ЫРЫМ

Торғай. Ұмытпасам, 1993 жыл болса керек. Тамылжыған жаз айы еді. Ыбырай Алтынсарин атамыз негізін қалаған орта мектептің 3-сыныбында оқимын. Тал шыбықты ат қып мініп жүрген кезіміз. Кей-кейде ұзын көшеге тас кірпіш қойып қақпа жасап аламыз да, футбол ойнауға кірісеміз. Одан жалықсақ, бір-бірімізбен алысып-жұлысамыз-ай кеп. Сондай ойындар қызып жатқан кез еді. Біз тұратын Партизан (қазіргі С. Мәуленов) көшесінің қиылысындағы бұрышта тұрған үйдің маңайына бір топ ересек адам жиналып қалыпты.
Кенет, Қайыржан:
– Ананы қараңдар! Той болып жатыр ғой анау үйде. Қазір шашу шашады, жүріңдер тез, кәмпиттен құр қаламыз, – деді аптығып.
– Қайдағы, – деді Аян. – Ол жерде той болып жатқан жоқ. Жай, әншейін жиналып жатқан шығар…
– Бәлкім, барып көрерміз, – дедім мен.
Жаңалыққа, қызыққа құмар бала емеспіз бе, «ерттеулі» тұрған шыбық «атымызға» қарғып міне сала бір топ адам жиналған жерге шауып жеттік.
– Ағай, апай, мұнда не болып жатыр?! – дейміз ересектерге жарыса сөйлеп.
– Сонау Алматыдан ақын ағаларың Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков келді. Бұл көшеге Сырбай ағаларыңның есімін беріп жатыр. Шуламаңдар! – дейді үлкендер. Басқа балаларды қайдам, әйтеуір, бұл есімдер маған таныс еді.
Атақты ақындардың жүзін бір көру үшін үлкендерді кимелей араларына қойып кеттік. Әйтпесе, жоғарыдан қарау қайда, бойымыз жетпейді ғой.
Айтпақшы, біздің көшеден кейінгі келесі көшені Ғафу Қайырбековтің есімімен атапты. Кейін білдік, ол жерде де осындай кішігірім той болған екен.
Содан, әжелер қолдарындағы табаққа салынған түрлі кәмпит-пешене, құрт-ірімшіктен уыстап-уыстап алып шашу шашты. Манағы өзіммен келген балалар бар, өзгелері де шашылған шашуға жапа-тармағай бас салдық кеп. Түрлі жылтырауық қағаздарға оралған кәмпит, шоколадтардан көбірек жинап алуға тырысамыз. Өйткені, кейін бір-бірімізге айтып, мақтануға керек. Сол үшін де жанталасып бағамыз. Пешене, құрт, ірімшіктердің топырақ болып былғанып қалғанына да қарамаймыз. Аузымызға саламыз-ай кеп. Кейде үш-төрт кәмпитті қалтаға жасырып қалып, өзге балалар өз үлестерін жеп тауысқанда, қалтамыздан шығарамыз. Көрсетіп, қызықтырамыз…
Әйтеуір, ақын ағалардың жүзін көріп, шашудан алған тәттілерімізді жегенге мәз болып біз тұрмыз. Үлкен ағайлар, апайлар сөз сөйлеп жатыр. Біз мән бермейміз. Бала емеспіз бе, бізге бізге осында жиналған жұрт қызық көрінеді. Әйтсе де, неге екенін білмеймін, әйтеуір, мен ақын ағалардан көзімді алмаймын. Ересектердің сөздерінен ақындардың түр-тұлғаларын жаттап алғам. Сөйлеген кездерінде «Е-е, мына кісі – Сырбай, ал ана кісі – Ғафу болды ғой» деймін ішімнен. Осылай ойланып тұрғанымда, Ғафу аға Қайырбеков Сырбай ақынды құттықтау үшін сөз алды…
Біз мәз-мейрам… Аузымыз қимылдаудан бір босамайды. Мен де ащы құрттан жеп тұрмын. Кенет, Ғафу аға маған қолын созып:
– Балақай, құртыңды бере тұршы? – деді гүжілдеген даусымен. Мен қысыла-қымтырыла құртымды ұсындым. Қалай қысылмассың, егер құртымның тең жартысы желінген болса. Бірақ ақын аға бір тістеп, құртымды қайтып берді. Және де басымнан сипап қойды. Осы сәтте төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалған шығар-ау! Енді ше, қасымдағы тұрған балалардың көзінше үлкен ақын осылай істесе, мен үшін бұл – мақтаныш, қуаныш емес пе?!
Мен құртты іле-шала ауызға сала сап, үйге қарай құстай ұштым. Жаңағы оқиғаны үй ішіне дереу жеткізуім керек. Есікті серпе ашып, үй ішіне болған оқиғаны қаз-қалпында, бүге-шігесіне дейін айтпаймын ба?!
Қазақ ырымшыл халық қой. Үй іші де қуанып, жақсы ырымға балап жатыр. «Бәлкім, сен де Ғафу ағаң секілді ақын не жазушы боларсың…» дейді. Ал менде ес жоқ. Тап сол мезетте-ақ ақын болып кеткендей-ақ, қолыма қалам ала сап, жата қалып «өлең» жазамын. Бірақ жазған «дүнием» өзіме ұнамайтын сияқты… Ойыма оралған сөйлемдерді бірінің астына бірін тізе бергенмін бе, қалай?!
Үйдегі көп кітаптар ішінен Ғафу ағаның бір өлеңдер жинағын тауып алып, өзімнің «өлеңдеріммен» салыстырып қоямын. Менің жазғандарым құр әншейін, үйдегілердің «ақын не жазушы боларсың» дегендерінің, мақтағандарының буымен жазылған екен. Әйтпесе, ұйқас, ырғақ деген атымен жоқ.
Қазір ойлап отырсам, мұның өзі қызық дәурен екен. Бәрі де балалық қой.
Әке-шешемнің жоғарыда айтқан сөздері қамшы болды-ау деймін, содан бастап мен, Ғафу Қайырбековті өзіме үлгі тұттым. Кейін, бастауыш сыныптан өтіп, есейген соң, қара сөз, яғни шағын әңгімелер жазуға талаптандым. Әсіресе, балаларға арнап жазуға тырыстым. Өзім бала болған соң, маған балаларға арналған кітаптар қатты ұнайтын. Әрі біздің үйде ондай кітаптар мол еді. Әкем мен оқыған орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қырық жылға жуық уақыт сабақ берді. Білім беру ісінің үздігі. Өлең жазады. 2005 жылы «Жазушы» баспасынан «Көңілімнің шуағы» атты жинағы да шыққан. Бірақ кәсіби ақын деуден аулақпын. Қолы қалт еткенде ой өрнектерін жыр кестесіне түсіріп отыратын еді. Бүгінде «Торғайдың гимні» атанған, «мен – торғайлықпын!» дегендер сүйсіне шырқайтын «Туған жер – Торғайым» атты әннің сөзін жазған-ды. Жә, бірді айтып бірге кетпей, айтпақ болған ойымызға қайта оралсақ…
Біздің үйдің төргі бөлмесі құдды кітапхана дерсің. Балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың кітаптарын шетінен алып оқи беремін. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасынан», Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінен», Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқанынан», Машқар Гумеровтің және басқа да қаламгерлердің осындай-осындай шығармаларынан сусындадым. Бұдан кейін оларға еліктеп өзім де бірдеңе шимайлаймын…
Бір күні «Мойындау» атты тырнақалды шағын әңгімем дүниеге келді. Ол кезде 11-сыныпта оқимын. Сол әңгімемді әкеме көрсетейін. Ол таң-тамаша. Байқаймын, өзім жаздым дегенге сеніңкіремейтін тәрізді. «Біреудің жазған шығармасын көшіріп алып, менікі десең, ұят болады» деп қояды. Мен азар да безер боламын. «Олай болса, облыстық «Қостанай таңы» газетіне жолдап көр» деді содан соң. Мен төргі бөлмеге бардым да, тағы Ғафу Қайырбековтің кітабын қолыма алдым. Ойым — конвертке салынған, газет редакциясына жолдайтын әңгімемді ақын ағаның кітабының арасына салып қою. Таң атқан соң, поштамен жіберу керек. Өзімше ырымдаған түрім болар. Құдайдың құдіреті, сол әңгімем аталған басылымда жарқ ете қалды. Кейін тағы жолдаған бірнеше әңгімемді сол басылымның әдебиет бөлімінің меңгерушісі — белгілі қаламгер Дамир аға Әбіштің маған зор сенім артып жарқ еткізді. Сәт-сапар тілепті. Сондағы қуанғаным-ай!
Айтпақшы, сол «Мойындау» 2005 жылы балаларға арналған республикалық «Балдырған» журналына да жарияланды.
Міне, сол бала күнімнен бастап Ғафу ақын менің жүрегімде ерекше сақталып қалды. Халқымыз бекерден-бекер ырымдамаса керек, бүгінде қолымызға қалам ұстап, ептеп бірдеңе шимайлайтынымыз сол ақын аға аруағының қолдағаны шығар деп ойлаймын.

Иә, сол оқиға күні кеше болғандай әлі есімде…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *