Қостанай облысында психологиялық қолдау орталығы ашылды

Қостанайда елімізде баламасы жоқ психологиялық және қосымша білім беру өңірлік орталығы ашылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін облыстық Білім басқармасының басшысы Құсайын Кәткенов тілшілерді орталықтың жұмыс барысымен таныстырды. Бұл жобаның жүзеге асырылуына облыс бюджетінен 54 млн теңге бөлінген. Орталық басшысы Елена Петренконың айтуынша, қосымша білім беруді дамыту орталығы еліміз бойынша тұңғыш рет ашылып отыр.

«Басты мақсатымыз — балалар үшін психологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру, сондай-ақ, психолог мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қазір біз жас өскінге психологиялық кеңес беруден тыс, әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, әлеуметтік бағыттар бойынша да жұмыс істейміз. Бұл ретте Астана, Алматы және Ресейдің Санкт-Петербург, Челябі қалаларындағы озық тәжірибелерді негізге алып отырмыз», — дейді ол.

Орталықтың мамандары әдістемелік кеңес беру, семинар-тренинг, коучингтер өткізеді. Бала мен ата-ананың арасындағы мәселелерді шешу үшін арнайы бөлім де құрылған.

«Біздің ұжым енді жинақталып жатыр. Психологтар арнайы оқу курстарынан өтеді. Орталыққа тәжірибелі мамандарды шақырттық. Бүгінде суицидпен күрес күн тәртібінен түспей тұр. Былтыр облыс бойынша өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің 50 фактісі тіркелді. Өкінішке қарай, оның 12-сі қайғылы аяқталды. Міне, біздің орталық осы мәселемен күресуді күшейтетін болады», — деді облыстық Білім басқармасының психология бөлімінің басшысы Әсем Құлмағамбетова.

Психологиялық қолдау орталығында тәулік бойы 37-08-58 сенім телефоны жұмыс істейтінін айта кетейік. Онда мамандар балалар мен ата-аналарға кеңес береді.

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *