1917 жылы Қазан төңкерісі нәтижесінде билікке келген Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі білім беру жүйесін, ғылымды, мәдениетті, әдебиет пен өнерді бақылауға ала бастады. 1919 жылы наурызда РКП(б)-ның VІІІ съезінде білім беру мен үгіт насихат жұмыстарының барлық түрлері таптық сипатта болып, коммунистік насихатпен ұштасу міндеттелді. Съезде «… білімі бар адамдардың күшін барлық жерде пайдалануға жол бере отырып және соны қолдай отырып, Коммунистік партия сонымен бірге жалпы оқу-білім аппаратын Кеңес өкіметіне қас элементтердің пайдаланып кетпеуін және әдебиетті, ғылым мен өнерді бетке ұстап, қалай болғанда да коммунистік насихаттың күш қуатын әлсірететін қоғамға зиянды, контреволюциялық тенденцияларды жүргізбеуін бақылап отыруға тиіс» деген қарар қабылданды [1, 84 б]. Айтылып отырғандай, білімді адамдарды пайдалану керек, бірақ зиянды деп табылған элементтерді бақылау, керек жағдайда ықпалды тұлғаларды тұсаулау қажет еді. Әдебиет, ғылым мен өнер таптық бағытты ұстауы және одан тысқары шықпауы қажет деп табылды
Партиялық бағытты ұстау мен басшылыққа алу РКП(б) ның ХІІ съезінде де маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Ұлт мәселесі жөніндегі қарарында «…ана тілінде принципті маркстік әдебиетті дамыту; ана тілінде бұқараға арналған партиялық әдебиетті дамыту» [2, 470 б.] мәселесін қойып, бұл іске айрықша мән беруі партияның ұлттық аймақтарда да әдебиеттің дамуын толық бақылауға ұстауға бет алды.
Осы кезеңде Қазақстанда саяси-идеологиялық жағынан айтыс тудырған Мағжан шығармашылығы еді. Әсіретөңкерісшіл, таптық бағытты ұстағандар оның шығармашылығынан Кеңес үкіметіне, партияға, төңкеріске қарсы саяси астар іздеді. Мағжанның кезінде Алаш ісіне белсене араласқанын білді. Сондықтан оны саяси сенімсіз адам ретінде, шығармашылығын зиянды дүние ретінде айтыс-тартыс нысанына айналдырды. Оған да себеп жоқ емес еді. Кеңес үкіметі алашордашыл ұлтшыл деп санаған Ә.Бөкейханов Омбы қаласында қазақ жастарының «Бірлік» қауымымен өткізген кездесуде «Алаш» партиясының облыстық комитетін құру жөнінде шешім қабылданады. Ал, өз елінің келешегіне үмітпен қараған Мағжан осы құрылған комитеттің құрамына енеді. Мағжанның саяси іске араласуы мұнымен шектелмейді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен ІІ Бүкілқазақтық құрылтайына қатысып, Алашорда үкіметін сайлауға дауыс береді [3, 159 б].
Жоғарда аталғандарға нақтырақ тоқталсақ, 1918 жылдың 5-13 мамыр аралығында Омбы қаласында Қазақстанда құрылған әртүрлі жастар ұйымдарының біріккен құрылтайы болады. Құрылтайды шақырған, ұйымдастырған «Алашорда» үкіметіне тілектес «Бірлік» ұйымы еді. Осы жылдары Қазақстанда «Бірліктен» басқа 21 жастар ұйымдары болған. Осы ұйымдардың барлығы бірігіп, ол «Жас азамат» деп аталып, орталық комитет сайланады. Мағжан келешегіне үміті мол жастардың «Жас азамат» ұйымына зор сеніммен қарап, «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін жазады. Өлең жолдарындағы:
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды алаш елім бар.
Алтын арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін.
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға.
Шығарар олар бір таңда
Мен жастарға сенемін, — деген сөздер Алашқа қарсы шығушылармен, оны төңкеріске қарсы ұлтшылдық қозғалыс деп айыптаушылардың әлі есінде еді. Сондықтан, өзінің өткен іс әрекетімен ғана емес, шығармашылығымен де Мағжан сенімсіз деп саналды. Оның шығармашылығын қалай бағалау керек деген мәселе төңірегінде айтыс жүрді. Ақиқатын айтсақ, Мағжанға қарсы науқанға оны «алашшыл», «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл элемент» деп айыптаған саяси қарсыластары ғана емес, оны жақсы білетін қолында өсіп тәрбие алған, өкінішке орай тапшыл, төңкерісшіл идеяға берілген адамдар де қарсы шықты. Солардың бірі Сәбит Мұқанов еді. Әрине, бұл арада елге танымал С.Мұқановтың азаматтық, тұлғалық бейнесін төмендеткелі немесе артық айтып абыройына дақ түсіргелі отырған жоқпыз. Нақты жағдайды ғана баяндап отырмыз.
1918 жылдың күзінде Омбы қаласына келіп арып-ашып, азын-аулақ қаражатын вокзалда ұрлатып мүсәпір күйге түскен, жүдеу, шоқпыт киінген қазақ баласы Сәбитке (Сәбит Мұқановқа – Қ.Д) күн көрерлік жұмыс тауып беріп, қасына алып қамқорлық жасаған Мағжан Жұмабаев еді. Қазақ тіліндегі мұғалімдер курсінде оқуына жағдай туғызды. Мұғалімдер курсында педагогика, тарих, қазақ әдебиеті мен тілі, дін пәндерінен сабақ берген Мағжанмен Сәбит бір пәтерде тұрды. Кейін С.Мұқанов өз естелігінде бұл жайды жазды да. Аталған пәндерден қазақша конспекті жазғанда Сәбит Мағжанның хатшысы сияқты болып алды: кешкі уақыттарда Сәбитті өз бөлмесіне шақырып алады да, диванға қисайып жатып, орысша кітаптардағы тексті оған қазақша диктовать етеді [4, 93 б.]. Мағжан шамасы, бір елден Қызылжар өңірінен болғаннан кейін жас жігіттің білім алуына, орыс тіліне тілі жаттығуына, жазуға қолының жаттығуына көмектесу ниетінде болғаны анық еді. Бірақ, жағдай басқаша өзгерді. Сәбит Мұқанов арада бірнеше жыл өткенде, дәлірек айтсақ 1922 жылдың 22 ақпанында «Еңбекші қазақ» газетінде өзінің баспасөзде бірінші жариялаған «Түсімде» атты фельетонында «Жұмабаевтың байшылдық сырын символикалық түрде әшкерлеуге» арнайды [5 ].
Осы жылдары Мағжан өз басына төніп келе жатқан қара бұлтты сезген болуы керек. Сонымен бірге, С.Мұқанов секілді қатар жүрген және өздерінен кейін оқып қоғамдық өмірге араласа бастаған тапшыл жастарға сенімі жоғалып, олардан түңіле бастады ма деген де ой келеді. 1922 жылы Қазаннан басылып шыққан кітабы ішіне енген «Жолдасқа» деген өлеңі де көп нәрсені аңғартқандай:
Эй, эй жолдас жас жігіт,
Қиқу салған лепірген,
Кетті ме әлде жын соғып?
Аузың мұнша көпірген!
Құдықтан ішіп жас жігіт,
Оған сірә түкірме.
Кетер сені сел соғып,
Басыл жаным көпірме, — деген жолдарды оқи отырып, өзі қанатына алып қамқорлық жасаған жандардың өзіне қарсы шығып орынды-орынсыз тиісуі мен сынауына наразы болып, «су ішкен құдығыңа түкірме», «жақсылыққа жамандық жасама» басыл, тоқтамға кел деген ойын аңғарамыз. Өлең жолдарына кеңестік дәуірдің символдық «жолдас» сөзін алуында да бір байқалмаған жұмбақ бар секілді.
Мағжан мен С.Мұқанов арасы соңғысының таптық ұстанымына сәйкес алшақтай түскен тәрізді. Тағы да С.Мұқановтың естелігіне орын берсек, мына жолдарды оқимыз. «Бізге халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерлеуге тура келді. Осы мақсатпен біз 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдеби сот жасадық».
С. Мұқановтың жазуынша сотта Мағжанға қорғаушы есебінде тағайындалған Рабфак оқушысы Жәкен Сәрсенбинді залда отырғандар айғайлап сөйлетпей қояды. Ал, Мағжанды айыптаушы міндетін Сәбит Мұқанов атқарады да, оның ұсынысы бойынша сот мынадай қаулы қабылдайды:
«1. Жұмабаев қазақ халқының, сонымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет үкіметінің қас жауы деп танылсын.
2. Оның барлық шығармаларын оқылудан алыну өкіметтен сұралсын.
3. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін» [4, 511 б].
Міне, кеше ғана қиналып келіп, Мағжаннан пана тауып, оның қамқорлығын көрген С.Мұқанов осылай Мағжанды айыптады. Оның шығармаларын зиянды деп тапты. Мұндай саяси айыптау мен тұқырту отыздан енді ғана асқан ақындық күш қуаты кемеліне келген Мағжандай дарынды саясат арқанымен тұсаулау ғана емес, әдебиет, өнер әлеміне араласуына тиым салу, жазғанынын бастырмау, кешегі «алашордашыл» ретінде соққы беру еді. Бұл Мағжанды тұқырту мен жаныштаудың басы ғана еді. Кейін бұл іс жалғасын тапты. Мағжанды рухани, моральдық тұрғыда айыптау мен соққылауды ресми түрде Ғ.Тоғжанов жалғастырды, ал, одан С.Мұқановта тыс қалмады
Бірақ, қазақ әдебиетіне өз қол таңбасын қалдырған тұлғалардың бірі С.Мұқанов осындай позицияда ұстанса, екіншісі М.Әуезов аталған оқиғадан арада үш жыл өткен соң 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің анкетасына жауап бергенде: «Қазақ жазушыларынан, әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда… Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшікейін сүйемін. … Мағжан культурасы зор ақын. … Әдебиет — әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін, — деп жазды. М.Әуезов Мағжанның шығармашылық қабілеті мен әдеби шеберлігін байқап қана қойған жоқ, кейінгі қалатын, келешекке жететін кестелі сөз Мағжандікі деп мойындады [5].
Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінде тапттық-партиялық принциптің орнығуы мен біртіндеп нығая түсуі, қазақ иинтеллигенциясының саяси-идеялық жіктелуін тереңдете түсті. 1923 жылы Ташкентте Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағының шығуы қазақ интеллигенциясы арасындағы жағдайды одан әрі ушықтырды. Мағжан шығармашылығын айқындау мен бағалау жөніндегі пікірталас ара жікті қарама-қарсы бағыт ұстаған екі топқа бөліп тастады. Біріншілері — Мағжан шығармаларын өлшеушісіз бағасы бар, қазақ әдебиетіндегі жаңа леп, рухани құндылық деп санаса, екіншілері – «алашордашыл» М.Жұмабаевтың ұлтшылдық сипаттағы шығармалары кеңестік қоғамда зиянды, жат деп сынады. Осы жинақтың жарық көруіне үлес қосқан Түркістан Орталық Атқару Комитетінің орынбасары, Ішкі Істер Халкомы, Оқу Ағарту Халкомы сияқты жауапты қызметтер атқарған Сұлтанбек Қожанов аталған кітаптың алғы сөзінде Жұмабаевтың өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болатындығына сенетіндігін айтса, Қазақ республикасының Халық Ағарту Комиссариатында қызмет еткен М.Жолдыбаев Жұмабаевтың бұл кітабы тарихи бағасы зор, аса мұқтаж кітаптардың бірі екендігін баса айтты [6, 131 б].
Мағжан 1923 жылы В.Я.Брюсов бастаған әдеби-көркем институтында оқи жүре, астанадағы Күншығыс еңбекшілерінің университетінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Осы университеттің жанында қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымы құрылды. Аталған ұйым 1924 жылы 24 қарашада Мағжанның 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын талдау мақсатында жиналыс өткізді. Жиналысқа КСРО халықтарының орталық баспасының директоры Н.Төреқұлов, Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі, жастардың коммунистік интернационалы атқару комитетінің бөлім бастығы Ғ.Мұратбаев, басқа оқу орындарынан Ғ.Тоғжанов, С.Сапарбеков, Ж.Сәрсенбин және т.б. қатысады. Баяндаманы Н.Төреқұлов жасады. Өкінішке орай, қазақтың көрнекті тұлғасы Нәзір Төреқұловтың баяндамасы Мағжан шығармашылығын айыптау мен қаралау сипатында болды. Коммунист Н.Төреқұлов заманның ағымына сай большевиктік позиция тұрғысында алашордашыл, ұлтшыл Мағжанды әбден сынады. Мағжанды сынау ұлтшылдарды, алашордашыларды сынау оларды бас көтерпеу еді. Солай болғанына қарамастан, қайшылықты пікірлерге де толы еді. Нәзір Төреқұлов «Саясат пен пен әдебиетті араластыруға болмайды… Мағжан өлеңдері көбінесе осы пікірге сүйеніп басылған. Бұл қата,- дейді. Осы пікірі арқылы Мағжанды шығармашылығы саясаттан тысқары тұрғандығы үшін айыптайды. Мағжан поэзиясының қоғамдағы саяси оқиғаларға еш қатысы жоқ, оларды көрсетпейді, — дегенімен одан әрі өз пікірін теріске шығарып: «Мағжанның өлеңі де, өзі де байлар әдебиетіне байланысқан, кеңес үкіметіне қарсы… саяси жолы теріс» деп сынайды. Алғашқы айтқан сынына керсінше, Мағжан енді, саясатшыл, шығармалары кеңес үкіметіне қарсы және үстем тап әдебиетін қолдаушы болып шыға келеді. Жиналыста Мағжан шығармашылығына байланысты пікір білдірушілер екі бағытта болды. Біріншілерді, либералистік көзқарастағылар — Мағжан шығармалары ұлтшылдық сипатта, сарыуйымшылық, түңілу, қамығу сарынында жазылғанымен, оның өлеңдерінің терең сырға, ұшқыр қиялға толы екендігін мойындап, ол үлкен ақын десе, екіншілері Мағжан кеңестік қоғамға жат, буржуазияшыл-ұлтшыл ақын деген көзқарас ұстанды. Ақиқатында, жиналыста сөйлеген жиырма шақты адамның тек біреуі Жәкен Сәрсенов (дұрысы Сәрсенбіұлы не Сәрсенбин болу керек-Қ.Д.) деген студент қана «Мағжанның пайдалысын алып, пайдасызын алып тастау керек» деген ұсыныс жасады. Бірақ, осы оқиғаға байланысты жазылған мақалада баяндамашы қорытынды сөзінде «оның пікірінің қате екендігін атап өтті» деп көрсетілді «Саяси-идеялық таптық бағыт ұстаған «Жерлестік» ұйымы жиналысы «Мағжанның өлеңдері «бұдан былай… газет-журнал бетіне тексерусіз басылмасын» деген қаулы қабылдады [3, 164 б]. Ақиқатында, бұл қадам Мағжанды сенімсіз, жат пиғылдағы ақын ретінде баспасөзден шеттету еді. Сонымен қатар, «Еңбекші қазақ» газетінде «Біз Москвада оқитын лениндік жастар, М.Жұмабаевтың идеялық позициясының теріс жақтарын қазақ жастары мен еңбекшілеріне толық ашып көрсетуді өз міндеттеріміз деп білеміз және осыған бар жастарды шақырамыз» деген үндеу жариялады [7].
Таптық көзқарас пен партиялық принцип ауқымындағы түсінік пен қабылдау осы жиырмасыншы жылдары ғана емес және одан кейінгі кезеңде де үстем болып М.Жұмабаев шығармашылығы «буржуазияшыл-ұлтшылық», еңбек ретінде сипатталып бағаланды. Осы жылдары Мағжан ғана емес оған қол ұшын бергендер де таптық қырағылықты жоғалтқандар, ұлтшылдармен ара қатынасын үзбегендер ретінде сыналып, айыпталды. Пролетарлық жазушы С.Мұқанов С.Қожановты «Кеңес үкіметіне қарсы өлең жазудан тынбай келген алашордашыл ақын – М.Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкентте бастырды және өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады» деп айыптады [8, 95 б]. Себебі, Мағжанның өлеңдер жинағының шығуына ірі қызыметте жүргеніне қарамастан тікелей белсене кіріскен С.Қожанов жинаққа «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деген кіріспе жазды. Шағын ғана кіріспеде «Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін, марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына көбірек көз салу керек» деген пікірі арқылы Мағжан өлеңдерінің сипатына, көркемдігіне мән беру қажеттігіне назар аударады. Одан әрі «Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екендігі анық. Осы күнге дейін Түркстанда қойшылар тілі саналып келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады» — деп Мағжанның поэзия әлеміндегі орнының ерекше екендігін, тіл өнерін терең меңгергендігін бейнеледі.
Бірақ, кешегі алашордашыл ақынның өлеңін баспадан алғы сөз жазып шығаруы, Сұлтанбек Қожановты таптық позициядан ауытқыды деп, кінәлауға себеп болды. Жоғарда аталған «Жерлестік» ұйымының қарары «Қазақ еңбекшілеріне коммунистер партиясының бағытымен жөн сілтеп түзу басшылық етеді дейтін бірсыпыра коммунист жолдастар (Мағжан кітабының басылуына, таралуына себепші болған жолдастар кіреді) жауапқа тартылсын» деген жолдар С.Қожановқа арналған еді [9, 94-95 б.]. Жағдайдың ушыққанын түсінген ол, «Еңбекші қазақ» газетіне «Менің жауабым» деген мақала жариялауға мәжбүр болды [10.]. Ақиқатын айту керек, ұлтжанды азамат қатал айыптау мен қысымға табандылық көрсете алмады. «Мағжан жөнінен менен қателік кеткен. Бастырғанымнан да, менің сол кітапқа саясаттан тысқары баға беріп, сөз басы жазып бергенім үлкен қате» деп өкініш білдіріп, қателестім, жаздым, жаңылдым деген сипатта кінәсін мойнына алды.
Әділетсіз сын мен айыптауға назаланған М.Жұмабаев «Сәлем хат» деген өлең жазып, ол «Тілші» газетінде 1924 жылы 3 желтоқсанда жарияланды.
Қайтуым хақ, белді буып тас қылып,
Кет деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: қой жырыңды, жырауым,
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып – деген жолдары өкініш пен шарасыздықтан ғана емес, саясат шырмауына оралып өзін түсінуге тырыспағандарға, халық арасына кең тараған өзіңің сыршыл да, нәзік өлеңдерін көре алмаушыларға қарсы жазылды [11, 363 б.].
Бірақ, тапшылдар пролетарлық қырағылықпен тез арада жауап қайтарды. 1924 жылы 19 желтоқсанда «Еңбекші қазақ» газетінде «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына» деген айдармен «Сәлемге сәлем» деген өлең жарияланды. Өлеңнің авторы осыдан бірнеше жыл бұрын Мағжанның өзі пана болып, қамқорлығына алып, оқып білім алуына жағдай жасаған Сәбит Мұқанов еді. Ол кеше қиналғанда өзіне пана болған «алашордашыл» ақын Мағжаннан қол үзгендігін, өзін тапшыл, төңкерісшіл екендігін көрсеткісі келді ме, Мағжанның жанына тиетіндей ауыр сөздермен, оған қарсы өлең жазды [12.].
Сен құлан, өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп.
У жеген бір қасқыр сен, сені қалай
Ел жазып адам қылмақ емін беріп.
Шіріген жұмыртқа елге неге дәрі,
Шіріп қайта таусылсын одан әрі.
Сүйгіш жолыңнан табан бұрма,
Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі.
С.Мұқановтың «… Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі» деуі ақынның жазған шығармаларын нысанаға ала отырып тиісу еді. Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында Мағжан өнімді жазды. Лирикалық өлеңдер ғана емес «Қорқыт» (1922), «Батыр Баян» (1923), «Оқжетпестің қиясында» (1923), «Қойлыбайдың қобызы» (1925), «Жүсіпхан» (1925) поэмалары жарық көрді. С.Мұқанов Мағжанның «Қорқыт» поэмасындағы:
… Артымда ор, алдымда-көр, өтеді өмір…
Енді менің жолдасым — жалғыз қобыз,
Сарна қобыз, мұң-зарлы шығар лебіз, немесе
…Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сорлап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем! … деген жолдарды мен Мағжанның басқа да өлеңдерінде кездесетін «қобыз» сөзін жақсы білді және мүмкіндікті пайдаланып еске түсірді. Осы сөзді Мағжанға қарсы өлеңінде сынау емес кекету, мұқату мақсатында қолданды. Бұл саяси-идеялық көзқарастағы қайшылық қана емес, жан жақты сынау мен тиісудің нысанасына айналып, қорғаныш таба алмай, жазғандары сынға ұшыраған «…қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» деп дәрменсіз күйге түскен Мағжанды тұқырту еді.
Өлең жолдарындағы «…у жеген бір қасқыр сен…», шіріген жұмыртқа елге неге дәрі, шіріп қайта таусылсын одан әрі» деген сөздер Мағжанның Алашорданы қолдап өлең жазғандығын тағы еске түсірумен қатар, қазір ұлтшыл Мағжанның елге керегі жоқ, түзелуден кеткен, енді оның құрығаны, жойылғаны қажет, ал сен Мағжан ұлтшылдық жолыңнан қайтпа, — деп Мағжан бейнесі арқылы «ұлтшыл жаудың» образын жасау еді. Ақиқатында, «үлкен тұлғадан, ел мойындаған дарынның көлеңкесінде қалып қоюдан қорқу» және одан құтылуға жасаған ашық қадам ба еді деп те ойлаймыз. Ал, бұдан кейінгі жылдары да ақын есімін қазақ әдебиеті тарихынан біржола өшіріп тастауға әр түрлі шара жасалғаны белгілі.
Жоғарда аталғандай, өкінішке орай, С.Мұқанов секілді Мағжан шығармашылығын іске алғысыз қылып орынсыз сынау, даттау, жалған айыптау мен әшкерлеу Ә.Тәжібаев кітабында да кездеседі [13.].
Мағжанға осындай ауыр кезеңде қол ұшын беріп азаматтық танытып, оның шығармашылығын әділ бағалауға тырысқандардың бірегейі — Ж.Аймауытов еді. Ол Н.Төреқұловтың «Жерлестік» ұйымының жиналысында жасаған баяндамасын ашық сынамаса да, шын мәнінде оған қарсы шығып, Ташкентте оқитын қазақ студентері алдында «Мағжанның ақындығы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама мәтіні «Лениншіл жас» журналының №5 санында 1925 жылы жарияланады .
Орынсыз сын мен саяси айыптаудан Мағжанды аршалау ниетінде жасалған баяндамада Мағжанның ақындығына баға беру мен оның шығармаларын талдау ғана емес, заман тынысын сезе білген Ж.Аймауытов бұл Мағжанға қарсы шараның қайдан басталып, неге туып отырғанын астарлап та болса жеткізеді. Көркем шығарманы танып, таразылаудаға бағыт бағдар көрсетіп, заман тудырған қайшылықтар сырына назар аударады. «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізгі білім керек. Кеңінен толғамай, шұғылдан істелінген жұмыс өңсіз, үстіртін болмай тұрмайды. Мағжан өлеңдерін егжей-тегжейін, ноқатын қалдырмай тәптіштеп қарап шығуға көп уақыт, көп дерек керек, ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу керек» деп бастайды [3, 180 б.]. Бұл Мағжан әлемі, шығармашылығы терең, тұңғиық оны талдауға, сынауға, түсінуге терең білім мен дайындық керек. Жалаң сын, сыртынан топшылап пішкен сын, заманға бейімделген сын әділ болмайды дегенді ұқтырады.
«Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап баға беру қиын нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. … Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеушімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер … әбиүр атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуы мүмкін» деуі, әсіресе, «сыншылдар заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді» дегені сол кезеңдегі суық желдің қайдан және қалай соғып отырғанын аңғаруы. Тапшыл сыншылардың Мағжан заман ағымына қосылмайды. Оның шығармаларынан тап күресін көре алмаймыз. Жаңа заманды, өзгерген жағдайды жазбайды, революция жеңісін жырламайды, деп біржақты айыптауынан туып отырғандығын тура бұлтақсыз жеткізуі еді.
Батыл ой айта отырып, Ж.Аймауытов «Әдебиет сынмен көркейеді. Әдебиетке …күтім …сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз секілді жұртқа керек, өйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады» дейді. Осы пікірі арқылы барды бағалау қажет. Елге танылып, мойындалған ақын-жазушыларымызға қырын қабақ танытпай тәрбиелесек әдебиетімізде көркейеді деген байыпты ой айтады. Мағжанды әсіретапшыл сыншылардан қорғай отырып, бір сәт оның ақындық құпиясын ашып теңдессіз баға береді. Ол: «Суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады, Мағжанды ақындық жағынан сөзсіз суретші деп айтуға болады. Суретшілік жағынан Мағжанды сөзсіз Пушкинге теңеуге ауыз барады» деп ашық та, батыл жазды [14, Б.291]. Тума таланттың қабілетін, ақындық мұратын айқын түсінген Ж.Аймауытов Мағжанды «ұлт ақыны», өз ұлтын сүйе білген ұлтжанды ақын деп таныды. Оңды-солды сын жебесіне ілігіп, шаншу сөздерден көз ашпаған ескішіл, байшыл ақын атанған Мағжанға оның басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, азамат ретінде әділ сөз айтып араша түсті.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. КПСС съездерінің, конференцияларының және Орталық Комитет Пленумдарының
қарарлары мен шешімдері. Т. 2. 1917-1924. «Қазақстан» баспасы, Алматы. 1972. 580 б.
2 . бұл да сонда, Т.2.
3. Бектұрбекова Ф.К. Ұлттық поэзия падишасы. (Ұлы ақын Мағжан
Жұмабаевқа арналады) Алматы; 2001, 314 б.
4. Мұқанов С. Өмір мектептері. Екінші кітап. Алматы, 1955,
5. Еңбекші қазақ // 1927, 22 ақпан.
6. Қаленова Т.С. Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен қоғамдық — саяси қызметі
(1889 – 1931 жж.) Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертация. Алматы, 2001. – 179 б.
7. Еңбекші қазақ // 1925, 14 қаңтар.
8. Мұқанов С. Өмір мектебі. –Алматы: «Жазушы», 1970. — 471 б.
9. Елеукенов Ш. Мағжан. Өмірі мен шығармагерлігі. — Алматы, «Санат», 1995.
– 384 б.
10. Еңбекші қазақ // 1925, 31 қаңтар.
11. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1 – кітап. – Алматы: «Ғылым», 1997.
– 512 б.
12. Еңбекші қазақ // 1924, 19 желтоқсан.
13. Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. – Алматы: «Жазушы», 1960.
14. Бес арыс. Алматы, 1992.
Құрманғали ДӘРКЕНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры