Тамыз айының алғашқы аптасында елорда төрінде Қостанай облысының мәдени күндері өткен-тін. Осы шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің қорында сақтаулы тұрған құнды жәдігерлердің ішінен ерек экспонаттарды әкеліп, көрме жасады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана төріндегі сөреге жайғасқан сол жәдігерлер арасынан 1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановтың домбырасын көрдік. Домбыраның қордағы реттік нөмірі – 1619. Ұзындығы шамамен алты қарыс. Шанағының көлемі сопақша һәм қапталы, беті, сыртқы сауыр дүмі бөлек-бөлек шабылып, асқан шеберлікпен жымдастыра құрастырылыпты.
Перне тағылған қу мойнының шанақпен құйысқан тұсынан бастап қос шектің бітеу тұйығы бекітілген шегесіне дейін домбыраның сырты сүйекпен көмкерілген. Бір ерекшелігі – сүйек сәндік үшін жапсырылғаны болмаса, аспаптың саздық дыбыс-үніне ешбір қатысы жоқ сияқты. Мамандар солай дейді. Жасаушы шебер домбыраның сүйек көмкерілген қапталын үзбе иір өрнекпен сәндеп, қаптал жиегін жағалата сүйек түймемен шекіте бекіткен. Ал сыртқы дүмді шанағына жалпақ сүйекті ұзынша тіліп, әдемі қиюластырып, сауыр-қапталына ілмелі өрнек салған екен. Музей қызметкерлерінің айтуына қарағанда, домбыраның сыртынан кигізетін әсем қабы да болған көрінеді.
Бұл жәдігер 1960 жылдардың басына дейін бұрынғы Торғай облысындағы Амангелді Имановтың мемуарлық музейінде сақталып келген. Деректі марқұм, этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметовтің естелігінен алып отырмыз. Секең айтатын: «1961 жылдың күзінде Амангелді Имановтың мемуарлық музейінің директоры, атақты ақын Нұрхан Ахметбеков денсаулығына байланысты жұмыстан босап, орнына мен директор болып бардым. Қорда Торғай өңірінің тарихына қатысты дүниелер көп еді. Кешікпей облыс жабылып, музей экспонаттары Қостанайға көшірілетін болды. Мекемені жабу үшін Қостанайдан Павливский деген орыс келді. Сөйтіп, Амангелдінің домбырасы бастаған көптеген жәдігер облыс орталығы — Қостанайға жол тартты», — депті. Содан бері батыр атамыздан қалған жалғыз жәдігер Қостанайдың төрінде тұр.
Ерлан АЛТАЙ
www.egemen.kz