Әсіресе, Толстой атындағы орталық кітапхананың оқу залында отыратын, бетін опалап, кірпішпен уқалай ма, басқа құпиясы бар ма, қалайда ұшын қызартып, ерніне баттастырып шиедей далап жағып алатын әлгі орыс қызына көрген сайын ескерту жасаудан жалықпайды. «Вытерись, не красиво!» деп қояды. Мінайдар да досына басу айтудан жалықпайды.
Сынақ сабақтарынан үштіктері бар бұлар алғашқы семестр аяқталғанша қиналғанымен, коллоквиумдарда жақсы бағалар алып, шәкіртақыға ілікті. Сол тиын-тебеннің арқасында қарындары аш болған жоқ. Ал екеуінің де киімдері жұпынылау. Әбдісадықтың молынан пішілген елтірі жағалы тәуір пальтосы бар, Мінайдардың ауылда жүргенде біреудің қарта ойынына ұтқызған каверкот костюм-шалбарын сатып алғаны бар еді, сол жақсы болды. Екеуі кезек-кезек ауыстырып киеді. Сол киімдерімен талай рет картішкеге түсті. Оқу бөлімдері екі бөлек: Мінайдарда – жаратылыстану, Әбдісадықта орыс тілі мен әдебиеті пәндері болса да, институтқа бірге барады, бірге қайтады. Кейде екеуі ауылды еске алып, сағынғанда жауын-шашын, ауа райының қолайсыздығына қарамастан Әулиекөлден асатын қара жолға шығады. Талай рет тақтай, бөшке, қорап тиеген автокөлікке ілесіп, бөренеге атша мініп жеткендері бар Аманкелдіге.
(жалғасы бар)