Жұмабек КЕНЖАЛИН,
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы
Осы тақырыппен мақала жазуға отырғанда бұдан дәл 45 жыл болған әсерлі бір оқиға ойыма орала кеткені. Онда 1972 жылдың масаты маусым айы еді.
Өз тіршілігімен өзі әуре боп: қойын қоздатып, егін-жайын баптап-күтіп жатқан ел ішінде бір әңгіме гу-гу ете қалысты. «Олжас Сүлейменов келеді!». Сол-сол-ақ екен, ауыл ішін ретке келтіру, сырлау, сылау, әктеу, қоқысты қырат асыру, т.б. жұмыстар басталды да кетті.
Ауылдың Торғай өзені жақ беткейінде кішкене ұшақтар қонатын алаңқай бар еді. Дереу сол жер қонақтармен кездесетін орын ретінде таңдалды. Жүк машинасы әкелініп, соның бортында Олжекең ағамыз ауыл басшыларымен бірге тұрып сөйлейтін болды.
Ұлы Отан соғысына қатысушы қайыңдылық ардагерлер тобы. 1985 жыл.
…Қазақтың қанатты ақыны Олжас Сүлейменовтің сол кезде қырықтың о жақ, бұ жағындағы шағы екен. Күндей күркірете өлең оқыды. Осы жердің арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғады. Ауылдың күміс кеуде қазыналы қарттары «иә, иә… дәл солай» деп мақұлдасып отырады. Күн де сол сәттері қарайласып ашық болған. Жер әлем мамыражай шуақты еді. Ақынның әңгімесіне қаныққан жұрт сол кездесуден алған әсерін көрші ауылдағыларға, аяғы жетпей қалғандарға үстемелете қоса айтып жатты.
Олжекең ағамыз кездесу біткен соң Арқалыққа тартып отырмай, көше-көшелерді аралап, ақсақалдардың шаңырағына бас сұқты. Топты бастап жөн сілтеп жүрген сол жылы кеңшарға директор боп келген, қылшылдаған іскер басшы Раис Қаражігітов еді. Рекеңнің де оқыған-тоқығаны көп азамат екеніне кейін талай рет көз жеткізгем.
Бір ғажабы осы сапардан соң іле Олжас Сүлейменов «Казахстанская правда» газетіне «Березовая степь» деген тақырыппен мақала жазды. Ол газеттің 1972 жылғы 9-шілде күнгі нөмірінде жарияланды. Кейін ел ішін риза еткен сапарнама-эссе қазақтың белгілі жазушы-журналисі Жанболат Аупбаевтың аудармасымен республикалық «Ақиқат» журналында (1997 ж., №6) жарияланды. Ақын осы мақаласында аттары аталып өткен кісілер Иван Максимович Шестовецтің, Қаныкен Ықыласқызының, Мырзабек ақсақалдың, Сейдахмет ұстаның, Ыдырыс Смағұловтың энтузиазміне таң қалады, сүйсіне баяндайды. Бұлардың бірі кілем тоқып ұлттық қолөнерді дамытуға ұйтқы болса, бірі қаратемірді қамырша илейтін шебер болатын. Ал Иван Максимович қыста тракторшы, жазда қойшы болып, талайлы атақққа ие болған азамат. Осы мақала кішкене ғана Қайыңды ауылының даңқын шығарды! Онымен қоса сол ауылдың ажарын ашып отырған азаматтардың есімі республикаға мағлұм болды.
Міне, кезінде, осылайша ел ақынының қаламының ұшына ілініп, аты бүкіл республикаға тараған Қайыңды ауылы биыл өзінің құрылғанына 60 жыл мерекесін атап өткелі отыр. Осынау ізгі-ниеттің қолдау табуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының тікелей ықпалы болғаны анық. Осы мақалада «Туған жер» бағдарламасы туралы жан-жақты байыпты түсіндірілген. Онда: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» делінген. Сондықтан болар қазір жер-жерде өз өңірінің, ауыл аймағының тарихын оның тағдырына алаңдатушылық білдіретін әңгімелер жиі-жиі естілетін болды.
Қайыңды ауылының тұрғындарының да осынау өскелең, өрелі үндеуге үн қоссақ деген талпынысы қуантады. Ал Қайыңды жерінің тарихы сонау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан басталады. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдарында жалпы Торғай өңірі туралы шығып жататын үлкенді-кішілі зерттеу кітаптарында жарияланып, жазылып жүр. Соның деректемелік материалдары Қазақ Ұлттық энциклопедиясында, «Торғай елі» дерекнамалық кітабында жарияланған.
Қайыңды орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мейрамбек Молдахметов ініміз осы бір келелі шаруаға хал-қадерінше үлес қосып, ізденіс танытып келеді. Оның «Қостанай таңы» газетіндегі «Қайыңды» деп аталатын мақаласы осы киелі мекеннің кеңес дәуірі кезіндегі тарихнамасына шолу жасауымен құнды. Біздің пікірімізше осы бастама әрмен қарай өзінің жалғасын табуы керек деп ойлаймыз.
Қайыңды өлең жолдарына арқау болған қадірлі де қасиетті мекен. Оның осы ерекшелігі қазақтың белгілі ақыны осы ауылдың перзенті Бақыткерей Ысқақтың жыр жолдарында өрнектелген. Мәселен ақын туған жерге деген сағынышын былайша өрнектейді:
Жалаң аяқ ізім жатыр қырыңда,
Ойнақтаған ұқсап па едім құлынға.
Келіп-кетіп жүрсем-дағы бұрында,
Бүгінгідей көрінбеп ең Ұлыңа.
Бәрібір сенің жетпеймін ғой сырыңа,
Қоссам-дағы мәңгі өшпестей
жырыма.
Дақ түсірмей өту парыз арыма.
Мен тазамын,
Сен тұрғанда жанымда.
Қалды тұңғыш татқан тәтті
шырын да,
Алақанның ыстық табы бұрымда.
Асау сезім сіңіп кеткен құмына
Жастық күнім желбіреп жүр тұлымда.
Ғұмыр берген,
Өлең – Өрген.
Қайыңды!
Құйма құлақ қарттар
сөзін жаттағам,
Өшпестей ғып көкейіме сақтағам.
Шалқып, тасып,
ақылына тоқтағам,
Ақ бидайға тұңғыш өлең арнағам.
Емін еркін,
Торғай суын жалдағам,
Қара суық қалтыратсын, тоңбағам.
Өз үйімдей ауыл ішін шарлағам.
Аспан асты болмап еді тар маған,
Жолға салған,
Бағым болған.
Қайыңды!
Бұл, міне, елін сүйген соның болмысын өлең жолдарымен өрнектесем деген перзентінің шын сөзі, ақ-адал ниеті! Жарықтық Бәкең ағамыз туған жер тақырыбына көптеген жыр шумақтарын арнады. Ауылға барып арқаланып келетін еді!
Ал Самат Асқаров та Бәкең ағасынан қалыспай туған жерге деген сағынышын оқырманға өлең жолдарымен ұсынудан жалыққан емес. Ол былай дейді:
Қайыңды,
Ару Қайыңды.
Жатырсың бүгіп жайыңды.
Әлдилеп күндіз күніңді,
Тербетіп түнде айыңды.
Оларға оңды тұз-мекен,
Табиғат қалай тізді екен.
Қайыңға кейін айналған,
Әуелде әй-әй қыз бе екен.
Саяңда самал саулаған,
Әбжандар талай аунаған.
Жанардың жауын аласың,
Айдыным – аумай айнадан.
Сездің бе сонда жайымды,
Қайыңды,
Ару Қайыңды.
Толқынды тосырқағасын,
Тәк-тәк деп тұрғам тайымды.
