Сенатта білім беруге қатысты жайттар қаралды

ҚР Парламенті Сенатында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімованың төрағалығымен өткен Үкімет сағатында орта білім берудің жай-жапсары талқыға салынды. Отырыс 2017 жылғы 22 қыркүйекте «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу келешегі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау ұсынымдарының іске асырылу нәтижелерін тыңдауға арналды.
108 мектеп салынып жатыр
Үкімет сағатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төр­тінші өнеркәсіптік револю­ция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» және «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауларында алға қойылған міндеттерді іске асыру туралы ақпарат жария етілді. Сенаторлар алдында баяндама жаса­ған Білім және ғылым министрінің орын­басары Эльмира Суханбердиева еліміз­де жаңартылған білім беру мазмұны бо­йынша 221 мың мұғалім арнайы даяр­лық­тан өткендігін айтты. Бұл – барлық мұғалімдердің 78 пайызы. Оған қоса Елбасы тапсырмасына сәйкес аталған педагогтердің еңбекақысына 30 пайыз үстемеақы төлене бастаған. Сонымен қатар биылғы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курс­тарынан өтуде. Оның ішінде 8 мың­нан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курс­тарда білім алуда. Олардың 5 мыңға жуы­ғы осы оқу жылынан бастап сабақ бе­ру­ге кіріскен. Ал ағылшын тілінің мұ­ға­лім­­дерін, психологтерді 2019 жыл­дан бастап онлайн әдісімен оқыту көзделген. Білім және ғылым министрлігі оқулық­тардың сапасы мен мазмұнына қатысты сын-ескертпелерден де қорытынды шы­ғарғанға ұқсайды.
– Атап айтқанда, оқулықтардың элек­тронды нұсқалары енгізілді, пәндік және республикалық комиссиялардың құ­рамы білікті мұғалімдермен, әдіс­кер­лер­мен толықтырылды, – деді Э.Суханбердиева.
Министрлік өкілінің айтуына қараған­да, қазір оқулықтарды 4 жыл сайын қайта ба­сып шығарудың тиімділігі талқылануда екен. Тағы бір атап өтерлігі, биылғы оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарға «Өлкетану» курсы енгізілмек. Қазір оқулығы әзірленіп, жергілікті атқарушы органдар оқулықты сатып алудың қамына кіріскен. Ал Елбасы тапсырмасына сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу басталған. Арнайы құрылған жұмыс тобының сараптауынан соң заң жобасы қоғамның талқысына ұсынылмақ.
Сонымен қатар Эльмира Суханбер­диева апатты мектептерді жою мен үш ауы­сыммен оқыту проблемасына да тоқталды.
– Үш ауысымдық мектептердің проблемасы экономикалық, демографиялық, миграциялық үдерістерге байланысты болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін біз жыл сайын 100-ден аса мектеп салып жатыр­мыз. Биыл 53 млрд теңгеге 108 мектеп салынуда. 3 жылдық бюджетте 97 млрд теңгеге 73 жаңа мектептің құ­ры­лысы қолдау тапты. Оның ішінде 50 млрд теңгеге бағаланған 34 мектеп бар. Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін 33 мектеп тұрғызылуда. Тағы 30 мектеп алдағы 3 жылда салынады. Оның 19-ы бөлінген 50 млрд теңге ая­сында қарастырылады. Оларды салу респуб­ликалық бюджет есебінде қолдау тапты. 41 мектеп жергілікті атқарушы органдар есебінен салынады. Ал 9 мектепті жеке­меншік инвесторлардың көмегімен тұр­ғы замыз, – деді Білім және ғылым министрінің орынбасары.
Білім және ғылым министрлігі елі­міз­де жекеменшік мектептердің санын арт­тыруға да мүдделілік танытып отыр. Қазір олардың үлесі 1,5 пайыз екен. Оның үстіне жаңадан мектеп салған инвесторлардың шығындарын өтеу мен білім беру процесін жүргізгендігі үшін мем­лекеттік тапсырыс бөлу қарас­тырыл­ған. Мәселен, бір оқушы үшін жылына 466 мың теңге төленсе, оның 231 мың тең­­гесі ин­вес­торлардың құрылысқа жұм­сал­ған шы­ғынының орнын толтыруға бағы­тталады. Елімізде 2020 жылдан бастап мектеп салуға қажетті қаражат өңірлерге бөлініп, соның нәтижесінде әрбір ауыл, аудан және қалалардың даму перспективаларына сәйкес мектеп салуды жергі­лік­ті ат­қа­ру­шы органдарға тапсыру жоспар­ланған.
Білім және ғылым министрлігі, сон­дай-ақ, келесі жылы барлық мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге, тіпті шалғай елді мекендердегі оқу орындарына ғаламтор желісін спутник арқылы тартып беруге құлшынып отыр.
Бала денсаулығы – басты назарда
Үкімет сағатында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты дерек­терді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой айтып берді. Оның мәлімдеуінше, оқушылардың тамақтану талаптарының орындалуын бақылау мақсатында төрт мыңнан аса мектептің асханасына тексеріс жүр­гі­зілген. Олардың нәтижесінде оқу орын­дарының асханаларында тағам­дар­дың сақталуы мен жарамдылық мерзімінің бұзылуы, тамақтандыру орындарының санитарлық жағдайы мен күтіп ұстау талап­тарының орындалмауы, ыдыс­тар мен тоңазыту құрылғыларының сұ­рып­­талмауы, қызметкерлердің жеке бас ги­гиеналарының сақталмауы және ме­ди­­циналық байқаудан өту мерзімінің бұ­зылуы сияқты деректер көптеп тіркелген.
– Тамақтандыру орындарының ие­леріне қатысты 3024 қаулы шығарылып, 67 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 291 адам жұмыстан босатылды, – деді А.Цой.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп «Мектеп асханасы» жобасын қолға алып, оқушыларды тамақтандыру орындарын мектеп басшылығы мен ата-аналар қоғамдастықтары арқылы бақылап отырудың жобасын әзірлеуде. Өйткені қолданыстағы заңнамаларға сәйкес санитарлардың барлық асхананы қамтып тексеруге шамалары да, құзыреттері де жеткіліксіз. Заңмен қорғанатын жеке кәсіпкерлердің жыл сайын 34 пайызы тексерістен тыс қалып келеді. Ескертусіз тексеру – заңға қайшы, ал бір ай бұрын ескертіп баруға дейін кәсіпкерлер көзге түсетін кемшіліктерін жойып үлгереді.
Шара барысында Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы тәжі­рибені тарату департаментінің директоры Гүлнәр Балғабаева да сөз сөйледі.
Сенаторлар да бұл талқылауларға қызу араласып, сайлаушыларын толғандырған мәселелер бойынша сауал қойды. Оның ішінде оқу үдерісіндегі өзгерістер, мек­теп­тердің қауіпсіздігі, педагогтерді қорғау, бірыңғай мектеп формасын ен­гізу, шағын жинақты мектептерді жабуға байланысты қызметінен босатылатын мұғалімдерді жұмыспен қамту, мектеп тағамдарының сапасы мен иіскейтін есірткі заттары және энергетикалық сусындардың таралуына байланысты балалардың денсаулығын қорғау сенаторларды толғандырған мәселелердің қатарында болды. Заң шығару және атқарушы билік салаларының өкілдері Елбасының орта білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған іс-әрекеттердің нәтижесін жұмыс барысында пайдаланатын болады.
Серік ӘБДІБЕК

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *