Қостанай облысында «7-20-25» бағдарламасы аясында 60 өтінім қабылданды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінде «Баспана» АҚ серіктестермен жұмыс департаментінің басқарма басшысы Бауыржан Қуанышев айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан бері 17 пайыздық өсіммен 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 60 өтінім қарауға келіп түсті.
Қазіргі кезде «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде Қостанайда 7 банк өтініштерді қабылдайды. Олар: Центр Кредит банкі, АТФ банкі, Цеснабанк, RBK банкі, Еуразия банкі, Халық банкі және ForteBank.
«Бағдарлама шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйдің құны төмендеді. Мәселен, 2 бөлмелі пәтер үшін 12 миллион теңге төлейсіз. Сонымен қатар, сатылатын тұрғын үйдің ең жоғарғы құны — 25 миллион теңге. Қостанай облысы бойынша 500 млн теңге сомасында 60 өтінім қабылданып, 370 млн теңге сомасында мақұлданды. Өтінім берушілердің көбі 25-35 жас шамасындағы, тұрақты ресми табысы бар адамдар», — деді «Баспана» БК АҚ серіктестермен жұмыс департаментінің басқарма бастығы Бауыржан Қуанышев.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, алғашқы жарнаны төмендету бойынша «Баспана» АҚ әкімдіктермен бірлесіп жұмыстар жүргізуде. Жергілікті атқарушы билік дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау қызметкерлеріне алғашқы жарнаның жартысын төмендететіп, «7-20-25» тұрғын үй сертификаттарын беретін болады.
Жиында айтылғандай, «7-20-25» бағдарламасы аясында Қазақстанда 55 млрд теңге сомасында 4 657 өтініш қабылданды.