Бұла дәуреніңмен табыстыратын, жылдар тасасынан қол бұлғайтын сағыныштың сыр пернесі осылайша өрнектеле береді.
* * *
Қазір әртүрлі себеппен: біреу ілім-білім іздеп, біреу қызмет қуып, біреу күнкөрістің қамымен қияннан кәсіп іздеп туған жерден жыраққа кеткен жағдайы бар. Олар толғауы тоқсан тіршіліктің қай арпалысында жүрсе де өзінің сонау қияндағы ауыл, ауданының тағдырын бір сәтке де қаперден шығармақ емес. Егер әрбір Алаш баласының көкейінде осындай ой қонақтап жатса бек қуанамыз.
Жасыратын несі бар, сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының өлара кезеңінде нарықтың қақпақылына түскен ауылдардың тігерге тұяғы болмай, малшы қауымның таяқ сүйеніп қалған жағдайы болмады емес, болды. Оны біз көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Еркіндік дегеннің рақаты осы екен деп кейбір атқамінерлер ата-бабалар жылдар бойы жинаған дәулетті оңды-солды шашты-ай кеп. Жекешелендіруді өзінше өлшеп-пішкен әкімқаралар әділдік, шындық дейтін ұғымдарды біржола ұмытып, қоғам ішінде дүрдараздық тудырды. Күні кеше бірімен бірі ағайындас, сырлас болып отырған азаматтар бір-бірімен атқұйрығын кесісіп, жауласып шыға келді.
Ал соның бар қиямет-қайымын қарапайым ғана малшылар мен диқандар, түгін тартса майы шығатын қара жерден өз несібесін айырып жүрген азаматтар тартты. Кезінде шағаладай алыстан көз тартатын ақшаңқан үйлер, мәдени-тұрмыстық нысандар болмашы ғана пұлға сатылып, соңынан есік-терезесіз қаңыраған, қауқары кеткен сақалды құрылыстарға айналды. Бұл енді өтпелі кезеңнің өлара шақтың шындығы!
Жуырда мен Қайыңдыдан хат алдым. Осындағы азаматтар Қайыңдыдан түлеп ұшқандарға үндеу жариялаған екен. Осы мақаланың басында атап өткенімдей қайыңдылықтар ауылдың іргетасының қаланғанына алпыс жыл толуына орай арнайы есеп-шот ашыпты. Ауыл тұрғындары өздерінің осы мерекесін лайықты атап өтпек. Есеп-шотқа түскен қаражат ауылдың мәдени тұрмыстық мұқтаждықтарына, өңірдің өркендеуіне жұмсалмақ. Соның басы қасында ауыл әкімі Жаңалық Минзятов жүр екен.
Мен мұны оқып отырып қатты қуандым. Бұл өзі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» деп аталатын мақаласымен үндес болғанына мерейлендім. Осы Қайыңды тұтастай бір дәуірдің куәгері еді ғой. Астық десеңіз астықты өндіріп, төскейін толтырып төрт түлікті өрбіткен ел азаматтарының қажыр-қайратына қашан да қайран қалатын былайғы жұрт.
Кезінде уақыт шіркіннің қақпақылына шыдас берген қайыңдылықтар бүгінде ертеңіне сеніммен қарайды. Әрине, ауыл орталығындағы ақшаңқан үйлердің сапы азайған. Қалаға кәсіп іздеп, тіршіліктің қамымен жүргендер де баршылық. Ал, бірақ осы өңірдің шын патриоттары жоқтан бар жасап, ауылдың туын желбірете берсек деген ниетте. Өйткені олар көп болып қолға алып, білек біріктірсе алынбас қамалдың болмайтынын жүректің көзінен өткізген. Сондықтан Қайыңды секілді ертеңіне ұмтылған ауылдар барда ел мен жерге ие болатын азаматтардың да өсіп жетілетініне сеніміміз зор!
anatili.kazgazeta.kz